Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласы. Түркістан қаласында 2023 жылы 25,8 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. 2020 жылы бұл көрсеткіш 15,8 млрд.тг құрайтын. Өнім өндіру 61 пайызға артқан.
БАҚ өкілдері облыс орталығындағы «Asia Brend» жиһаз өндіретін фабрикаға ат басын бұрып, жұмысымен танысты. 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жылына 22 мың жиһаз жасап шығаруда. Отандық өнім Түркістанда ғана емес, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында сатылымда. Сонымен қатар, Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда.
Түркістанда «2024-жыл Түркістан – түркі елдерінің туризм астанасы» атануына орай Туризм және меймандостық университеті мен Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Түркістан – көне мен келешек көпірі» пресс-туры өтті. Аталған шараға келген журналистер көне шаһардың жаңа құрылыс нысандарымен танысып, Туризм университетінің тыныс-тіршілігін көріп қайтты.
Қала қонақтары алдымен Отырар мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 үйдің және мәдениет сарайының құрылысымен танысты. 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй (56,4 мың ш.м.) құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталған. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланып отыр. Ал аумағы 1,13 гектарды құрайтын 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталды. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары келер жыл ішінде аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде. Атап өтейік, облыс орталығында 61 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде: 8 әлеуметтік нысан, 3 саябақ, 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы мен 30 нысанда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бұдан бөлек облыс орталығында 5 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қаладағы жақсы жаңалықтардың бірі – Жастар орталығына арнап жеке ғимарат салынуда. БАҚ өкілдері ғимарат құрылысының барысымен танысты. Жастар орталығында арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана бөлмесі, үйірмелерге арналған бөлмелермен, шағын спортзал және көпфункционалды залдармен қамтамасыз етіледі.
Түркістанда зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау мақсатында 2022 жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылып, жұмысын бастаған. Сол жылы 774 адамға қызмет көрсетсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 983 адамға жетті. Тұрғындардың сұранысы бойынша биыл «Белсенді ұзақ өмір» секторының Бекзат мөлтек ауданында №1 филиалы ашылды. Қала қонақтары әлеуметтік нысанда болып, зейнеткерлер үшін жасалған жағдаймен танысты. Ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі.
Қонақтар сондай-ақ, этно-ауылдағы шеберлер көрмесін тамашалады. Түркістан қаласында қолөнер бұйымдарын жасау – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үрдіс. Қалада «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Құрамында 115 мүше тіркелген. Сонымен қатар, «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» жұмыс істейді. Мектепте 475 оқушы өз өнерін шыңдап, ата дәстүрді игеруде. Түркістан қаласында қолөнершілерді қолдау мақсатында тұрақты түрде қолөнершілер көрмелері, сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырылады. Шара барысында БАҚ өкілдері биыл 5 жылдығын атап өткелі отырған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм саласындағы еліміздегі алғашқы бейінді мемлекеттік университет. Биыл құрылғанына 5 жыл толып отырған университет алғашқы түлектерін ұшырмақ. Бүгінде университет Түркия, Франция, Польша, Словакия, Таиланд, Малайзия оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге ие. Яғни, білім алушы жоғарыда аталған мемлекеттерде арнайы тағылымдамадан өтіп, өндірістік тәжірибе жинай алады. Баспасөз туры соңында Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков БАҚ өкілдерімен кездесіп, қаланың даму жоспарымен бөлісті. Сауалдарға жауап беріп, ашық сұхбат құрды.