Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді айтуда. Қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына халықтың көзі жеткендей.
Мамандар зерттеуінше бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Сонда, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады.
АЭС жайлы қоғамда әртүрлі пікір бар. Болашақта электр қуатына тәуелділік артып, электр көзін пайдалану ақысы артады деп жатыр. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу туралы шешім қабылданатын уақыт келді деп ойлаймын.
Кәдірхан Маханбетов Отырар алқабы газетінің бас редакторы