Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап шықты. Өңір басшысы алдымен құрылысы жүріп жатқан «Turkistan» индустриалды аймағында болды. Мұнда Польша мен Түркия елдерінің инвесторлық компаниялары құрылыс заттары мен төмен қуатты созба сым өндіру желісін іске қоспақ. Жоспар бойынша бұл аумақта келер жылы тағы 10 өндіріс орны ашылады. Әлемдік тәжірибеге негізделе жасақталып жатқан индустриалдық аймақ 100 га. жерді алып жатыр. Алдағы уақытта оның аумағы үш есе артпақ. Өңірдің экономикасын арттыру бағытында индустриалдық аймақтардың жұмысы жүйеленіп, әрбір ауданның ерекшелігі мен мүмкіндігіне қарай дамитын болады.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы бастаған топ «Нұр-Сұлтан» алаңының алдында бой түзеген нысандарда атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Жаңа әкімшілік іскерлік орталығы мен Медиа орталығының ішкі безендіру жұмыстарын бақылады. Алматы қаласының тапсырысымен салынып жатқан нысанның жалпы көлемі – 3 мың шаршы метрді құрайды. Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында Қостанай облысының тапсырысымен «Неке сарайы» салынуда. Оның жалпы аумағы – 0,36 га. Көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Өмірзақ Естайұлы құрылыс барысын қадағалап, жұмыстардың талапқа сай жүріп жатқанына куә болды. Бұдан бөлек, аймақ басшысы көгалдандыру жұмыстарының барысын бақылады. Кентау тасжолының бойына отырғызылған көпжылдық ағаштар Түркістанды жасыл аймаққа айналдырады. Көгалдандыру мақсатында ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру маңызды болғандықтан, жаздың аптап ыстығында егілген ағаштар мен гүлдер, шалғындарға су жеткізу үшін қаланың бірнеше бағытынан келетін каналдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр.