Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ленгір қаласындағы «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің ашылу рәсіміне қатысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған. Орталықта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жұмысқа орналастыру бойынша кеңестер мен ұсыныстар берілетін болады. Сондай-ақ ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінеді. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты – мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру.
Осы орталықтың жанында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мейірім» орталығы жақын күндері өз жұмысын бастайды. Бұл орталық 3 пен 15 жас аралығындағы церебралды паралич, яғни сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған. Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар. Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, невропатолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді. Орталық жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі өңірдегі ерекше балаларға барлық жағдай жасалатынын және осындай орталықтардың өзге де аймақтарда салынуын қолдайтынын айтты.
Адамзат баласы мына қара жерде пайда болғалы беріне бір оқылым заманалар өтіп, қаншама ұрпақтар жалғасын табуда. Алайда, өзге жаратылыстардан адамзат баласы ақылды сана–сезімі күшті болғанымен нағыз әділетті, нағыз мамыражай қоғам құра алмай келеді. Адам баласы өмірге бір–ақ рет келеді. Бұл жалған ешкімге мәңгілік, тұрақты емес. Әркім жарық дүниеде еркіндік пен бостандықта өмір сүргісі келеді. Әрине, адам жалғыз өмір кеше алмайды, қоғамдасып өмір сүреді, қоғамның белсенді субъектісі. Адам қоғамдық құрылымда, оның бірлігінде, институттарында, ұйымдарында, әрекет ететін шешуші тұлға. Сөйтіп, адам біртұтас, әлеуметтік жүйеге яғни, қоғамға бірігіп өмір сүреді. Алайда, қоғам деген құпиясы терең, күрделі материя. Қоғам деген түсінікті нақтылай түссек, қоғам деп бірігіп еңбек ететін жеке адамдардың жиынтығын және олардың арасындағы екі жақты қатынасты айтамыз. Нақты айтқанда қоғам адамар алық қатынастарды реттей отырып, адамның өмір сүруі мен дамуына материалдық жағдай жасайды, әрі рухани–мәдени құндылықтарды жасаудағы өзара байланыстарды реттейді. Қоғамдық қатынас өте күрделі әрі ерекшеліктерге толы. Ол – адам өміріндегі экономикалық әлеуметтік, саяси, мәдени салаларын реттейді, қоғамдық қатынас түрлерін жасайды. Соған қарамай өмір сүреді. Бұл ерекшеліктерсіз қоғам өмір сүру мүмкін емес. Жаратылы сәлем де, яғни табиғат және хайуанаттар да мен өсімдіктер де өмір сүріп олар да өз қағидаттарымен өмір кешуде. Олардың да өмір сүру заңдылықтары бар. Өмір сүру үшін талас–тартыстары жетерлік. Мысалы, биік ағаштар күн сәулесін өзі жұтып, пәстеріне жұтқызбайды, күшті хайуандар әлсіздеріне зорлық көрсетеді, т.т. Сол секілді адамдар да егер қоғамдасып, тәртіп орнатпаса, солар секілді, тіпті олардан да асып түсетіні шындық. Қоғам дегеніміз адамдар арасындағы тарихи қалыптасқан саяси–әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың тұрақты жүйесі. Адамзат баласы пайда болғалы топтасып өмір сүріп кележатқаны тарихтан белгілі. Сонымен, қоғам белгілі бір өмірлік қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандыру үшін бірігіп еңбек ететін адамдардан құралады. Қоғамның ең кішкентай бөлшегі – отбасы. Философия және социология тарихының тұжырымдары бойынша адамның қоғамда, бірлікте өмір сүруі ұзақ тарихи дамуды басынан кешірген.
Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген. Үңілсек, бұл сөзде үлкен философия жатқан сияқты. Өзімізден үлкенді құрметтесек, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетсек, адамзатты сыйлаған, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болмаймыз ба? Ал күллі адамзатты сыйласаң, өзің де сыйлы боласың, құрметке бөленесің. Әсілі, дінімізде де үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр.
