1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Сайрам ауданында ерекше салтанатпен өтті. Аудан орталығы Ақсукент ауылындағы Мәртөбе алаңында ұйымдастырылған іс-шараға түрлі ұлт өкілдері қатысып, өз мәдениеті мен ұлттық тағамдарын таныстырды. Мерекелік шара барысында көрмелер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, көрермендер әр этностың өнері мен салт-дәстүрінен сыр шертетін қойылымдарға куә болды. Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев мерекеге жиналған жұртшылықты құттықтап: «Татулық пен тұрақтылық – басты байлығымыз. Бұл мереке – ынтымағымыздың айғағы», – деп атап өтті. Шара достық пен сыйластықтың жарқын үлгісіне айналып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Бірлік – ел болашағының кепілі. Халықтың тұтастығы, ұлттардың татулығы мен ынтымағы – мемлекет тірегі. Осы орайда Қазақстанда жыл сайын 1 мамыр күні аталып өтетін – Қазақстан халқының бірлігі күні – елдегі ұлтаралық достық пен қоғамдық келісімнің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жарқын белгісі. Бұл күн – тек мереке ғана емес, тарих пен тағдыр тоғыстырған көпұлтты елдің ортақ құндылығына айналған ерекше күн. Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Бұған дейін бұл күн бұрынғы Кеңес Одағы кезеңінде Еңбек күні ретінде аталып келсе, тәуелсіз Қазақстанда оның мазмұны түбегейлі өзгеріп, жаңа мәнге ие болды. Бұл күннің мақсаты – Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің өзара достығын, ынтымағын нығайту, ортақ Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Тарих көрсеткендей, Қазақстан – әрқашан кеңпейілділігімен, мейірімділігімен ерекшеленген ел. ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде – сталиндік репрессия, ұжымдастыру мен соғыс жылдарында Қазақстан түрлі ұлт пен ұлысқа пана болды. Міне, сол кезеңдерде елге депортацияланған мыңдаған ұлт өкілдері осы жерден жаңа өмір бастады. Қазақ халқының дархандығының арқасында олар осында тұрақтап, бауыр басып кетті. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Түрі бөлек болғанмен, тілегі бір, тегі әртүрлі болғанмен – жүрегі ортақ. Олар ел дамуына өз үлестерін қосып, біртұтас халық болып қалыптасты. Осы бейбіт өмірдің басты кепілі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бұл құрылым түрлі этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп, бірлік пен келісімді сақтауға ерекше мән беріп келеді. Ассамблеяның бастамасымен түрлі жобалар, форумдар, мәдени іс-шаралар өткізіліп, ұлттар арасындағы достық нығая түсуде. Бұл – Қазақстанның басқа елдерге үлгі боларлық тәжірибесі. Қазақстан халқының бірлігі күні – барша қазақстандықтар үшін ортақ мереке. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі этностардың ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі мен өнері дәріптелетін іс-шаралар ұйымдастырылады. Халық бір-бірінің мәдениетін құрметтеп, ортақ Отанға деген махаббатын паш етеді. Бұл – еліміздегі ұлтаралық достықтың, қоғамдық келісімнің және рухани бірліктің шынайы көрінісі. Бірлік күні – әр азаматты «мен қазақпын» деп емес, «мен – Қазақстан азаматымын» деп мақтанышпен айтуға үйрететін мейрам. Бұл күн – этностар арасындағы шекараны емес, жүректерді жақындататын күн. Мұндай мереке арқылы жас ұрпақ өзге халықтардың мәдениетімен танысып, төзімділік пен түсіністікке тәрбиеленеді. Қазіргі әлемде түрлі этностар арасындағы қақтығыстар мен діни алауыздықтар жиі орын алып жатқанын ескерсек, Қазақстандағы бейбіт өмір үлкен жетістік әрі құнды мұра. Бұл — оңай келмеген, халықтың саналы ұмтылысы мен мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі. Бірлігі бекем ел ғана тұрақты дамуға қадам баса алады. Экономикалық өсім де, рухани жаңғыру да, саяси реформалар да тек татулық пен тұрақтылық жағдайында ғана жүзеге асады. 1 мамыр – ел болашағы үшін маңызды күн. Бұл күн әр адамның жүрегіне елге, жерге, бірлікке деген шынайы құрмет сезімін ұялатады. Осы сезім – кез келген сыртқы сын-қатерге қарсы тұратын күшке айналуы тиіс. Қазақстан халқының бірлігі күні – бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барша азаматтардың достығы мен татулығын, бауырмалдығы мен сыйластығын ұлықтайтын мейрам. Бұл күн – өткенге тағзым, бүгінге шүкірлік, болашаққа үміт. Ендеше, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты сақтап, әрдайым бейбіт өмірді бағалай білейік. Себебі бірлігі жарасқан елдің ғана болашағы баянды болмақ» – деді аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев.
