Менің сауалдарымның барлығы дерлік республикалық бюджеттен қаржыландыруға тәуелді мәселелер болды. Түркістан дотациялық облыс болғандықтан, республикалық бюджет қолдауына мұқтаж. Сол себепті ірілі-ұсақты әлеуметтік, шаруашылық нысандардың құрылысына қаражат сұралды.
Түркістан облысында жыл сайын 60 мың бала өмірге келеді. Бұл жаңа оқу жылында осынша оқушы мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Кей сыныптарда оқушы саны 40-тан асса, үш ауысымда оқитын және апатты мектептер тағы бар. 15 аудан, 2 қаладағы 117 мектеп күрделі жөндеуді, апатты жағдайдағы 40 білім ұясы жаңадан салуды талап етеді. Осыған байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.
Нәтижесінде облыстағы мектеп мәселесін шешуге республикалық бюджеттен бірден 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық. 2024-2025 жылдары 63 білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол мектептер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жан-жақты білім алуына қолайлы заманауи үлгіде салынуы тиіс. Биылдың өзінде мектеп саны мыңға жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы» аясында тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеді. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алғаш рет «Таза су» бағдарламасын әзірлеп іске асырып, республика бойынша жалғасын табуына бастамашы болған. Өкінішке қарай, содан бері «Ауыз су» (2000-2010 жж), «Ақбұлақ» (2011-2014 жж), «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» (2015-2021 жж) бағдарламалары қабылданғанымен, көптеген ауылдар әлі күнге дейін сусыз отыр. Түркістан облысына қарасты 124 елді-мекенде су тұрмақ, құбыры мүлде жоқ. 109,7 мыңдай адам сапалы ауыз суға зәру. 124 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуді сұрап, Үкіметке сауал жолдадым.
Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары облыс бойынша 113 елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізіліп, бұдан бөлек 204 ауылда ескірген су құбырлары жаңартылатын болды. Биыл 66 нысанның құрылысына 17 млрд 400 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, қалаларға қарастырылған 3 млрд 200 млн теңгеге – 12, ауылдарға арналған 14 млрд 200 млн теңгеге – 54 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 46-сы биыл, 20-сы келер жылы аяқталуы тиіс.
Арыс қаласын сумен жабдықтаудың 11 жобасын және басқа 3 ауылдық округін сумен жабдықтау бойынша 3 жобасын қаржыландыру бойынша да мәселе көтердім. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында аталған 11 жобаны іске асыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 3,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылғанын айтты. Бұдан басқа республикалық бюджетте 29 жобаны іске асыруға 23,4 млрд. теңге сомасында бюджеттік өтінімді (ҚЕМ – 15 жобаны іске асыруға – 11,5, АЕМ-14 жобаны іске асыруға-11,9 млрд. теңге), оның ішінде Арыс қаласының 4 жобаны іске асыруға 400 млн. теңге Қаржы министрлігінде қарастырылып жатыр.
Халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету – Президент тапсырмасы. Былтыр елімізде 11,6 млн абонент табиғи газға қол жеткізген. Бұл жалпы халықтың 59 пайызын құрайды. Ауыл аймақты газдандыру жұмыстары
2015 – 2030 жылдар аралығында жүргізіледі.
Түркістан облысы бойынша 368 ауыл адамдары үйлерін көмірмен жылытып жатыр. Биыл 6 млрд 900 млн теңгеге 22 нысанның құрылысы жүргізілуі тиіс еді. Жалпы, өңірді түгел газбен қамту үшін республикалық бюджеттен 75 млрд 200 млн теңге керек. Мен сайлауалды бағдарламамнан бұрын, сайлаушылардың тікелей айтқан өтініштерін орындауға кірісті. Халықтың сұрайтыны – мектеп, су, жол, аурухана, емхана салу, заңсыз карьерлерді жабу сияқты әлеуметтік мәселелер. Оның ішінде осы газдандыру да бар.
