Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан аумағында коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстарының барысы баяндалды.
Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде коронавирустық инфекцияның расталған 832 жағдайы тіркеліп, аурудың өршуі орын алып отыр. Індет облыстың барлық аумағында тіркелген. Сауығып шыққан науқастар саны 335.
Облыс бойынша қауіпті індетке қарсы емдеу шаралары үшін инфекциялық стационарларда 365 төсек орын, провизорлық стационарларда 1305 төсек орын, карантиндік орталықтарда 1185 төсек орын ұйымдастырылған. Жалпы, өңірде тәуліктік қуаттылығы 650 тестке дейін 4 зертхана жұмыс істеуде.
«Аймақта жағдай өте күрделі. Барлық аудандарда індетпен күрес мақсатында тиісті шараларды қолдануымыз қажет. Науқастар ауруханаларда орын және дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналмаулары тиіс. Ең бастысы, қазіргідей қиын сәтте облыстың барлық аудан, қалаларында және әрбір елді мекендерде карантиндік шектеу режимін күшейтіп, талапты қатаң түрде сақтауды тапсырамын. Атап айтқанда, тұрғындардың көшеге тек бетпердемен шығуын және халық көп шоғырланатын орындарда міндетті әлеуметтік арақашықтықты қатаң түрде сақтауды, облыста құрылған мобильді топтардың жұмысын жандандырып, жүйелі түрде жүргізілсін. Шектеу шараларын бұзып, заң бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғаларға түсіндіру шараларын, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік мессенджерінде кеңінен насихаттауды тапсырамын»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын нысандарға тексерулер жүргізу алгоритміне сәйкес Түркістан облысы аумағында 71 топ жасақталған. 6229 нысан араланып, карантин талаптарын бұзған – 1269 нысанға ескерту актілері берілген. Ескерту актілері берілгенімен, карантин талаптарын қайта бұзған 67 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды. Оның ішінде 45-і жергілікті атқарушы сот органдарына жолданып, соттың шешімімен 2 жеке тұлғаға 5 АЕК және 2 жеке кәсіпкерге 100 АЕК есебінде айыппұл салынған.
Атқарылған жұмыстар туралы Өмірзақ Естайұлына әрі қарай да жүйелі мәліметтер ұсынылады. Аймақ басшысы аталған жұмыстардың жүзеге асуына аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының тікелей жауапты екендіктерін ескертті.
Облыс аумағында коронавирустық инфекциясымен күрес жұмыстарының барысы қарастырылған аппарат мәжілісінде Мақтаарал және Төле би аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары мен осал топтағы азаматтарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау жұмыстарының барысы туралы да баяндалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі