Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековпен кездесулерде тұрғындардың жиі шағымданатын тұстары – ол шағын аудандарда қарапайым тас жолдың болмауы, балалардың ойын алаңдарының жоқтығы, жаяу жүргіншілердің көктемде, күзде батпаққа белшеден батып жүретіндігі. Осыған орай Нұрбол Әбдісаттарұлы бұл мәселені кешенді түрде қолға алды. Алты секторды аралап өз көзімен көрді. Жедел іске кірісті. Елмен кездесулерде ешнәрсені жасырып қалмай, шындығын жеткізді. Нәтижесінде атқарылған жайлар көңіл көншітерлік.
Мәселен, «Бірлік» сектор аумағында 16 шақырымды құрайтын 26 көшеге тас төселді. 3,3 шақырымды құрайтын 3 көше ағымдағы жылы орташа жөндеуден өтуде. 35 шақырымды құрайтын 33 көшені жарықтандыру жоспарлануда. 12 шақырымды құрайтын 9 көшеде жаяу жүргіншілерге арналған жол төселуде. Құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Керейхан көшесі, Бірлік стадионы аумағына балалар ойын алаңы мен спорт алаңшасының құрылысы жүруде. Жұмыстардың 90 пайызы аяқталды. Жалпы жобаға сәйкес, 85 шақырым кәріз желісінің құрылысы басталды. «Шауғар» тұрғын алабындағы 20,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселуде. Бұл жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. 20 шақырымды құрайтын 31 көшеге тас төселді. 3 шақырымды құрайтын 2 көше ағымдағы жылы орташа жөндеуден өтеді. Тұрғындардың өтініші бойынша балалар және шағын футбол алаңшасы салынды.
«Сауран» тұрғын алабындағы І-мөлтек ауданда абаттандыру қарқынды жүрді. Оның ішінде спорт алаңшаларын салу, аумақты асфальттау мен аяқжолдар төсеу, жарықшамдар орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Ендігі кезекте, ІІ-мөлтек ауданды да абаттандыру қолға алынды. «Яссы» аумағында 23 көшеге тас төселді. 24 көше ағымдағы жылы орташа жөндеуден өтеді, 5 көшеге асфальт төселді. Қалған көшелерде сарқынды су жүйесінің сервистік жұмыстары аяқталғаннан кейін, орташа жөндеу жұмыстары жалғасады. Саққорған көшесі, Баянауыл аумағы, №24 мектеп жанына балалар ойын алаңы мен спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оралман тұрғын алабы және Қазыбек би, Жарылқапов көшелерінің аралығына гидрантты суару жүйесінің құрылысы жүруде. Тұран тыным саябағы мен Шатқал саябақтарының құрылысы аяқталды.
Қазіргі таңда «Отырар» тұрғын үй алабына қарасты 15 шақырым құрайтын он бір көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.Отырар секторында жолдардың орташа жөндеу жұмыстары алты шақырымға дейінгі, алты көшеде ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Екі шақырымдық екі көшеге асфальт жабындысы төселінді. Қалған көшелерде сарқынды су жүйесінің сервистік жұмыстары аяқталғаннан кейін, орташа жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.Отырар шағын ауданында биылғы жылы көпқабатты үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, аулаларды көгалдандыру жұмыстары, бүлінген ойын алаңшаларын ретке келтіру және жаңадан ойын алаңшаларын салу, автотұрақтар салу, аяқжолдарға өрнектас төсеу, түнгі жарықшамдар орнату, суағарлар жүргізу, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарының сексен пайызы аяқталды. Одан бөлек, Отырар шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің сыртқы сәулетін жарықтандыру жұмыстары бастау алды.
Қазіргі таңда «Бекзат» тұрғын үй алабына қарасты үш шақырым құрайтын төрт көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді.Жолдардың орташа жөндеу жұмыстары – 1,8 шақырым құрайтын Самал көшесіне ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар 53,2 шақырым құрайтын 49 көшенің жарықтандыру жүйесінің құрылысы аяқталды. Биылғы «Балалар жылында» абаттандыру жұмыстарының барысында Бекзат мөлтек ауданында ескі мазарат аумағында балалар ойын алаңы мен спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 90 % аяқталды. Қала әкімінің айтуынша, бірінші кезектегі мәселелер – көшелеріміз. Қалада 875 шақырымды құрайтын 845 көше болса, соның 30%-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Бұл бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.