Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне қарасты Мәдени елдімекенінде дарабоз ақын Сатыбалды Тілеуұлының 140 жылдығына орай үлкен іс-шара өтті.
Таңғы сағат 9 дан басталған шара аясында көше бойына киіз үй тігіліп, ауылдың дәмінен дастархан жайылып, келген қонақтар қымыз ішіп, құрт пен бауырсақтан дәм татты. Ауыл тұрғындарынан қол өнері бұйымдары қойылған көрмені қызықтап, балалар мен жасөспірімдер арасында күресті тамашалады.
Кейіннен Мәдениет үйінде ақындық өнерімен, халық әдебитіне сіңірген еңбегімен танылған Сатыбалды Тілеуұлын еске алу кеші өтті. «Сайраған оңтүстік бұлбұлы еді» тақырыбындағы әдеби саз кешінде қаламгердің өмірлік жолы жөнінде баяндама оқылып, оның шығармалары мен ақын жайында баспасөзде жарық көрген мақалалар экраннан шығып тұрды.
Ақын табиғаты көркем Ақсу бойындағы Мәдени елді мекенінде өмірге келіп, жасынан поэзияға ғашық болып, өлең өлкесіне ерте қадам басқан. Мәдени колхозын басқарып, елді мекеннің өркендеп, дамуына атсалысқан. Совет колхозында зав ферма, Мәдени колхозында рай вод хоз қызметтерін де атқарған.
Мемлекеттік қызметте жүрсе де шығармашылығынан қол үзбей, «Халық ақыны» атағына ие болған. Көптеген ақындар айтысына қатысып, зерделі ой, ұтымды пікірімен жүлделі орындардан көрінген. Ел еркіндігі мен ой еркіндігі ақынға қанат бітіріп, өнімді еңбек етіп, көптеген марапаттарға ие болды.
Шығармаларының лирикалық көркемдігімен қазақ поэзиядағы алар орны ерекше орын алғанын атап өткен жөн. Ақынның 140 жылдығына орай, облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылып, аламан бәйгеде өнер көрсеткендер жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Жыр аламанына қатысқан 10 ақынға демеушілер есебінен сыйлықтар табыс етіліп, иықтарына шапан жабылды. Елдімекен жұртшылығына керемет рухани демалыс сыйлаған ауқымды іс-шараны ақынның ұрпақтары мен ауыл тумасы, меценат Батырбек Көшербай ұйымдастырып, халықтың ыстық ықыласы мен ақ батасын алды