Жақында Түркістан индустриалды аймағында жалпы құны 1 млрд. теңге тұратын бетон-құрылыс зауыты бой көтерді. Оның жартысын инвестор көтерсе, қалған 500 миллион теңгесі мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Түркістан облысында тоғыз индустриалды аймақ орналасқан. Жалпы индустриялды аймақтың жер көлемі 698 гектарға жуық.
Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді ұқсата, тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады.
Жалпы Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ орналасқан. Оның ішінде қазіргі таңда алты индустриалды аймақта: Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИА-Бадам, Мақтаарал, Қазығұрт – инвестициялық жобалар орналасқан. Сонымен қатар, Түлкібас және Бәйдібек индустриалды аймақтарының инфрақұрылым нысандарының құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған және бүгінгі күнге ешқандай жобалар орналаспаған.
«Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының» инвестициялық жобалар бойынша бөлім басшысы Ерлан Серіктің айтуынша, бес жылда индустриялық аймақта 19,5 млрд.теңге тұратын кәсіпорын құрылып, 24 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 1816 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, аталған жылдар аралығында индустриалды аймақтың қатысушылары тарапынан жалпы көлемі – 32,7 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 2,7 млрд.теңге салық төлеген.
Қазіргі таңда аумағы 273 гектарды құрайтын Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарындағы 7 индустриялық аймақтың инфрақұрылымы жасалынған. Бұдан бөлек аумағы 172 гектарды алып жатқан Бәйдібек және Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының индустриалды аймақтарында құны 40,8 млрд. теңге болатын және 2911 жұмыс орнын құрайтын барлығы 58 жоба орналасқан. Оның ішінде, құны 31,5 млрд. теңге болатын және 2340 жұмыс орнын құрайтын 42 жоба іске қосылып, жұмыс жасауда. Жалпы барлық индустриялық аймақтың инженерлік инфрақұрылымына қазынадан 7,2 млрд. теңге қаралған.
«Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Қанат Ұзақбайұлының айтуынша, Қазақстанның тұңғыш президентінің пәрменімен оңтүстік өңірдегі алғашқы 2013 жылы құрылған «Түркістан» индустриялық аймағы алғашында 40 гектар болса, 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да – 200, артынша тағы 110 гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі жалпы аумағы 350 гектарды құрайды. Мұнда 20 жоба жүзеге асып, 1091 адам жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында жиһаз өндіретін ЖК «GrandMiks», шыныжелім арматура мен темір-бетон шығаратын «Мирас ДАМУ ЛТД» ЖШС, жабын плитасы мен тауарлы-бетон өндіретін «Айбек ЛТД» ЖШС және сол сияқты құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар зауыттар жұмыс істеп тұр. Одан бөлек рухани астанада жиһаз, былғары өнімдері де нарыққа шыққан. Жүзеге асып отырған 7 жоба бойынша 330 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін 628,5 млн. теңгені құрайтын 3 жобаның жобалау актісі дайын болады.
Жалпылама айтқанда, индустриялық өңірдің мақсаты шет ел инвестициясын тарту, жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке салық түсуіне, өңіріміздің дамуына сеп болу. Мәселен, 2021 жылы, құны 6 миллиардтан асатын және 400-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құратын ірі 8 жоба индустриалды аймаққа тартылып, құрылыс жұмыстарын бастады.
Түркістан бойынша индустриалды аймақтарда әр түрлі өндіріс салалары бар. Олар: Тамақ өнеркәсібі, жеңіл жиһаз жасау өндірісі, құрылыс материалдары өндірісі, электр жабдықтары және бөлшектері өнеркәсібі және тағы басқа. Бұл аталған өндіріс орындарының барлығы бүгінде, өз жұмыстарын жолға қойған кәсіпорындар.
«Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының» инвестициялық жобалар бойынша бөлім басшысы Ерлан Серіктің айтуынша, Индустриалды аймаққа тартылған және енді тартылатын инвестициялар көлемі қомақты. Себебі, кез-келген инвестор салқынды саясат ұстанып отырған, инвестициялық тұрақты жеңілдіктері бар, қалыпты дамушы елдерге қаржы құюға мүдделі. Мәселен, индустриалды аймаққа келген инвесторға немесе кәсіпкерге жер тегін беріледі. Бизнесін ілгерілетуге және қаржыландыру жұмыстарын басқарушы компания бірлесіп атқарады. Сонымен қатар қоймалар, терминалдар, офистерді жалға береді.
Қазіргі таңда, Түркістан өңіріне Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Германия, АҚШ, Қытай, Непал, Өзбекстанның ірі кәсіпорындары инвестиция салуға құмартып отыр. Себебі, банктермен инвестициялық қорлар тәжтажал індеті зардабынан құтылу үшін қайтарымы тез кәсіпорын құруға асығуда. Ендеше, Түркістан өңірі шынайы түрдегі бірлескен кәсіпорын құрғысы келеді. Түркістандық индустриалды аймақтар екіжаққа да тиімді жобаларды қарауға әзір. Ашық та шынайы көңілмен бірлескен жобаларды қарауға асыққан индустриалды аймақтардың болашағы жарқын.