Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Асқар Кенехан аудандағы 107 жастағы Көшкінбаева Күміс пен 102 жастағы Тәжібаева Қарашаш әженің шаңырағында болып, халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Бір ғасырды көрген екі әжейге мерекелік сый-сияпат жасап, иықтарына орамал жапты.
Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында кенже ұлының қолында тұратын Қарашаш Тәжібаева 1920 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты батыр ана 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қарашаш әже жастайынан еңбекке ерте араласып, кеппен шауып, жер жыртып, ауыр жұмыстарды атқарған. ҰОС-ы жылдары тоқыма тоқып, майданға түрлі киім-кешектер жіберіп отырған. Тыл еңбеккері, Жеңістің 50,60,65,70,75 жылдығы мерекелік медалдармен марапатталған.
Ал Алмалы ауылындағы Көшкінбаева Күміс әже 60 жастағы кенже ұлының қолында тұрады. Күміс әженің тұңғышы 85 жаста. Жастайынан сауыншы болып жүріп 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Күміс әженің 60 немере, 38 шөбере, 28 шөпшегі бар.
Жалпы аудан көлемінде 100-ден асқан 6 әже ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында ғұмыр кешуде.