Адамзат тарихында елдің дамуына, өркендеуіне тікелей әсер ететін ең маңызды құндылықтардың бірі – бірлік пен ынтымақ. Халқымыз ежелден «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Түсініскен тірлік етеді, түсініспеген бірлік етпейді» деп тегін айтпаған. Себебі қандай да бір мемлекеттің болашағы – халықтың татулығына, ел ішіндегі келісім мен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Бірлігі жарасқан елдің алар асуы биік, жетер жетістігі мол болмақ.
Бірлік – бұл халықтың, ұлт пен ұлыстың, қоғам мүшелерінің мақсат-мүддесінің ортақтығы, ортақ ой мен ортақ істе табысуы. Ал ынтымақ – адамдар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың көрінісі. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты: бірлік бар жерде ынтымақ орнайды, ал ынтымақ болғанда береке мен бейбіт өмір тұрақтайды. Бірлік пен ынтымақ адамның өз отбасынан бастау алады. Әке мен ана, аға мен іні, әпке мен қарындас арасындағы татулық – тұтас қоғамның шағын моделі. Ал ол үлкен ұжымда, мектепте, ауылда, қалада, мемлекет көлемінде де жалғасын табуы тиіс. Бұл – кез келген қоғамның іргетасы. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, елдің бірлігі бұзылған сәтте басына қандай күн туғанын көре аламыз. Әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ру-руға бөлінген қазақ елі талай қиындық көрді. Тек «Ақтабан шұбырынды» сияқты қасіреттерден кейін ғана халық есін жиып, бас біріктіріп, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған дана тұлғалардың басшылығымен елдікке бет бұрды. Бірлік пен ынтымақтың арқасында ғана Абылай хан тұсында қазақ елі қайтадан дербес мемлекет ретінде күшейе түсті. XX ғасырда да қазақ халқы Кеңес өкіметінің қыспағында, ашаршылық пен қуғын-сүргінді бастан өткерді. Бірақ сол қиын кезеңдерде де халық бірлігін жоғалтпай, бір-біріне сүйеніп, өмір сүруге, тіршілік етуге тырысты. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезеңде де Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы мемлекетіміздің іргесін бекітіп, халықаралық аренада беделін арттырды. Бүгінде Қазақстан – әлемдегі көпұлтты, бейбіт өмір сүріп жатқан елдердің бірі. Қазіргі заман – ғылым мен технология дамыған, ақпарат кеңістігі шексіз, бірақ сонымен бірге түрлі пікір қайшылығы мен түсініспеушілікке толы кезең. Осындай сәтте ел ішінде бірлік пен ынтымақты сақтау – өте маңызды. Бірлік пен ынтымақ болмаса қоғамда алауыздық орнайды; әлеуметтік теңсіздік артады; ұлттар мен діндер арасында түсініспеушілік туындайды; мемлекеттің ішкі тұрақтылығы шайқалады. Керісінше, егер халық бір мақсатқа жұмылып, бір-бірін қолдап отырса барлық қиындықты еңсеруге болады. Бұған COVID-19 індеті кезінде халықтың бір-біріне көмектесіп, қайырымдылық көрсеткені, волонтерлік қозғалыстың дамуы нақты мысал бола алады. Олар бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып, достық пен татулықты сақтауға жауапты