Өткен жылдың қараша айында «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы Каринованың Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында партияның облыстық филиалы жанынан Әйелдер қанаты құрылғанын хабарлаған болатынбыз. «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әйел азаматтардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуын кеңейтуде Әйелдер қанатын құру жөнінде бастама көтергені белгілі.
Партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жұмысын жүргізу – Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваға жүктелді. Бүгінге дейін жаңадан құрылып жатқан ұйымның алдағы міндеттерін белгілейтін іс-шаралар тізбектері түзіліп, іс-құжаттарының жобалары әзірленді.
Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласын талқылау және партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар мәжілісте қаралатын мәселелер мен жиынның жұмыс регламентін бірауыздан қабылдады.
Қазақстанның жаңа саяси мәдениеті шеңберінде әйелдердің қоғамдағы рөлін ілгерілету мақсатында құрылған Әйелдер қанатының жұмыс бағдарларын түсіндіріп өткен Қалыйма Жантөреқызы, Мемлекет басшысының еліміздің ата басылымына берген сұхбатында еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты ұстанымын жария еткенін атап өтті. «Қазақстан Республикасының Президенті өзінің кең көлемді сұхбатында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі саналатын ұйым болғандықтан, өңірімізде құрылған Әйелдер қанатының алғашқы кеңейтілген отырысын Мемлекет басшысының сұхбатын талқылаудан бастауды ұйғардық», – деп атап өтті Қалыйма Жантөреева.
Президент сұхбатында айтылған ойлар мен айқындалған міндеттер бойынша Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаеваның баяндамасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекованың, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әдемау Толысбаеваның, «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенованың хабарламалары тыңдалды. Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселе бойынша өзара пікір алмасып, ой тұжырымдарын жеткізді.
Жиында қаралатын екінші мәселе бойынша кең көлемді мағлұмат берген Қалыйма Жантөреқызы Әйелдер қанатының қызметі 10 басымдық бағытты қамтитынын, оның қызмет арнасы әйелдердің әлеуметтік, құқықтық және басқа да проблемаларын шешуге бағдарланатынын атап өтті. Әр бағыт бойынша қоғамда өзіндік орны бар, белсенді азаматшалар бағыт жетекшілері болып бекітіліп, әрі қарай әр бағыт тізбегінде 8-10 адамнан тұратын жұмыс топтары құрылатынын мәлімдеді.
”AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының: «Әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау» бағытына – партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева; «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Жанар Темірбекова; «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға көмектесу» бағытына – Түркістан облыстық оқушылар сарайының директоры Индира Икапова; «Еңбекті қорғау және өндірістегі әйелдердің қауіпсіздігі» бағытына – «Түлкібас әк зауыты» ЖШС директоры Перизат Абдыбекова; «Психологиялық қызмет институтының дамуына ықпал ету» бағытына – «Ұлы Дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева; «Ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу» бағытына – «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Қуаныш әлемі» балабақшасының негізін қалаушысы Салтанат Төлегенова; «Заң жобаларының гендерлік сараптамасын ұйымдастыру» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Жазира Исаева; “Инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу» бағытына – Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Ақмарал Құдайбергенова; «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» бағытына – «Қуаныш» ЖШС директоры, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева; «Әйелдердің денсаулығы мен отбасы құндылықтарын насихаттау» бағытына – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Әдемау Толысбаева жетекшіліп етіп, үйлестіретін болды.
Мәжіліске қатысушылар Әйелдер қанатының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын жан-жақты қарастырып, онда қамтылған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу мәселелерін талқылады. Түркістан өңірі қыз-келіншектерінің салт-санаға берік қасиеттерін жан-жақты қолдау, іскерлік қарым-қабілетін шыңдау, тәлім-тәрбиелік ізгілік мұратын ілгерілету мәселелері партияның тұрақты бақылауында болатыны мәністеліп, мазмұндалды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі