Бұл мақала Елбасының «Рухани жаңғыру» ұлт жоспарының дәстүрлі жалғасы іспетті. Өйткені Мемлекет басшысы мақала аясында “Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» дейді. Осылайша тарихқа, түп тұқиянға көңіл бөлуге шақырады.
Осыған орай Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і доценті Ляззат Динашева Түркістанның тарихы мен келешегіне тоқталды.
«Тұран, Яссы, Түркістан. Бұл ұғымдар қашанда күллі түркі халықтары үшін ұлық болып келген. Қазақ жұрты үшін тіпті ерекше. Ұлттық тағдырына қатысты шешімдер осы қалада қабылданып, төрткүл даламызға тарқады. Бүгінде қазақтың тарихи қайраткерлері мәңгілік мекен тапқан қасиетті орын. Өткен жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, өңірде 40-тан аса мәдени шаралар өтті. Түркістан – түркі халықтары бас қосқан бірнеше форум, ғылыми жиындарға арқау болды. Мәселен, күні кеше ғана Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өтіп, қалада халықаралық түркі академиясының ғылыми орталығы ашылатын болды», – деді Ляззат Сәрсенбекқызы.