«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ордабасы ауданында қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған акцияға аудан тұрғындары, жастар мен еріктілер белсенді атсалысуда. Аудан көлемінде экологиялық акция басталғалы бүгінгі таңға дейін 30-ға жуық ауқымды сенбілік өтті. Осы уақытта 1 100 шақырымға жуық көше бойлары тазаланып, 393,4 тонна қоқыс шығарылған.
Сонымен қатар, 17 275 тал түптері әктеліп, 18 шақырым өзендердің, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланған. Сондай-ақ, 14 000 шаршы метр үй қасбеттері мен 44 аялдама сырланған. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін 25 100 дана ағаш, бұталар қырқылған. Жалпы сенбілікке 11 945 адам қатысып, 100 техника жұмылдырылған.
Ауданда «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ тарапынан берілген 18075 түп ағаш көшеттері толығымен отырғызылды. Абаттандыру жұмыстары бойынша Темірлан елді мекеніндегі жол белгілері сырланған.