Арыста өткен кездесулерде тұрғындар «Байырқұм», «Жиделі» ауылдық округтерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге атсалысуымды өтінді. Алғашқы жолданған сауалдардың бірі «Жиделі», «Байырқұм», «Көкжиде» және «Аққала» елді-мекендерін газдандыру үшін 2 млрд 26 млн теңгелік жобаны қолдауға арналды. Үкімет жалпы Түркістан облысы мен Арыс қаласына қарасты екі ауылдық округтің газ мәселесі іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асырылатынын айтты. Толық қамтылу үшін облыстық әкімдік газдандыру жұмыстарын Министрлікпен бірге пысықтауы тиіс. Биылғы жылға облыс бойынша мен сұраған 22 жобаны қаржыландыруға 6 млрд 900 млн теңге бөлінді. Биыл 18 ауылға газ кіргізілуі керек.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тиіспіз» – деп атап өтті. Еліміз бойынша 600 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында баспанаға сұраныс көп. Үйсіз-күйсіз күнелткендердің нақты саны белгісіз. Қалай болғанда да, отбасы көбейген сайын ошақ қасы да керек болады. Қаншама бағдарлама іске қосылғанымен, пәтер жетпей жатыр. Бәрін үлкен мегаполистерге тірей бермей, ауылдардан көп қабатты үйлер салып өркениетке көшу керек. Ал, Қаратау тәжі саналатын Кентау бұрынғыдан да сәулетті әрі дәулетті қалаға айналуы тиіс. Келешекте ірі өндіріс орындары жұмыс істейтін болса, Кентаудың өз жұрты өзінде тұрақтайтын тұғыр керек болады.
2020 – 2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Кентау қаласының «Қаратау» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізуге және қаланың тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға, сонымен бірге қаланың «Қарнақ» ауылында мәдениет үйінің құрылысын салу үшін 5 303 592 мың теңге керек. Жоғарыда аталған нысандар сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. «Қаратау» шағын ауданындағы инженерлік инфрақұрылым құрылысына (жол бөлігі және сыртқы кәріз желілері) – 2 919 584,0 мың теңге, Кентау қаласындағы тозығы жеткен көпқабатты 10 тұрғын үй аулаларын абаттандыруға – 1 033 961,0 мың теңге, «Қарнақ» ауылында 300 орындық мәдениет үй құрылысын жүргізуге – 1 350 047,0 мың теңге сұрадым.
Сол сияқты Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округінің «Мыңшұқыр» елді мекеніндегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, оны тұрақты дамыту мақсатында көпқабатты үй құрылысын жүргізу қажеттілігі бар. Қазіргі кезде «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекенінің «Әл-Фараби» шағын ауданында салынатын 10 көпкабатты тұрғын үйдің жобасы дайын. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 304 170,0 мың теңге, «Әл-Фараби» шағын ауданындағы № 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы, сметалық құны – 303 532,0 мың теңге, № 14 үйге – 303 240,0 мың теңге, № 15 үйге – 303 527,0 мың теңге, № 16 үйге – 314 021,0 мың теңге, №17 үйге – 313 057,0 мың теңге,
№ 18 үйге – 337 874,0 мың теңге, № 19 үйге – 336 353,0 мың теңге, № 20 үйге – 337 598,0 мың теңге республикалық бюджеттен қаржыландыру керек. Жоба жүзеге асырылса, Отырар ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 180 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі және құрылыс барысында аталған нысан бойынша 100-ден аса адам уақытша жұмыспен қамтылатын болады. 2024 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Түркістан облысы Отырар ауданы «Қоғам» ауыл округі «Мыңшұқыр» елді мекені «Әл-Фараби» шағын ауданындағы 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына – 2 821 368,0 млн. теңге (сметалық құны) бөлдіруді сұрадым.
