Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев өңірдің туристік әлеуеті жоғары екеніне ерекше тоқталды. Сонымен бірге ол Түркістан облысын құру туралы Елбасының тарихи шешімі өңірдің дамуына тың серпін бергенін мәлімдеді.
«Түркістан қаласының өзі – ұлы құндылық. Шаһардағы Қ.А.Ясауи кесенесінің тарихи, архитектуралық әрі ғылыми тұрғыда мәні өте зор. Түркістанға көршілес елдермен бірге америкалықтар да, еуропалықтар да қызығушылықпен қарайды. БылтырТүркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілгенін білесіздер. Елбасының бұл шешімі өте дұрыс болғанын сарапшылар да, біз де көріп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы жуырда өз сұхбатында Түркістанды дамыту туралы ой бұрыннан бері көкейде жүргенін айтқан еді. Демек, бұл – әбден зерттелген стратегиялық маңызы бар шешім деуге болады. Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Мемлекет басшылығының, өңірлердің, ірі компаниялардың тікелей қолдауының арқасында Түркістан қазірдің өзінде түрленіп жатыр. Алдағы 2-3 жыл көлемінде Түркістан қаласы Қазақстанның мақтанышына әрі жауһарына айналарына сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Бүгінде Түркістанға келуші саяхатшылар саны арта түскен. Киелі әрі туристік орындарға апаратын жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жақсарту мәселесі де назарда тұрғанына тоқталған өңір басшысы туризм саласы басым бағытқа ие екенін мәлімдеді.
Сонымен бірге Ө.Естайұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бала құқығын қорғау, индустриалды аймақтарды дамыту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Арыс қаласын қалпына келтіру, Түркістанды көгалдандыру және суландыру бағытындағы өзекті сұрақтарға жауап берді.