Бүгінде жер жүзінде жүздеген атом электр станциялары салынып, қаншама мемлекеттердің өндірісі мен экономикасына қызмет етіп жатыр.
АЭС-і бар және олардың қатарына қосылатын мемлекеттер жұмысты үздіксіз жүргізіп келеді. Атом электр станциясы қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтып, климаттың өзгеруіне қарсы күреске үлес қосады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл ірі жоба елдің технологиялық дамуын жеделдетіп, жаңа жұмыс орындарын ашады және энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді.
Қазақстандағы атом электр станциясы тек энергия көзі ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды енгізуге серпін беретін фактор. IT салалары мен инновациялық шешімдерге үлкен мүмкіндіктер ашылады.
Қазақстанмен бірге басқа көптеген елдер үшін де атом электр станцияларында электр энергиясын өндіру көмір және газбен қуаттанатын жылу электр станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан. Қазақстан – уранға өте бай ел. Соңғы он бір жылда уран өндірісі бойынша әлемде бірінші болса, уран қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Біздің Созақ даласында да уранның мол қоры бар.
Қазақстандағы атом электр станциялары үшін уранның орасан зор қорын ескере отырып, Қазақстанның тұрақты даму үшін электр энергиясын өндіруде қоғамның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған барлық мүмкіндіктері бар. АЭС салу мәселесі көп жылдан бері жоғары деңгейде және қоғамдық талқылаудың бірнеше кезеңінен өтіп, оның артықшылықтарына көз жеткізілген.
Әркімнің өз АЭС мәселесі бойынша өз байламы бар әрине. Бірақ мен осы мәселе бойынша алда болатын референдумға белсене қатысып, өз таңдауларыңызды білдіруге шақырамын.
Абылайхан Қалкенұлы Баймахан – «Нұрлы Әлем» қоғамдық бірлестігінің төрағасы