Отбасы мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы назарынан тыс қалған емес. Президент жыл сайынғы Жолдауында отбасы, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше мән беріп, тапсырмалар жүктейді. Республика көлеміндегі жалғызбасты және жесір аналардың әлеуметтік жағдайына байланысты барлық мәселелер «AMANAT» партиясының назарында. Әйел – отбасының, мемлекеттің тірегі. Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты. Жалғызбасты аналар, олардың ішінде жас аналарды әлеуметтік қолдау – бұл әрбір мемлекеттің отбасылық саясатының бір тармағы болуы тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 837 мың толық емес отбасылар, оның 758 мыңы – әйел адам және 79 мыңы – ер адам. Жалпы, толық емес отбасылардағы адам саны –
2 млн. 601 мың. Елімізде екі миллионға жуық жетім бала бар, оның әрбір бесіншісі некесіз отбасында өмірге келген. Қоғамда жалғызбасты аналардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қапияда ері қаза болғандар, екіншілері – ажырасып кеткендер, тағы бірі – алданып қалғандар мен азаматтық некеден қапыда қалғандар. Толық емес асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, ал жалғызбасты аналар мен әкелерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудағы, отбасын нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады. Бүгінде жалғызбасты аналар мен әкелерге жәрдемақы мөлшері шектеулі және берілетін көмек мардымсыз. Барлық анаға 1,5 жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді және олардың көлемі әртүрлі. Жұмыссыз әйелге бір балаға ай сайын 19 872 тенге, ал жұмысы бар ананың әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Жалғызбасты, олардың ішінде жас аналар мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қажет етеді, себебі олар дүниеге некесіз бала әкелумен туындайтын қаржылық, моральдық және тағы басқа жағдайларды өздігінен жеңуге қауқарсыз келеді. Сондықтан, жалғызбасты аналар мен әкелерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймын.
Бір топ депутат Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты ер адамның бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды; жұмыссыз жалғызбасты аналар мен әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңеуді; жалғызбасты аналар мен әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін бірінші кезектегі жеңілдіктерді беруді, сондай-ақ, жалпы әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-ке дейін төмендетуді сұрадық. Жалғызбасты аналардың жанайқайын жеткіздік. Алайда, Министрлік тарапынан әлеуметтік жәрдемақылардың жалпыға бірдей беріліп, жағдай жасалып жатқаны жайында жауап қайтарды. Біз жетімі мен жесіріне ерекше қамқорлық танытқан халықпыз. Сондықтан жалғызбасты аналар мен олардың балаларына көмекті көбейткеннен келіп-кетер зиян жоқ. Олардың тұрғын үй мәселесі де шешілмеген. Мұны да үйлестіру керек деп есептеймін.
Сарыағаш пен Жетісай арасындағы жолдар тозып, қозғалыс қиындап кеткен. Ол транзиттік жол болғандықтан, көкөніс, бау-бақша өнімдерін тасымалдайтын көліктер де, жалпы, Шымкент, Түркістан бағытында қатынайтын жолаушылар күндіз-түні тыным таппайды. Оның үстіне Сарыағаш ауданының аумағында көлік және жолаушыларға арналған кедендік бекеттердің бары да қозғалысқа әсер етеді әрі жолдардың тақтайдай тегіс болуын талап етеді.
Мәжіліске депутат болып сайланғанғалы облыс бойынша маған мұңын шағатындар өте көп. Өз сайланған округқа қарамаса да, одан тыс жерлерден шағымданушыларға құлақ аспасқа амалым жоқы. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тас жол жыр болды. Расында да, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Ол республикалық трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілер жанайқайын Үкіметке жеткіздім.
Индустрия және даму мминистрлігінің мәліметінше, «Жизак-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Сарыағаш-Абай-Жібек жолы» А-15 74-220 км (ұзындығы 48 км) автожолын орташа жөндеуден өткізу биыл басталып, келесі жылы аяқталады екен. Қозғалыс қарқындылығының өсуіне байланысты, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында ұзындығы
102 шақырымды құрайтын (4 жолақты) «Қонысбаев өткізу пункті арқылы Өзбекстан Республикасына шыға отырып, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу көзделген. Жоба Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен іске асырылады. Бұл бойынша өткен жылы ҚР Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы Әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азия Даму Банкімен ынтымақтастық бағдарламасына жобаны енгізу және оны 2024 жылы іске асыруды бастау мерзімімен мемлекеттік кепілдікпен қарыз есебінен қаржыландыру туралы өтінімі мақұлданған. Қазір мемлекеттік және экономикалық сараптамадан өту және қорытынды алу үшін техникалық-экономикалық негіздемені түзету жұмыстары жүргізулуде. Жалпы, құрылыс 2025 жылы басталады деп күтілуде. Сондықтан, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, көбі кетіп азы қалды.