Қазақта отбасының әр мүшесінің өз орны бар. Шектен шығып бара жатқан кісіні «Өз орныңды біл!» деген бір ғана сөзбен тоқтатқан. Балалары ата-әжесін, әке-шешесін құрметтейді, олар айтқан сөзге тоқтайды. Аға-әпкелері іні-қарындастарына қамқор болады, келіндер үлкенге тік қарамай, даусын бәсеңдетіп сөйлейді. Дастархан басында отырғанда да осы қағида сақталады. Үлкендер – төрде, олардың жанын ала бере, оң жағында қыздар, сол жағында ұлдары, одан төменірек балалар, келіндер жайғасады. Төр – құрметті орын. Сондықтан да онда құрметті кісілер отырады. Бұрынғы уақыттарда ауылдағы, ру ішіндегі не ел арасындағы дау-дамайды да үлкендер шешетін болған. Ақсақалдар отырысында шешілген байламға екі жақ та тоқтаған. Оған қарсы шықпаған. Қазіргі соттың үкімінен де артық бағаланған десек қателеспеспіз. Шүбәсіз, Алла Тағала үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған жас құлын қартайғанда елге сыйлы етеді. Ал, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеген жасты қартайғанда ел-жұртқа сүйкімсіз қылады. Майлықожа ақын осынау ақиқаты мына бір жыр жолдарымен шебер жеткізе білген:
Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар.
Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.
Жақсы қария белгісі жанып тұрған шоқ болар.
Жаман қария белгісі қайраңдап қалған сал болар».
Кішілер үлкенге құрмет көрсетеді. Ол құрмет өмірдің әр алуан кездерінде әр түрлі формада жүзеге асады. Кішкентайында үлкеннің жолын кеспейді, оларға әрдайым сіз деп сөйлейді, тіл қайтармай, айтқанын бұлжытпай орындайды. «Сен демек қиын емес пе, бұрынғы туған үлкенге?!» деп Шортанбай Қанайұлы қазақтың танымын көрсетеді. Басқа қарсылықтарды былай қойғанда, тек «сен» деп сөйлеудің өзін өте оғаш санаған. Бала кезінен-ақ қонақты күтіп алып, олардың қолына су құйып қызмет жасау үйдің кіші балаларының еншісінде болған. Есесіне үлкендер оларға ризашылығын батасымен, мейіз-өрік, тәттісімен білдіретін болған. Кішіге ізет көрсету де үлкен жауапкершілікті, асқан мейірбандылық пен махаббатты қажет етеді. Жүрегі жұмсақ адамдар ғана кішіге мейірімділік танытады. Ертеректе бір үйдің баласы, екінші үйдің тамағын жеп, ойнап, тіпті сол үйде қонып жүре беретін. Ешкім алаңдап, баласын іздемейді де сонда. Бір қазан тамақ жасалып, үйдегінің бәріне тартылатын. Қазақтың дархан көңілінің арқасы ғой! Бұдан бөлек ел арасында ағасының өз інілерін жеткізіп, үйлендіріп, үйлі етіп жатқан неше жағдайларды естіп те, кездестіріп те жүрміз. Ол да болса әке аманатын орындап, кішілерге қамқарлықпен қарап жүргенінің мысалы. Үлкенге құрмет көрсету мен кішіге ізет көрсету жалпы қазақта тәптіштеліп үйретуден емес, күнделікті тіршіліктен-ақ баланың бойына сіңіп кеткен сияқты. Өйткені тәрбие айтудан емес, көрсетумен ғана бойға сіңеді. Үлкен даналық жатқан бұл қағида шынында атадан балаға мирас болып келіп жатыр. Еш заңда жазылмаса да халықтың санасы мен тыныс-тіршілігіне сіңіп кеткен. Қазақта қай істі бастасақ та осы қағиданы біліп-білмей ұстанамыз. Қонақ күтсек, әуелі үлкендерді шақырамыз, үлкендерге амандасамыз, «басты» үлкендерге береміз, белгілі бір мәселені де алдымен үлкендермен ақылдасып, сол кісілердің батасын алып барып қана бастаймыз.
Қорытындылай келе тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (с.а.с.): «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді», – деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны һәм соған қарай әрекет еткені жөн. Бауыржан Момышұлы атамыз «Қарт адам – ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты» – деген. Қарияларымызға сый-құрметімізді аямайық, әр сөзінен ғибрат ала білейік. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні мен мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, мына заманда ешкім мың жасамасы анық, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» екенін есімізден шығармаған жөн болар.
