Шардара қаласында асық ату спортынан ересектер арасында Түркістан облысының чемпионаты мәресіне жетті. Ұлттық спортымыз саналатын асық ату сайысына 7 ауданның құрамасы қатысты.
Тартысты сайыста Түлкібас ауданының жігіттері командалық есеп бойынша 1 орынды жеңіп алды. Ал, Шардара құрамасы 2 орынға жайғасса, жүлделі үштікті Созақ ауданының командасы қорытындылады.
Сонымен қатар, бес асықтан әйелдер арасындағы жекелей сайыста мықтылар анықталды. Бұл бәсекеде Қазығұрт ауданының аруы Камила Батырбекова жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орын Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің шәкірті Фариза Мемековаға бұйырса, ал қола жүлде қазығұрттық Фарида Төлепбергеноваға тиді.
Асық атудан Түркістан облысының аға бапкері Оралхан Айдарханұлының айтуынша, облыстық чемпионаттың негізгі мақсаты -шеберлігімен көзге түскен саңлақтарды іріктеп, республикалық чемпионатқа дайындау.