Соңғы кездері жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Жұртшылық айыппұлды азайтуды талап етуде. Жол жүру ережесінде пайдаланылатын, автоматты режимде жұмыс істейтін «Фото және бейнежазба» арнайы техникалық құралдары қазір қоғамымызда тек келеңсіз оқиға тудырып отыр. «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі онсыз да күнін әрең көріп жүрген халықтың қалтасын қағып, жаппай наразылығын туғызып жатыр. Орнатылған бейнебақылау камералары жайлы ескертетін жол белгілерінің жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып, қарапайым азаматтар «Конституциялық заң бұзылды» деп дабыл қағуда. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың мүлтіксіз орындалуы – «AMANAT» партиясының қадағалауында.
Қазақстанда негізінен жылдамдықты, бөлінген жолақтарда жүру тәртібі мен тоқтату сызығын бұзуларды және бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтуді анықтап, тіркейтін 19 029 «Сергек» бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ол биылдың өзінде ел бойынша 3 413 308 рет жол ережелерін бұзу фактілерін тіркеген. Олардың ең көп орнатылғаны – Астана және Алматы қалаларында, әрқайсысында 6 мыңнан астам. Астана қаласында биылғы 8 айда көлік жүргізушілеріне – 5, 953 млрд., Алматы қаласында – 6, 359 млрд. теңге айыппұл салынған. Үкіметтің жол қозғалысы мәселелері бойынша 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысына сәйкес жол қозғалысын реттеуді қамтамасыз ету үшін «Фотобейне тіркеу» ақпараттық-нұсқағыш белгісі енгізілді. Қолданыстағы қаулы бойынша арнайы камераның барлығы жайлы белгі орнату міндетті емес және жүргізуші оған қарамастан, айыппұл төлеуі тиіс. Ал, мобильді жылдамдықты реттейтін қондырғы алдына ақпараттық белгі мүлде қойылмайды. Олар жолдың кез-келген бөлігіне және көбіне жасырын орнатылады. «Сергек» камералары мен жылжымалы қондырғылар алдында «ескерту белгілерінің» болмауы жүргізушілерді шатастырып, оларға негізсіз айыппұл салынуда. Жүргізушілер құқығына нұқсан келтірілуде. Ал ескерту белгісінің жоқтығы әкімшілік айыппұлды жоюға негіз бола алмайды. Мұндай заңсыздықтарға жол бермеу үшін стационарлық бейнебақылау камералары мен жылжымалы қондырғылар алдында «Ескерту белгілері» болмаған жағдайда айыппұлды жарамсыз деп тануды заңмен бекіту қажет. Мысалы Түркістан облысында өткен «Қорғау» апталығы кезінде 6 млн 600 мың, 600 мың теңгедей айыппұл арқалағандардың көліктері айып тұрақтарына қойылды. Оның барлығы дерлік жылдамдықты асыру бойынша салынған. Оны көлік егесі де білмей шыққан. Талап бойынша алғаш ескертілгеннен кейін бір апта ішінде төлеуге мүмкіндік берілсе де, жол полициясы көліктерді тоқтатқан бойда айып тұрағына тоғытып тастап, жүргізушілердің құқы мен өздері бекіткен талаптарды бұзып жатыр. Әлгі айып тұрағына қойылған көліктің құны 6 млн тұрмақ 600 мың теңге де тұрмайды. Бірақ, сол көлікпен жүрген күнкөріспен, жан бағып жүрген жандардың көп екенін естен шығармау керек.
Министрлік өкілдері ескерту белгілері қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалған жағдайда, айыппұл салынбай, базадан алынып тасталатынын айтқан. Алайда, халық олай болмай жатқанын ашынып айтып жатыр. Үстін-үстіне айыппұл салынып, көбісінің қайдан пайда болып жатқанын түсінбей жүргендері жетерлік. Бұлайша айыппұл өндіруді тексеру қажет. Онсыз да айыппұл мен салық айналасында дау мен шағым, наразылық өте көп. Реттейтін уақыт жетті деп есептейміз.
