Мемлекет басшысының ұлттық құрылтайдағы тұжырымдамасына сәйкес, республикалық деңгейде өтіп жатқан «Таза қазақстан» экологиялық акциясы бір реттік науқан емес. Әрқашан маңызын жоймайтын қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту, таза, көрікті, ретті ортада өмір сүру мақсатындағы бұл акция толассыз жалғасуы тиіс.
Ауданымызда қарқынды жүріп жатқан санитарлық тазалық жұмыстары бүгінгі кезекте Темірлан елді мекенін кесіп өтетін қасиетті Арыс өзенінің жағасында ұйымдастырылды.
Сенбілікке аудан әкімі аппараты мен дербес бөлімдердің, Аманат партиясың, Таза су және Темірлан абаттандыру мекемелерінің, аудандық орталық аурухана мен аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және жастар мен ардагерлер жұмылдырылды.
Сенбілік аудан халқының тазалық жұмыстарына белсенділігі мен құлшынысын арттыру бағытында арнайы ұйымдастырылған іс-шарамен бастау алып, аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Лесбек Жүсіп сөз сөйлеп, аудан халқын экологиялық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтауға, мұндай игі жұмыстарға әрдайым белсенді болуға шақырып, үндеу тастады. Сенбілікке белсене атсалысқан қатысушылар атақты Арыс өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты.
Сонымен қатар тазалық шаралары жалпы аудан көлемінде атқарылып басқа ауыл округтерінде де жаппай сенбіліктер жүргізілді. Тазалық акциясына жалпы аудан бойынша 1200 ден астам адам жұмылып, арнайы техникалар тартылды.
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған аса маңызды бұл іс- шара ұдайы жалғасын табатын болады.