Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елде атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бүгінде бұл бастама ел көлемінде кеңінен талқыланып жатыр. Электр энергиясының негізгі тұтынушылары – ірі өндірістік кәсіпорындар. Олар барлық қолданыстағы тұтынушылардың 70%-ын құрайды. Жақын арада саны тағы артпақ. Сондықтан өнеркәсіптік кәсіпорындарды базалық электр энергиясы деп аталатын қуат көздерімен тұрақты, тәулік бойы қамтамасыз ету қажет. Мұндай қуат көздеріне жылу электр және атом электр стансалары кіреді.
Бейбіт атом экономиканың өсуін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты салалардың дамуына ықпал етеді. АЭС-ті салу кезіндегі 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын құратыны және адам қызметінің басқа да көптеген бағытын дамытатыны белгілі. Әртүрлі ауруды диагностикалау және емдеу үшін қолданылатын ядролық медицина да солардың қатарында. Жұрттың бәрі білетіндей, ядролық медицина организмді зерттеу үшін изотоптарды пайдаланады. Ал оның тағы бір түрі – радиациялық терапия. Ол рак клеткаларын нысанаға алу және жою үшін радиацияны қолдану арқылы қатерлі ісіктің белгілі бір түрлерін емдеу үшін қолданылады.
Атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулердің, отандық ғылымның өсуіне де ықпал еді. Оған қоса, отандық ғылым мен білімнің дамуына оң мультипликативті әсер етіп, жоғары технологиялық, білімді қажет ететін технологиялардың жедел дамуына әсер берері сөзсіз.
Енді түпкілікті шешім халықтың осы маңызды мәселеге қатысты таңдауын айқындайтын алдағы референдумның нәтижесіне байланысты.
Ақылбек Тоқтыбаев – Созақ ауданының Әкелер Мектебі төрағасы