«Ескерту белгілері» жол қозғалысы ережелерін сақтауды және бұзушылықтардың алдын алу мақсатына қызмет етеді. Ескертілген жүргізуші заңды ешқашан бұзбайды. Ескертілмесе, шектеу қойылғанын қайдан біледі? Оның үстіне қазір «жасырын камералар» аздай, күре жолдардағы қозғалысты шектеу қойылмағанына қарамастан, дрон арқылы қозғалысты заңсыз бақылау байқалған. Бұл да Жол полициясының өз қызметін асыра пайдалануға жатады. Бұдан бөлек, айыппұл төленгенімен, полицейлердің планшетінен өшірілмей, жүргізушілерді ретсіз тоқтатып әлекке салып жатыр. Себебі төленген түбіртектерді бір базаға жинақтау жағы қарастырылмаған. «Қазпошта» кассасына немесе «Каспий» қосымшасы және Жол полициясының кассасына, яғни, әркім әр жақтан төлесе де, төленгені жайлы мәлімет полицияның планшетінен шықпайды. Соның салдарынан Жол полициясы мен жүргізушілер арасында түсініспеушілік туындауда. Бір жүргізушілер айыппұлды төлеп қойса да, Жол полициясы үшін сақтап жүрген түбіртектердің сиясы кетіп қалғанын, полицияның жазықсыз жазғырып жатқанын айтып шағымдануда.
Тағы бір маңызды мәселе, айыппұл көлемін азайту және тізімін қысқарту керек. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 70 мың теңге болса, 61 260, 48 300, 69 000, 138 000, 207 000 теңге айыппұл тағайындау қисынға келмейді. Несиеге көлік мініп, күнін әзер көріп жүрген халыққа жығылған үстіне жұдырық етуге болмайды деп санаймыз.
Үкіметтің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы барлық бейнебақылау камера алдына ескерту белгісін міндетті түрде орнатуды заңнамалық тұрғыдан бекітуін, «Жол жүру ережесінің» талаптарына сәйкес стационарлық бейнебақылау камералары және жылжымалы қондырғылардың алдында «Ескерту белгілері» болмағанда айыппұлды жарамсыз деп тануын, осы уақытқа дейін және кейін ескерту белгісі қойылмаған бейнебақылау камераларына түсіп қалғандарға салған айыппұлдарды мен айыппұлы төлеушілер тізімінен алып тастауын, айыппұл соммасын азайту мен айыппұл түрлерін қысқартуын сұрап сауал жолдауға тура келді. Өкінішке қарай, көпшіліктің осындай қалауы мен талап-тілегіне Үкімет әлі жауап берген жоқ. Біздіңше, айыппұл мөлшерін төмендету керек. Жол ережесін бұзғандар төлейді.
Түркістан облысы – мақтаның мекені. Мақта «ақ алтын» болып саналады. Өкінішке қарай, үлкен сұранысқа ие болған мақта алқаптары азайып барады. Оңтүстік өңірді мақтасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, ақ алтынның жайылып кетуіне жол бермеу керек. Қайта, керісінше, мақта кластерін құрып, өңдеу ісін жолға қою қажет. Мемлекет басшысы да өнімді алған соң, өңдеп түрлі заттар өндіруші елге айналуды алға тартып жатыр. Мақташылар біресе судан, біресе бағадан қиналды. Өздеріне тиесілі гектарлық субсидиясын ала алмай Астанаға дейін ат арылтып келді. Мақташылардың мұңын Үкіметке жеткіздік.
Біріншіден, отандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғарғы дәрежелі шитті сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді, заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғарғы дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді, екіншіден, шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды, үшіншіден, елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұрап депутаттық сауал жолдадым.
