Сайрам ауданында «Туымыз төрімізде» патриоттық акциясы ұйымдастырылды.Акция аясында ауданымыздың барлық жергілікті тұрғындары өз үйлері мен елді мекендердегі әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың сыртына мемлекеттік ту іліп, мереке қарсаңында халыққа патриоттық рух сыйлады. Біздің мемлекеттік символдар мен нышандарымызды жастардың арасында дәріптеу, сол арқылы мемлекеттік, ұлттық мерекенің маңызын жеткізу осы акцияның негізгі мақсаты. Адамдардың туларды өздері орналастырып жатқаны өздерінің Отанына деген, еліне, Қазақстан жеріне деген махаббатын білдіреді деп есептейміз.
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Қазақстан халқы мерекені 21 жылдан бері атап өтіп келеді. Еліміздің мемлекеттік туын жасаумен 600 адам шұғылданып, комиссия қарауына 1200 рәміздер нұсқасы ұсынылған екен. Айтулы датаға орай жалпы халықтың «Бірлігіміз жарасқан» патриоттық жастар шарасы ел өңірінде сән-салтанатымен тойланып өткен болатын. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. “Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер”. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың көгілдір біртүстілігі, аспанның бұлтсыз таза күмбезін еске түсіріп, Қазақстан халқының бірігудің жоғары және игілікті идеясына бейімділігін бейнелейді. Мемлекеттік жалаудың көгілдір аясы, Қазақстан халқының жаңа мемлекет құруға ұмтылу ниетінің тазалығы мен көтеріңкілігін көрсетуге шақырады. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн, тыныштық пен байлықты білдіреді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала бүркіті қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің биіктігін танытады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдызбар. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар дегенді нұсқайды. Ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның Әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. “Менің Қазақстаным” әнұран ретінде алғашқы рет Н.Назарбаевтың инаугурация кезінде орындалды. Әнұранның әуені 1950 жылдардан бері Қазақстанның бейресми әнұраны атанған Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әні болғанымен мәтіні аз кем өзгертілген. Әні – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез-келгеннің паттриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен қарыштап қадам басып келеміз, тәуба дейік! Азат елдің бірден-бір нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ халық өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар өзара ұлттық менталитетті қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Н.Ә. Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекетіміздің Елтаңбасы қазақ тіліне аударғанда, ол «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген мағына береді. Бұл термин ежелгі түркі қағанаты (551-630 жылдар) кезінен бастап қолданыла бастаған. Қазақстанның қазіргі таңдағы Елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, екі сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Елтаңбадағы шаңырақ – өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалынған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді. Кез келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың Әнұранына айналған. Мұндай әндер қазақ халқында да көп. Соның бірі – жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні. Бұл ән жоңғар шапқыншылығынан зардап шегіп, қансыраған халықтың қайта ес жиып, күшеюіне әсер еткен, сол сияқты басқа асыл сезімдерді бойына жинаған керемет ән болды. Осындай бір екінші ән – «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақстаным», шын мәнінде, қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған бейресми Әнұран болды. Ал заман талабына сай, 2006 жылғы қаңтардың 6-сында Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, яғни қаңтардың 10-ында «Менің Қазақстаным» ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа Әнұранының туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор – еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені мемлекеттік рәміздер педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда, сондай-ақ жалпы білім беру мектептері мен ҰБТ бойынша арнайы пән ретінде енгізілген. Бүгін ереже бойынша жастар өз мемлекетінің рәміздерін ата-аналарына қарағанда жақсы біледі. Қорыта келе айтатыным, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, «…бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн» – дейді.Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дуниеге келді. Тәуелсіз ҚР рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы да кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты. Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән берді. Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнүранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды. Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк. Көк түс аспанның белгісі. Бұл киелі тұс – бірлік пен ынтымаққа шақырып, барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған.
Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде Түркі қағанаты (552-630 ж, 682-743 ж), Хазар қағанаты (651-983 жж.), Ұлы Селжұқ қағанаты (1040-1157 жж.), Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының (1465-1737 жж.) бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-нің (1920 – 1991 жж.) мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай. Ал, күн бейнесі – байлық пен береке белгісі. Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр.Қыран бүркіт образы қазақ халқының ұлттық дүниетанымында еркіндік, бостандық сүйгіштік, ерлік, жоғары аңсар, жан дүниесінің кеңдігі, асыл мұрат, жүрек тазалығы сияқты адамгершілік асыл ұғымдармен астасып жатады. Ал, енді саяси тұрғыдан келсек ол – мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді.
Рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылады. Демек, мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс – ерекшелігін, айрықша арман – аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Қазіргі Қазақстан аумағында ерте дәуірден бері талай мемлекеттік құрылымдар дүниеге келген. Орта ғасырдан осы мерзімге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің сыртқы белгілері мен жаңа заманға сай рәміздері Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихының негізгі белгісін құрайды. Қазақ мемлекеттілігінің үш кезеңін қамтитын рәміздер тарихына тоқталсақ, олар: Қазақ хандығы, Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы және Қазақстан Республикасы. Әр тарихи кезеңнің мемлекеттілік билігіне тән белгілерінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан Республикасының бас рәмізтанушысы Е.Шәймерденнің пікірінше, елтаңбаның қарапайым пішінінен күрделі түріне дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезең, ерте әлеуметтік белгілердің пайда болуымен сипатталады. Қазақ қоғамында көнеден келе жатқан белгінің бірі – малға ен салу. Екінші кезең, таңба белгілерінің қолданылуымен ерекшеленеді. Бұл деңгейге дала мәдениетіңің айрықша белгісі болып табылатын тайпалық таңбалар сәйкес келеді. Үшінші кезең, мөрлердің пайда болуы, тертінші – рулық таңба, бесінші – аймақтық және қалалық герб, алтыншы, ең жоғарғы деңгей – ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбаның болуы. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады.
Қазақ халқы мен мемлекеттілігінің дамуында қазақ жүздерінің тарихын бірге қарастыру қажет. Бұл үш категория (халық, мемлекет, жүз) тарихи даму толқынында қатар дамыды. Олардың әрқайсысының өз таңбасы болды. Мемлекеттік рәміздерімізге шетелдік мамандар жоғары баға берген, сонымен қатар рәміздеріміз әлемдік каталогқа енген. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Жас мемлекеттің жас астанасында және бүкіл республика аумағында елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін тудыратын нышандар өз дәрежесінде көрініс тауып отыр. Мемлекеттік рәміздердің зор тәрбиелік мән, мағынасы бар. Жай ғана мысал, Олимпиада ойындарындағы өз спортшыларымыздың жеңісі кезіндегі мемлекетіміздің көк байрағының желбіреуі әрбір азамат үшін зор мақтаныш, үлкен эмоция тудырады.Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше екені даусыз.
«Қоғамда Қазақстан – біздің отанымыз, бүл ұғымға көп нәрсе кіреді деген қарапайым ойды қалыптастыру керек» – деп, атап көрсеткен Елбасымыздың сөзі терең ойдан туындаған пікір.Қай ұлттан шыққанына қарамай, әрбір азаматтың парызы ең алдымен, біздің ортақ үйіміздегі достық пен келісім ахуалын қолдауы. Құрамындағы ұлттар мен ұлыстар саны біздегіден де көбірек гүлденіп отырған мемлекеттер аз емес. Бүл елдерде патриоттық сезімі ерекше жоғары дамыған, қоғамда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау қалыптасқан. Мысалы, мектептерде сабақ басталғанда, мемлекеттік органдарда ант қабылдағанда, басқа да көптеген іс-шаралар кезінде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалады. Қазақстандық патриотизм елдің нағыз патриоттарын қалыптастыратын құбылыс. Қазақстан патриоты, біріншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне: Туына, Елтаңбасы мен Әнұранына ерекше құрметпен қарайды, мемлекеттік нышандарымызды шын ниетімен қадірлейді және оны басқалардан талап етеді. Қазақстандық патриотизм – өзіңді республика халқының құрамдас бөлігі ретінде сүйіспеншілік және берілгендік сезімді, халық пен елдің мүддесін қорғайтын, тіпті әскери қорғауды жүзеге асыратын азаматтың парызы мен намысын тәрбиелеу. Ұлттық патриотизмді қалыптастыруға негіз болған қазақтың дәстүрлі қоғамында орныққан құндылықтар қатарына, «Отан», «атамекен», «ел-жүрт», «азаматтық борыш», «ар-намыс», «адалдық пен әділдік», «азаматтық парыз», «қанағатшылдық пен жомарттық», тағы басқа ұғымдарды жатқызуға болады.Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-баба әулетінің мәйіті жатқан жерді ерекше қадірлейді. Қазақ үшін атамекен – отанжанды пенде ретінде өмір сүруінің шарттық атрибуты. Сондықтан да халқымыз өз ата-мекенін, Отанын, өз халқы, өз тілін, өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген, баулыған. Мемлекеттік рәміздер – ол, мақтаныштарымыз.