Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аудан орталығында жоғары деңгейде аталып өтті. «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты шара халықтың батыр бабалар рухына деген тағзымы мен құрметінің айғағына айналды. Салтанатты іс-шара зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер мен жастардың қатысуымен ауданның Орталық саябағында өтті. Шара саябақта арнайы ұйымдастырылған көріністермен басталды. Саябақ аумағында зұлмат жылдарды еске түсіретін әскери шатырлар құрылып, аудан өнерпаздары соғыс тақырыбында әсерлі сахналық қойылым көрсетті. Мемлекеттік Әнұранның асқақ әуенімен жалғасқан іс-шарада майдан даласында жанын пида еткен қаһармандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етіліп, саябақтағы ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Мерекелік жиын Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ашылу салтанатында аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп «Ер басына күн туып, етігімен қан кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» сұрапыл жылдардағы батыр бабаларымыздың өлшеусіз ерліктері ешқашан ұмытылмайды»-деп , батыр бабаларымыздың ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбектің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ұлы Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ардагерлерге бұл құрметті марапатты аудан басшысы арнайы табыстады.
Шара барысында, облыстық мәслихат депутаттары Дулат Әбіш, Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков сөз кезегін алып, жиналған қауымды Ұлы Жеңістің мерейтойымен құттықтап, жастарды бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш ауданымыздан шыққан Ұлы Отан соғысының Батырлары жайлы тың деректерді ортаға салды. Айта кетейік Ордабасыдан Берген Исаханов, Бейсен Оңтаев, Қарсыбай Сыпатаев, Сыдық Ысмайылов сынды жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанған. Ал қазіргі күндегі облыстағы 8 Отан соғысы ардагерінің біреуі ауданымыздағы соғыстың соңғы солдаты Қалмен Мұратов ортамызда. Келесі кезек жақында республикалық ән байқауында жеңіске жеткен аудандағы «Дарын» тобының патриоттық «Қазақ елі» әніне беріліп, жүргізуші барша жұртқа іс – шараның «Самұрық» аллеясында жалғасын табатынын мәлімдеді.
Адамзат тарихында орны ерекше, ең зұлмат, ең қасіретті кезеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысы. 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына шабуыл жасап, 1418 күн мен түнге созылған алапат соғыс басталды. Бұл соғысқа бүкіл КСРО елдерімен қатар Қазақстан да белсене қатысты. Соғыс қазақ халқының ерлігі мен елін, Отанын сүю қасиетін айқын көрсетті. Ұлы Отан соғысы – тек тарих емес, әр қазақтың жүрегіне жазылған ұлы шежіре. Соғыстың басталуы мен сипаты. Фашистік Германияның басты мақсаты – Кеңес Одағын басып алып, жерін иемдену, халқын құлға айналдыру болды. Олар «Барбаросса» жоспары бойынша КСРО-ны небәрі бірнеше айда жеңеміз деп үміттенді. Бірақ олар Кеңес халқының бірлігін, төзімділігін, рухының мықтылығын есепке алмады. Ел бір тудың астына жиналып, Отан үшін жанын пида етуге дайын екенін көрсетті. Қазақстан – майдан мен тыл тірегі. Қазақстан соғыс басталған сәттен-ақ майдан мен тылда үлкен рөл атқарды. 1,2 миллионнан астам қазақстандық майданға аттанып, оның жартысы туған жерге оралмады. Әр отбасынан кем дегенде бір адам соғысқа қатысты. Елдегі әрбір ауыл, әрбір үй соғыс жаңғырығын сезінді. Әйелдер ерлердің орнын басты – жер жыртып, астық орып, зауытта жұмыс істеді. Балалар еңбек армиясының бір мүшесіне айналды. Қазақстан аумағында 12 атқыштар дивизиясы, 7 атты әскер дивизиясы, 4 ұлттық бригада құрылды. Атап айтқанда, 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор Иван Панфилов басшылығымен Мәскеу түбінде ерлікпен шайқасты. Осы дивизия қатарында болған Бауыржан Момышұлының аты аңызға айналды. Ерлік пен батырлықтың жарқын үлгілері. Қазақ халқы Ұлы Отан соғысында тек санмен емес, рухымен де жеңіске үлес қосты. Бір ғана мысал – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова. Олар – қазақтың ержүрек қыздары. Әлия – мерген, Мәншүк – пулеметші ретінде майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Екеуіне де Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар Талғат Бигелдинов, Сұлтан Баймағамбетов, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев сияқты көптеген ерлеріміздің есімі алтын әріппен жазылды. Рақымжан Қошқарбаев – 1945 жылы Берлиндегі Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері. Бұл – соғыстың аяқталғанының, фашизмнің жеңілгенінің символына айналған тарихи сәт болды. Тылдың да еңбегі – ерлікке тең. Майданның артында мызғымас тыл тұрды. Қазақстан тыл еңбеккерлері үшін үлкен орталыққа айналды. Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей сынды қалаларда әскери зауыттар, госпитальдар, әскери оқу орындары ашылды. Ауыл әйелдері, қариялар мен жасөспірімдер таңның атысы, күннің батысы еңбек етті. Олар майданға азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жеткізіп отырды. Қазақ даласы 1 миллионнан аса эвакуацияланған адамды қабылдады. Солардың ішінде өнер адамдары, ғалымдар, жазушылар да бар. Алматы қаласы соғыс кезінде КСРО-ның мәдени орталықтарының біріне айналды. Жеңістің құны – миллиондаған өмір. 1945 жылдың 9 мамыры – адамзат тарихындағы ең ұлы күндердің бірі. Бұл – бейбіт өмірдің қайта оралған күні, әділеттің жеңіске жеткен күні. Бірақ бұл Жеңіс оңай келген жоқ. Кеңес Одағы 27 миллионнан астам азаматынан айырылды. Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің жартысына жуығы оралмады. Бұл – әр отбасына түскен қайғы, әр жүректе қалған жара. Бүгінгі ұрпақтың парызы. Бүгінгі бейбіт күн – сол жауынгерлердің арқасы. Олардың ерлігі, төзімі, отансүйгіштігі – біз үшін мәңгілік үлгі. Сондықтан да Жеңіс күнін атап өту – тек бір мереке емес, бұл – батырларға деген құрмет, тарихи жадымыздың жаңғыруы. Біздің міндет – сол ерлікке лайық болу. Батырлардың есімін ұмытпау, тарихты бұрмалауға жол бермеу, бейбітшілікті сақтау – әрбір жас ұрпақтың борышы. Мектеп оқушысы болсын, студент болсын, әрбір қазақ баласы тарихын біліп, бабалар жолын ардақтауы тиіс.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары артта қалса да, оның зардабы мен әсері халық жүрегінен ешқашан өшкен емес. Сол сұрапыл соғыстың қасіретін көрген, өмірін құрбан етіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған – соғыс ардагерлері. Бүгінгі тәуелсіз елдің әрбір азаматы үшін сол ардагерлерді құрметтеу – адамдық борыш, азаматтық парыз, ұлттық міндет. Ардагер – тарихтың тірі куәсі. Ардагер – бұл тек қарт адам ғана емес, ол – тарихтың өзі, ел шежіресінің тірі куәсі. Ардагерлердің әрбір сөзі – сабақ, әрбір естелігі – өнеге, әрбір ерлігі – ұлттың мақтанышы. Олардың көзінде – соғыстың оты, кеудесінде – Жеңістің нышаны, ал жүрегінде – елге деген шексіз сүйіспеншілік бар. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан майданға 1 миллионнан астам азамат аттанды. Олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. Қалғандары қан майданның қаншама қасіретін арқалап, ауыр жарақатпен елге келіп, өмір бойы ауыр еңбектің үстінде жүрді. Сол батырлар – біз қадір тұтатын ардагерлеріміз. Ардагерлер – бейбіт өмірдің тірегі. Бүгінгі бейбіт аспан, тыныш өмір, тәуелсіз ел – бәрі сол ардагерлердің арқасында. Олар ұрпақ үшін, ел болашағы үшін жанын шүберекке түйіп, от кешті. Қару асынып, майдан шебінде қан кешкен олар жеңісті жақындатты. Қайғы мен азапты, аштық пен мұқтаждықты бастан өткеріп, елге оралып, бейбіт өмірдің іргесін қалауға кірісті. Кейбірі ұстаз болды, кейбірі дәрігер, егінші, құрылысшы – бәрі де еліне адал қызмет етті. Олардың мойнында екі ауыр жүк болды: бірі – соғыс, екіншісі – елді қайта қалпына келтіру. Сол ауыр жүкті арқалаған ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те, артық емес.
Қазақ халқының құрмет көрсету дәстүрі. Қазақ халқы «Қариясы бар үй – қазыналы үй» дейді. Қарттарын құрметтеп, үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсеткен ұлт ешқашан азып, тозбаған. Әсіресе, ардагерлерге деген көзқарас – ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Қазақстанда Жеңіс күні жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Бұл – ұлттың батырға бас иетінінің белгісі. Ардагерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі, олардың есімдері көшелерге, мектептерге беріледі. Мектеп оқушылары мен жастар ардагерлермен кездесулер өткізіп, естеліктерін тыңдайды. Осындай іс-шаралар арқылы жастар батырлық пен отансүйгіштікті бойына сіңіреді. Ардагерлерді ұмытпау – ұрпақ аманаты. Кейінгі ұрпақ үшін ең маңыздысы – ардагерлерді ұмытпау. Бүгінгі таңда сол соғыс көрген жандардың қатары сиреп барады. Жыл өткен сайын олардың даусы бәсеңдеп, бейнесі тарихқа айналуда. Бірақ олардың есімі – мәңгі жадымызда. Біз оларды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ардагердің қабағындағы әжім, кеудесіндегі медаль, қолындағы діріл – соғыстың ізі. Олар үшін “Жеңіс” деген сөз – тек мейрам емес, бұл – көз жас, бұл – қан, бұл – шексіз күрес пен төзімнің символы. Сондықтан біз тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де оларға қамқор болып, көмектесіп, тілектерін тыңдап, құрмет көрсетуіміз қажет. Соғыс ардагерлерін ардақтау – тарих алдындағы, ұлт алдындағы, болашақ алдындағы жауапкершілік. Біз олардың жасаған ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – біздің рухани тазалығымыздың, патриоттығымыздың және азаматтығымыздың белгісі. Бүгінгі азат елдің әрбір перзенті ардагерлерге қарап, өзінің елге деген сүйіспеншілігін оятуы тиіс. Ардагерлердің өмір жолы – ұрпаққа өнеге, тәлім, әрі рухани сабақ. Бейбіт өмірдің әрбір күні үшін біз оларға қарыздармыз. Олардың ерлігін ұлықтау арқылы біз елдігімізді асқақтатамыз.
