Баспахананың ресми ашылу салтанатына аудан әкімі Н.Тұрашбеков, аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев және облысымыздың басылымдары мен телевизия басшылары қатысты. Заман талабына сай жабдықталған баспаханада аудандық газеттің кезекті нөмері басылып та шықты. Бүгінде онда 4 адам жұмыс атқарады. Жиналған қауым баспахананың жұмысымен танысып, оң бағаларын берді.
Жиынның жалғасы аудандық газеттің редакциясында жалғасты. Аудан басшысының құттықтау сөзінен кейін келген қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Олар аудандық көлемде алғаш ашылып отырған баспахананың мән-маңызын атап өтті. Және осындай газет ұжымына жасап отырған қамқорлығы үшін аудан басшысына алғыстарын жеткізді. Осы айтулы күні аудан әкімі Н.Тұрашбеков бір топ шығармашылық азаматтарға ауданның дамуына қосқан үлесі үшін «Түлкібас ауданына 90 жыл» медалімен марапаттады. Олардың ішінде ақындар Ә.Аралбайұлы, А.Боранбаев, «Шабыт» әдеби бірлестігінің төрағасы, ақын Е.Жүсіпбеков, аудандық «Шамшырақ» газетінің тілшілері К.Айтқұлов, О.Көмеков бар.
Алдағы уақытта Шымкент қаласында басылып келген газет, енді редакцияның баспаханасында басылатын болады.