Бүгін аудан орталығында орналасқан «Орталық саябақта» Қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай қазақ күресінен 90+ салмақта ерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 28 палуан қатысып, бозкілем үстінде бақтарын сынады. Бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген апайтөс палуандар бұл жолы да мықтыны анықтау үшін бар шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың финалдық белдесуінде Жамбыл облысының палуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының палуаны Әбдіғали Бибарыс күш сынасып, нәтижесінде жамбылдық балуан Ғалымжан Қырықбаев қарсыласынан басым түсіп, түйе палуан атағын жеңіп алды. Бас жүлде ретінде жеңімпазға Changan CS55 Plus маркалы су жаңа автокөлік табыс етілді. Сонымен қатар жүлдегерлерге де қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді. Ұлттық спорттың ұрпақтар сабақтастығындағы орны мен маңыздылығына тоқталды.