Бейбіт өмір – баға жетпес бақыт. Адам баласының тарихына көз жүгіртсек, әрбір ұлт пен халықтың өмірінде соғыстар мен қантөгістердің болғанын көреміз. Бүгінгі күні тыныш ұйықтап, таңды еркін қарсы алып, өз еркімізбен білім алып, жұмыс істеп, саяхаттап, өмір сүруіміз – баға жетпес байлық. Бұл – бейбіт өмірдің сыйы. Сондықтан да бейбіт өмірді бағалау – әр адамның, әр ұрпақтың рухани борышы мен азаматтық міндеті. Бейбітшілік – ұлт болашағының кепілі. Бейбіт өмір дегеніміз – соғыссыз, қантөгіссіз, тыныш өмір. Ол тек тыныш аспан мен жауынсыз күн ғана емес, ол – елдің бірлігі, халықтың өзара татулығы, еркін өмір сүруге мүмкіндік. Бейбітшілік болған жерде ғана даму бар, білім бар, ғылым бар, өнер мен мәдениет өркендейді. Жастар еркін білім алады, армандап, мақсат қойып, болашаққа сеніммен қарайды. Керісінше, соғыс жүрген елде тек қирау, қайғы, қасірет бар. Ондай елдің халқы күн сайын қауіп пен үрей ішінде өмір сүреді. Олар үшін таңның атысы мен күннің батысы – белгісіздік пен үмітсіздік. Демек, бейбіт өмір – адам баласының ең басты қажеті, ең қасиетті игілігі. Тарих сабақ береді. Өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы – бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін дәлелдеген тарихи сабақ. Миллиондаған адамның өмірі қиылды, отбасылар қайғы шекті, ұрпақ жетім қалды. Жеңіс оңай келген жоқ – әрбір метр жер үшін мыңдаған жауынгердің қаны төгілді. Сол жеңісті жақындатқан батырлар – бізге тек Отанды ғана емес, бейбіт өмірді де сыйлады. Қазіргі күні біз соғыссыз елде өмір сүріп отырған болсақ, бұл – сол ардагерлердің ерлігі мен қанымен келген бақыт. Қазіргі әлем және бейбітшіліктің маңызы. Өкінішке қарай, қазіргі әлемде әлі де соғыс пен қақтығыстар жалғасып жатыр. Түрлі елдердегі азаматтық соғыстар, мемлекетаралық жанжалдар мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған жанды босқынға айналдырып отыр. Бұл жағдайлар бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы да дәлелдейді. Қазақстан – бейбіт саясатты ұстанатын ел. Біздің еліміз ұлтаралық татулықты, дінаралық келісімді, төзімділік пен бірлікті басты құндылық ретінде насихаттайды. Бұл – ел болашағының кепілі. Бейбіт өмірді бағалау – ұрпақ парызы. Бүгінгі жастар бейбіт өмірдің қадірін түсінуге тиіс. Олар мектепте еркін білім алып, армандарын еркін айтып, өз еркімен болашақ мамандығын таңдай алады. Бұл – көптеген елдер үшін қолжетпес арман. Сондықтан жастар ата-бабаларының бейбіт өмір жолында еткен еңбегін ұмытпай, өз елінің тәуелсіздігін сақтауға, бірлікті нығайтуға үлес қосуы керек. Бейбіт өмірді бағалау – оны сақтау арқылы жүзеге асады. Ол үшін әр адам өзінің айналасына мейірімді болуы тиіс, өзге ұлтты, өзге дінді сыйлай білуі қажет. Отбасында, мектепте, қоғамда татулықты сақтаған ел ғана бейбіт өмірге лайықты. Қорыта айтқанда, бейбіт өмір – адамзаттың ең қымбат қазынасы. Ол тек бір күндік емес, әрбір күн сайын бағалануға тиіс. Бейбіт өмір бар жерде ғана болашақ бар, бақыт бар, дамыған ел бар. Сондықтан бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымыз – үлкен бақыт. Осы бақытты бағалай білейік!