Ертеден тағылымы мол қазақ халқымыз “Баланы жастан” деп рухани құндылықтарымызды бала тәрбиелеудің игілігіне жұмсаған. Жас шыбықты жастайынан халық ауыз әдебиетімен суарып, ел үшін ерен еңбек сіңірген тұлғаларды үлгі етіп, ұлтжандылыққа тәрбиелеген.Сонымен қоса отбасындағы қағида – әке-ана құрметі, үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу. Бала тәрбиесі бесіктен деп ұғынған отбасы әр баланың тәрбиесін, түздегі қылығын қадағалап отырған. Өйткені, тәрбиелі адам – тағалы атпен тең деген. Ата- анаға деген сыйластықтың негізінде бала көкейінде ” Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды,кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды” деген халық даналығы қалыптасқан.
Жастар біздің қоғамның негізгі тірегі. «Болашағыңды білгің келсе, бүгініңе қара» демекші, әр қоғам елдің болашағына алаңдайды.Сол сияқты, біздің қоғамда орын алып жатқан келеңсіз мәселелер бар. Соның бірін қозғасақ, жастардың қоғамдық көліктердегі әрекеті. Аяқ – қолы балғадай жастардың қоғамдық көліктерде құлақтарыңа құлаққап тағып алып, көрсе де көрмегенсіп отыра беретіндерін көзіміз көріп жүр. Керісінше жасы үлкен адамға орын беріп, “рақмет, көп жаса” деген бір ауыз жылы лебізің естігенге не жетсін? Өйткені «қартайған шағыңда өзіңді басқалар құрметтеу үшін жас кезіннен қауқары қайтып, сақал – шашы ағарған кісіге ізет қыл» дейді. Бауыржан Момышұлы атамыз ” Қарт адам – ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты ” деген қарияларымызға сый- құрметімізді аямайық, әр сөзінен ғибрат ала білейік. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, ешкім мың жасамайды, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» екенін есімізден шығармаған жөн болар.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – қазақтың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз
Сен демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге? – (Шортанбай Қанайұлы)
деп кейінгі ұрпаққа қашанда «сіз», «біз» деп сыйласып жүруді өсиет еткен. «Сіз деген – әдеп, біз деген – көмек». Осыны меңзеген Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген», – деп жырлайды. Ұрпағының ұлағатты, ұлт қамын ойлар ұлтжанды болуын көздеген қазақтың бауыр еті баласына ең алдымен үйрететіні де осы үлкенді сыйлау жайы екен. Аналар айтатын бесік жырындағы «Қолымыздан іс алып, мойыныңа күш алып, бізді бағар ма екенсің?» деп келетін өлең жолдары соны айғақтаса керек. Ардақты Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес» (Тирмизи), – делінген. Иә, қазақ үшін үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – жазылмаған заңдылық. Бұл – еш жерге жазылмай, еш заңға бағынбай атадан балаға мирас боп келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Кезінде үш жүздің басын қосқан атақты Абылай ханға ақыл айтып, жөн сілтеген Бұхар жыраудың өзі:
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа, –
деп, қазыналы қарты үшін алаңдап, ол үшін дұға жасап, тілек тілеуге шақырған. Себебі қазақ елі – ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үлкендер арасында алға шығып сөз сөйлеуді ерсі көрген халық. Ұлдардың дастархан басына келгенде сабырсыздау болатындығынан ба, әлде қарнының ашып, мазасының қашатынынан ба, әйтеуір бір жолы үйдегі ағамның әкем келмей тұрып тамақты бастап кеткені үшін қатты сөгіс естігені бар. Бұл да болса үлкенге, ата-анаға деген сый-құрметтің отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеден бастау алатындығын көрсетсе керек.
«Қарғыс алма, алғыс ал!»
«Балалы үй – базар». Қазақ ауылының қай үйіне қонақ боп түспесеңіз де алдыңыздан кем дегенде үш-төрт баланың асыр сап жүгіріп шығатыны анық. Қанша жерден қызық қуған есі жоқ ойын балалары ғой десеңіз де, сол балалардың ауылға үлкен келсе, алдынан шығып, амандасып жатқанын, кей жерлерде киімін алып, қолына су құйып беріп, т.б қызметтеріне жарап жатқанын көресіз. Мұның барлығы қариясын ақыл-ойдың дариясына балап, оның батасын алып, көгеруді көздеген қазақтың баласына үйреткен тағылымды тәрбиесі, өнегесі екені анық. Атақты «Абай жолы» романындағы мына бір жай, шағын үзінді үлкенге көрсетілер құрметтің жарқын үлгісі десек те болатындай:
«Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:
– Ассалаумағалайкүм!..- деп сәлем берді.
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем… Атының басын тежей беріп:
– Уағалайкүмәссәләм, балам!..- деп тоқырай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:
– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе?- деді.
– Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..
Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:
– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. – деді».
Жасқа аға, ақылға сақа Бөжей мен балғын жас Абай арасындағы осы бір диалог үлкенді сыйлаудың орны мен маңызын, үлкеннің батасын алып, алғысына кенелудің өзі Жаратқанның разылығын табудың жолы екендігін анық аңғартады. Қазақ үлкенді сыйлағанға сый көрсетіп, оны тәрбиелі, көргенді азаматтардың қатарына қосқан.
«Бала ұрысса әкеге жараса ма?»
Иә, дана Абайдың «Әке ұрысса балаға – ол да достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» дейтін осы бір сөзі кез келген есі бар адамды ойландырмай қоймайтыны анық. Кейде аңдаусызда «а» деп ақырып, әкемізге кейіп, анамызға қабақ шытып қалатын сәттеріміздің болатыны жасырын емес. Бірақ Жаратушымыз тек өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырғаннан кейін бірден әке-шешеге жақсылық жасауды бұйырғанын, жәннат аналардың табанының астында екенін, анаңыздың «тоғыз ай, он күн көтеріп, аязды күні айналып, бұлтты күні толғанғанын» есіңізге ала қалсаңыз, бұл қылығыңыздың бәрінің бекер болғанын анық түсінесіз. Әке – өмірде ешкім теңесіп, дәрежесіне жете алмайтын алып тұлға. Баланың басына түскен әр қиындық, тіпті, қолына кірген тікеннің ауруы да әкенің жүрегінен өтеді. Тек сыртқа шығарып, өбектеп жатпайды. Ата-ананың перзентіне деген махаббатын, ұрпағына берер тәрбиесі мен өнегесін ешбір институт, ешбір университет бере алмайды. Бірде сахаба Әбу Һурайра (одан Алла разы болсын) жолда кетіп бара жатып соңынан бір кісі ертіп келе жатқан Әбу Ғассанды жолықтырады. Кейін ол еріп келе жатқан адамның Әбу Ғассанның әкесі екенін білген Әбу Һурайра дереу: «Бұл ісің жөн емес, сүннетті ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артында жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тос. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып сен отырма! Әкең ұйықтамай жатып сен жастыққа бас қойма!» (әт-Табарани, әл-Хаким) деп ескертеді. Байқап отырсаңыз, қалаға оқуға кеткен баласын сағынып, жол тосып елеңдеп жүрген Ұлжан ана ауылға Абай келгенде, өз бойындағы сағынышты жиып қойып, баласына ең алдымен «Әкеңе бар!» деп ескерту жасауының астарында да осындай ұлағатты тәрбиенің жатқанын аңғару қиын емес. Әке орны, баласының табанына кірген шөгір маңдайма кірсе екен деп тілейтін ананың орны қазақ үшін қай уақытта да биікте болған.
Ұлан-байтақ жерді мекендеген бабаларымыз 8-ғасырдан бастап ислам дінін діңгегім деп, ардақты пайғамбарымызды жолбастаушым, дүние мен ақыреттің бақытына апаратын жолды таныстырған жанашыр жақыным деп біледі. Кейбір шаманизм, зооростризмнен қалған негізсіз ырымдар мен жалған тыйымдарды қоспағанда қазақ елінің әрбір қылығы мен мінезінен исламның исі аңқып тұратыны анық. Салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткендігі соншалық кездескенімізден бастап, қол алысып қоштасқанымызға дейін ата-бабамыз қалдырған дәстүрлі дініміздің дені білініп-ақ тұрады. Тентегін тыйып жөнге салатын, жақсысының нұрын шалқытып мақтап алатын мақал-мәтелдерінің өзі де сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен алынғандығына көз жеткізе аламыз. Дін қағидаларынан нәр алған ең көрнекті дәстүріміздің бірі һәм бірегейі – үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету. Бұл әдет қазақшылығымызға сіңісіп кеткені соншалық, тіпті үлкендерді сыйлау сөзді жасы үлкендерге бастату, егер жасы үлкен кісі үндемесе, жасы кішінің сөйлемеуі, жасы үлкендерді басшы ету, кішілерге мейірімділік таныту біздің халқымыздың негізгі ұстанымдарына айналған. Жасы үлкенге жол беріп, астың дәмдісін, сөздің сәндісін үлкеннен күту – қазақы қалпымыздың белгісі. Ардақты пайғамбарымыз бір сөзінде: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген болатын. Демек, мұсылманшылыққа жараспайтын қылық істеп, өзіңді-өзің жаман әдетіңмен, сүйкімсіз әдебіңмен мұсылмандардан бөлектедің деген сөз. Өзін мұсылман санайтын адамға пайғамбар хадисінде айтылғандай «бізден емессің» деген лақаптың таңылуы яки өзінің сондай атқа қалғанын сезінуінен асқан масқаралық жоқ. Сондықтан үлкен кісіні құрметтемеуді бабамыз қазақ мұсылманшылықтың жоқтығы, имансыздықтың белгісі деп есептеген. Үлкен кісіні құрметтеу ұлтына, руына, жүзіне қарамай жасалады. Тіпті діни көзқарасының өзі исламға қайшы болған күннің өзінде де, үлкен болғаны үшін көрсетілетін сый-құрметтен шеттетілмейді. Бұған Ибраһим пайғамбардың әкесі Әзармен арасындағы қарым-қатынасы дәлел болса керек.
Ибраһимнің шырылдап, тура жолға шақырған үндеуіне құлақ аспай, құлақ асу былай тұрсын «Егер бұл ісіңді доғармасаң, өзіңді аяусыз жазалаймын» деген әкесіне құрметсіздік көрсетпей: «Әкетай, мен сіздің бақытыңыз үшін қолымнан келгенді аямаймын» деген еді. Пайғамбарлардың осынау ұлы ұстанымдарын ұлтымыз өзіне мұра етіп алғандықтан, «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деп мәтелдеген. Демек, өзіңнен үлкенге құрмет көрсету дін ұстанған мұсылманның иман тереңдігін, тақуалы екенін көрсетеді. 19-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген әйгілі неміс ғалымы Ф. Шварц былай депті: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді»[1]. Қазақ дәстүрінде үлкен кісілер әрдайым құрметті орындарға отырғызылып, төрге жайғасады. Той-жиындарда бірінші сөз соларға беріліп, сол ортадағы кесімді сөз, шешімді ойларды үлкендер айтады. Олардың айтқандарын санасына сіңіріп алған жастар, бұйрықтарын мүлтіксіз орындап, «Үлкен кісі айтса, бір нәрсені біліп айтады» деп қарсы шықпаған. Үлкенге тартылған табақтан ақсақал өз қолымен алып берген астан дәм ауыз тию жас жігіттер үшін ең жоғарғы марапат саналған. Жайылған ақ дастарғанға үлкен кісілер жайғаспайынша жасы кіші адамдар өз бетінше отырмайды. Жастардың үлкен адамдардың жолын кесіп, алдынан алшаңдап өте шығуын халқымыз әдепсіздік, үлкенді құрметтемейтін желбуаздық деп атаған. Жасы кішілердің үлкендерге дауыс көтеруі, жұрттың көзінше кісімсіп ақыл айтуын да имансыздықтың белгісі, ар-ұяттың аздығы деп білген. Үлкеннің сөзін бөлу, әңгімеге килігіп, қалай болса солай өз пікірін айтуды да әдепсіздікке жатқызған.
Өзіңізден жасы үлкен кісілерді құрметтеңіз әрі оларды қадірлей біліңіз. Олармен бірге болғанда, оң жақтарында және бір-екі қадам артта жүріңіз. Үйге кірерде не шығарда оларға жол беріңіз. Кездескенде сәлем беріп, ілтипат көрсетіңіз. Сөзді бірінші үлкенге беріңіз, оны құрметпен тыңдап, сыйлаңыз. Егер бір мәселе бойынша пікіріңізді білдірмек болсаңыз, ойыңызды әдеппен, байсалды түрде жеткізіңіз. Сөйлескенде дауысыңызды көтермеңіз. Үлкен адаммен сөйлессеңіз немесе оны шақырсаңыз, әдептілік сақтаңыз.
Енді аталмыш әдепке шақыратын кейбір хадистер мен деректерге тоқталайық. «Ағалы-інілі екі адам бастарынан кешкен бір оқиғаны айтпақ болып, Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Екеуінің бірі үлкен болатын. Бірінші інісі сөйлемек болғанда, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Бірінші үлкенге сөз бер», – деп екі рет айтты» (әл-Бұхари, Муслим). Яғни жасы үлкен адамның хақысын ұмытпа, сөзді бірінші ағаң бастасын деген мағынада. Убада ибн әс-Самиттен (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үлкенімізді құрметтемеген, кішімізге қамқорлық көрсетпеген және ғалымымыздың қадірін білмеген адам бізден емес», – деген» (имам Ахмад, әл-Хаким, әт-Табарани). Мырзамыз Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жастарға достық, мәжіліс-жиын, үлкенді құрметтеу әдебін үйретіп айтқан сөзіне құлақ түр: Ұлы сахаба Мәлик ибн әл-Хуайристен (р.а.): «Біз Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бардық. Біз жасымыз шамалас жастар едік. Оның қасында жиырма күн тұрдық. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өте мейірімді әрі жұмсақ кісі болатын. Ол біз отбасымызды сағынған-ау деп ойлап, артымызда кімді қалдырып келгенімізді сұрады. Біз оған бар мән-жайды айтып бердік. Сонда Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Отбасыларыңа қайтыңдар және солармен бірге тұрыңдар. Оларға білім үйретіңдер әрі оларға (амал жасауды) бұйырыңдар. Намаз уақыты кіргенде, бірің азан айтып, жасы үлкенің имамдыққа шықсын», – деді» (әл-Бұхари, Муслим).
Хафиз Ибн Ражаб әл-Ханбали өз заманында ханбали мазһабының шейхы фақиһ, қазы, имам Әбу Яғла әл-Ханбалиден тәлім алған фақиһ Абул-Хасан Әли ибн әл-Мубарак әл-Кархидің өмірдерегіне қатысты мынадай бір дерек келтірген: «Әл-Кархи: «Бір күні қазы Әбу Яғламен келе жатқанымда, ол маған: «Егер өзіңе сыйлы адаммен бірге келе жатсаң, оның қай жағында жүресің?» – деп сұрақ қойды. Мен: «Білмеймін», – деп жауап бердім. Әбу Яғла: «Намазда имаммен бірге тұрғаның сияқты оң жағында жүресің. Сол жағында жүрме. Өйткені ол сіңбірінгісі келсе немесе үстінен бір нәрсені қаққысы келсе, оны сол жаққа қарап істейді», – деді. Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай қонақжайлылық, құрмет көрсетуді бірінші жасы үлкен әрі сыйлы адамнан бастаған жөн. Сосын барып оң жағында отырған адамға қызмет көрсет. Бұған дәлел ретінде жоғарыда айтылған «Жасы үлкенге сөз бер», «Үлкенді сыйламаған бізден емес» деген хадистермен қатар көптеген хадисті мысалға келтірсе болады. Осыған орай мына хадистерді баяндаймыз: Хузайфа ибн Яманнан (р.а.): «Егер біз Алла елшісімен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге асқа шақырылсақ, ол кісі бастамайынша, ешбіріміз тамаққа қол созбайтын едік», – деген» (Муслим). Имам ән-Науауи «Рияд әс-салихин» кітабында әдептілік тақырыбына арнайы бір тарау арнаған. Аталмыш тарауда көптеген хадисті келтірген. Сол хадистердің бірнешеуін баяндаумен шектелемін. Тарау «Ғұламаларға, жасы үлкен кісілерге, сыйлы адамдарға бірінші құрмет көрсетіп, оларды қадірлеу, төрден орын беру, оларды бағалау» деп аталады. Алла Тағала: «/Ей, Мұхаммед!/: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» – деп айт. Шын мәнінде, ақыл иелері ғана үгіт алады», – деген (Зумар, 9-аят). Әбу Масғуд Уқба ибн Амр әл-Бадри әл-Ансариден (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды ең жақсы оқитын адам жұртқа имамдық қылады[9]. Егер адамдар Құран оқуда барлығы тең болса, сүннетті ең жақсы білетін адам имамдыққа өтеді. Сүннетті білу жағынан да барлығы тең дәрежеде болса, һижраны ең бірінші жасаған адам имамдыққа шығады. Ол жағынан да тең болса, жасы ең үлкен адам имамдық етеді», – деген» (Муслим. Абдулла ибн Масғудтан (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерден маған ең жақын болатындар – пайым-парасаты мол ақыл иелері. Осылайша әркім өз дәрежесіне сай жақын тұрады», – деген» (Муслим). Жабирден (р.а.): «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Ухуд шайқасында қаза тапқан шаһидтерді екі-екіден бір қабірге жерледі. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жерлеп жатып: «Қайсысы Құранды көбірек алған еді?» – деп сұрады. Екі шаһидтің қайсысына меңзелсе, соны лақатқа бірінші қойды» (әл-Бұхари). Ибн Омардан (р.а.): «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мен түсімде мисуак қолданып жатқанымды көрдім. Бір кезде алдыма екі кісі келді. Бірінің жасы екіншісінен үлкен болды. Мен мисуакты жасы кішісіне бергенімде, маған: «Жасы үлкеніне бер» – делінді. Содан мен мисуакты үлкеніне ұсындым», – деді». Әбу Муса әл-Ашғариден (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сақал-шашы ағарған мұсылманды, Құранды көтеріп жүруші әрі онда шектен шықпаған, одан айнымаған адамды құрметтеу және әділ басшыны құрметтеу Алланы ұлықтаудың белгісі болып табылады», – деген» (Әбу Дәуд). Маймун ибн Әби Шабибтен: «Бірде Айшаның (р.а.) қасынан бір міскін өткенде, оған бір үзім нан берді. Артынша жұпыны киінген басқа міскін өткенде, оны отырғызып, тамақ береді. Сонда біреу Айшадан (р.а.) бұлай істеуінің мәнісін сұрады. Айша (р.а.): «Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға дәрежелеріне сай құрмет көрсетіңдер», – деген», – деп жауап берді» (Әбу Дәуд, әл-Хаким). Әбу Сағид Самура ибн Жундубтен (р.а.): «Мен Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) заманында жас бала болатынмын. Одан Құран мен хадис жаттайтынмын. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мені сөз сөйлеуден еш тоспайтын, бірақ құзырында менен үлкен ер адамдар болса, сөзді соларға беретін», – деген» (әл-Бұхари, Муслим)[22]. «Рияд әс-салихин» кітабынан іріктеліп алынған хадистер. Сүннет бойынша ең бірінші жасы үлкен адамға немесе ең қадірлі тұлғаға яки ең білімді ғалымға сый көрсетіледі. Яғни жұрт ішінде бір адам жасының үлкендігімен, телегей-теңіз білімімен, пайым-парасатымен, Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы болуымен, имамдығымен, қолбасшылығымен, Алла жолында күрес жүргізген сардарлығымен, жомарттығымен ерекшеленсе, сүннет бойынша барлығынан бұрын соған бірінші құрмет көрсетіліп, сыйлы қонақ болады. Сосын барып оның оң жағында отырған адамдарға құрмет көрсетіледі. Осылайша оң жақта отырған адамға бірінші құрмет көрсетуге шақырған хадистер мен «Жасы үлкенге сөз бер», «Үлкенімізді сыйламаған бізден емес», «Бірінші жасы үлкен кісілерден бастаңдар» деген хадистерді еш қайшылықсыз амалға асыруға болады. Мәселен, кейбір адамдар хадис мәтіндерін дұрыс түсінбегендіктен, түп мән-мағынасын ұғына алмағандықтан, «сүннет бойынша оң жақта отырған адамға бірінші құрмет көрсетіледі, ол қандай адам болса да» деп пайымдайды. Осылайша, олар тек оң жақтан бастауға шақырған хадистерге ғана сүйеніп алады. Бірақ олар аталмыш сүннеттің адамдардың жас ерекшелігі, мінез-құлқы, ізгілігі тең болған жағдайда ғана амалға асырылатынын ескермейді. Жиындағы адамдардың барлығы тең болса, оң жақтан бастау, сөзсіз, сүннет. Ал егер олардың арасында жасы үлкен адам табылса, сый-құрмет көруге ең бірінші сол лайықты болмақ. Өйткені ол жас ерекшелігімен бәрінен жоғары тұрады. Осы ерекшелігімен ақсақал адам өзгелердің алды болады. Қызмет, құрметті ең бірінші көретін де – сол. Имам Ибн Рушд «Әл-Баян уа әт-тахсил» атты кітабында: «Жиынға келген адамдардың дәрежелері тең болса, ахлақ жағынан алғанда оң жақтан бастау мұстахаб саналады. Аталмыш мәміленің осылайша жасалуының мәнісі – бірінің дәрежесін көтеріп, бірінің дәрежесін түсіруден сақтану. Ал егер олардың арасында ғалым не елге сыйлы адам, не жасы үлкен кісі табылса, ол мәжілістің қай жерінде отырғанына қарамай, содан бастау – сүннет. Сосын барып оның оң жағында отырған адамға құрмет көрсетіледі. Бір риуаят бойынша, Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) су араласқан сүт ұсынылады. Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оң жағында бір бәдәуи отырса, сол жағында Әбу Бәкір (р.а.) отырды. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүтті бірінші өзі ішіп, сосын сүтті әлгі бәдәуиге ұсынып жатып: «Оң жақтан, оң жақтан бастаған жөн», – деген. Мәселен, біреу сол жағында отырған серігіне білімі, қайыр-жақсылығы, жас ерекшелігі үшін сый-құрметті бірінші көрсеткісі келсе, оң жағында отырған серігінен рұқсат сұрауға тиісті. Бір риуаят бойынша, Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір сусын әкеліп беріледі. Ол сусынды бірінші өзі ішеді. Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оң жағында бір жас бала, сол жағында жасы үлкен кісілер отырады. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әлгі баладан: «Мына кісілерге сусынды бірінші ұсынсам, рұқсат етесің бе?» – деп сұрады. Әлгі бала: «Уа, Алланың елшісі, Алланың атымен ант етейін, жоқ. Сіздің қолыңыздан бұйырған несібемді бірінші алғым келеді», – деді. Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әлгі баланың қолына сусынды табыстады. Яғни Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) әлгі баланың қолына сусынды мықтап ұстатты. Осылайша ол жас баланың сусынды бірінші алуға лайықты екенін аңғартқысы келді. Жоғарыда айтқанымдай, егер жиынға келген адамдар тең дәрежелі болса, шариғат бойынша оң жақтан бастау – сүннет. Ал мәжілісте шариғатымызда ерекше, қадірлі сипатқа ие тұлға болса, онда, сөзсіз, бірінші содан бастаған жөн.
Қонақ күткен адам «қай жағдайда да оң жақтан бастағаны жөн» деген пікірге сүйеніп, оң жағында отырған қонағынан бастағаны дұрыс па?! Тіпті оң жақта отырған қонағы жасөспірім балалар немесе мәжілістегі қызметші, немесе үлкен ғалым, құрметті басшы, құрметті ақсақал, ата-ана, ағайын-туыс сияқты қадірлі адамдарға жол көрсетіп келген көлік жүргізушісі болса да?! Аталмыш сыйлы қонақтар тұрғанда қонақжайлылықты бірінші жас баладан не қызметшіден, не көлік жүргізушіден, сосын сол қатарлы қарапайым адамдардан бастауды ислам фиқһы мен әдебі қалайша құптасын?! Қадірлі қонаққа қарағанда оң жақта отырған адамдар саны он шақты немесе одан да көп болуы әбден мүмкін. Сонда адам оншақты не жиырма шақты адамнан өтіп барып, төрдегі сыйлы қонаққа соңында қызмет көрсете ме?! Жоқ, ислам фиқһы, әдебі мұндай әдепсіздікті, құрметсіздікті құптамайды, ондайдан ада. Мәселен, жас бала немесе қара халық, немесе сол қатарлы бір адам арнайы түрде мәжіліс иесінен сусын сұраса, әрине, сұраған адамға бірінші жауап беруі тиіс. Сосын сусынды оң жақта отырған адамға береді. Оң жақта отырған адам тіпті жасы кіші не қарапайым адам болса да. Мәселен, мәжіліс қожайыны сұраған адамға сусын беріп жатқанда, қонақтардың ішіндегі жасы үлкен кісінің не бір сыйлы адамның қол созып қалғанын көрсе, сусынды соның қолына ұстата салғаны жөн. Осындай таңдау түскен сәтте ислам әдебін ескерген абзал. Мұндай әдептілік адамның абройын арттырып, қадірін өсіріп, сауапқа кенелтеді.