Түркістан қаласында тұңғыш рет өткізілген «Тәуелсіздіктің бесігін тербеткен аналар» атты форумының жалғасы бірінші болып Сауран ауданынан бастау алды. «Аналар» республикалық журналының редакторы Ажар Момбектің ұйымдастыруымен өткен «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» атты іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Жанғазиев Ербол Ұласбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Сауран ауданы әкімі Құрмашұлы Ғани Рысбековтың атынан арнайы алғыс хаттарымен, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңестің төрағасы Садуов Талғат арнайы алғыс хаттарымен Сауран ауданының от басы ошақ қасында жүріп-ақ түздің қамын жайлап, сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелеуде еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан бірақатар аналарымызды марапаттады.
Салтанатты шарада Ажар Момбек «Қазақстан аналары» энциклопедиясына енген аналарды «Ұмай ана», «Гаухар ана», «Домалақ ана», «Қарашаш ана», «Қарқабат ана» төсбелгілерімен марапаттап, энциклопедияны тарту етті. Риза болған әжелеріміз, аналарымыз өз тілектері мен алғыстарын айтып, ақ жаулықтарын тарту етті.
Сондай-ақ шарада Сауран Аудандық Мәдениет Үйі қызметкерлері өз өнерлерін көрсетіп, аналарымызға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.