Текстиль өнеркәсібі арқылы әлемдік нарықты жаулап жатқан мемлекеттер баршылық. Өзімізде мақта өсіріп, жіп иіріп, мата тоқып, киім тіге алмау ұят болады. Бұған қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабын алдық. Онда тоқыма кластерінің 2026 жылға дейін құрылатыны, бұл бағытта бірқатар жобалардың жүзеге асырылатыны айтылған. Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінбей тұрғанда мақта кластері құрылып, бірқатар кәсіпорындар іске қосылған еді. Енді облыстың өз алдына еркін экономикалық аймақ құрып мақта өсіру және өнім өндіру мәселесін мықтап қолға алмақ керек деп есептеймін. Өйткені, мақта алқаптары жалпы егістіктің 70 пайызын құрап, 1 миллиондай адам осы шаруамен айналысып жүр.
Жылыжай көкөнісін өсірушілер де экономикаға үлес қосатын саланың бірі. Алайда, облыстағы жылыжайлардың 94 пайызы диқандардың өз күшімен салынған. Нарықты жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз ету үшін көп шығындалады. Сол себепті нарқы қымбат болады. Десе де, жылыжайларды заманауи стандарттарға көшіру керек. Отандық өнімді қолдамасақ, импорт жаулап алады. Сол себепті Үкіметтен жылыжай көкөнісін өсірушілерге төмен пайызды несиелеу, электр энергиясы мен көмір, тұқым, тыңайтқыштарды субсидиялауды сұрадық. Премьер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерін ынталандыруға арналған мемлекеттік қолдау шараларының қаралатынын, инвестициялық субсидиялар шеңберінде жылыжай кешендерін салу мен заманауи технологияларды енгізуде шығындардың бір бөлігін өтеу көзделгенін жеткізді. Сондай-ақ, «Кең дала» бағдарламасы бойынша несиелеу пысықталып жатыр.
Сайлаушылармен кездесу барысында ауылдарда мәдени, спорттық нысандар ашу ісін жандандыру мәселесі көтерілген еді. Барлық ауылдарда Мәдениет үйі, Спорт кешені заманауи талапқа сай болса, жергілікті жұртшылықтың игілігіне жарап тұрады. Өйткені, мәдениет те, әдебиет те, спорт та қоғамға қажетті дүниелер. Сайлаушылардың осындай да аманатын тиісті министрліктерге депутаттық сауал етіп жолдадым.
Туризм және спорт министрлігі ауылдар мен қалаларда клуб пен кітапхана және спорт кешенін салу облыстық әкімдіктің міндетіне кіретінін хабарлады. Керек десеңіз, заңмен белгіленген тәртіппен театр, цирк, музыка өнері және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музейді де облыстық бюджет есебінен салынады. Байқаймыз, мәдени іс-шаралар көп, мәдениет ошақтары аз, спорттық жарыстар көп, спортпен шұғылданатын орындар аз болып тұр. Тиісті басқарма ауылдық жерлерде Президент тапсырмасын іске асырса деген тілек бар.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Ұлттық экономика министрлігіне 51 жобаны іске асыру үшін 18,9 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 29 өтпелі жобаға 9,4 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Оның ішінде Сауран ауданы «Шорнақ» ауылындағы құны 788,9 млн теңгені құрайтын екі жоба бар. Спорт кешенінің құрылысы кезектілікке сәйкес облыстық бюджеттен немесе «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, Арыста өткен кездесулерде сайлаушылар «Ақдала», «Байырқұм», «Дермене», «Жиделі», «Монтайтас» ауылдық округ жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін спорт кешендері керектігін айтты. «Ақдала» а/о, сметалық құны – 256780,469 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0028/22 сараптама қорытындысы); «Байырқұм» а/о, сметалық құны – 257710,289 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0030/22 сараптама қорытындысы); «Дермене» а/о, сметалық құны – 251554,705 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0031/22 сараптама қорытындысы), «Жиделі» а/о, сметалық құны – 244895,531 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0032/22 сараптама қорытындысы), «Монтайтас» а/о, сметалық құны – 252240,844 мың теңге (ЖЖБ 11.08.2022ж. № САРС-0033/22 сараптама қорытындысы) жобалары дайын болғандықтан, алдағы жылдың бюджетінен қаржыландыруға Үкіметке ұсынылды.
Менің сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселелердің барлығы да – депутаттық сауалға сұранып тұрған мемлекеттік деңгейде шешілетін істер.
Қайрат Балабиев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты