2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісі 21,3 мың тоннаны құрады. Екінші орында – Канада, үшінші орында – Намибия және төртінші орында көршіміз – Өзбекстан. Ғылыми түрде дәлелденгендей, АЭС құрылысына алғашқы шығындарды есептемегенде, ядролық энергетика – ең экономикалық тиімді энергетикалық шешімдердің бірі. Мұндағы электр энергиясын өндіру бағасы газ, көмір немесе мұнай пайдаланатын ЖЭО-ға қарағанда әлдеқайда төмен. Сондай-ақ бұл оң экономикалық әсерді тек жанар-жағармайдың аталған түрлері стансалар маңында орналасқан жағдайда ескеру қажет.
Атомдық стансалар – бұл ауа райы жағдайларына тәуелсіз энергия көзі. Күннің уақытына, жыл мезгіліне, бұлттылыққа, жаңбырға, желдің күшіне және толқындардың биіктігіне қарамастан, сенімді жұмыс істейді. Бұл «жасыл» шешімдерге, мысалы, күн және жел энергиясына қарағанда, инвестицияның жақсы қайтарымын қамтамасыз етеді.
АЭС салудың тағы бір дәлелі – экологиялық фактор. Бүгінде бұл біздің еліміз үшін өте маңызды, өйткені көмірмен, табиғи газбен жұмыс істейтін электр стансалары атмосфераға көмірқышқыл газын шығарады. Бұл парниктік әсері күшейіп, жер атмосферасының қызуына, климаттық өзгерістерге әкеледі. Біз қазірдің өзінде бұл әсерлерді сезінудеміз: ауа райының өзгеруі, әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуі және басқа да құбылыстар болуда. Атом электр стансаларында көмірқышқыл газ шығарындылары өте аз. АЭС өндірген энергия көлемімен салыстырғанда, атмосфераға басқа энергия көздерінен бөлінетін парниктік газдар аз болады.
Сансызбай Тәжібеков – Қаратау ауылдық округі Ардагерлер Кеңесі төрағасы, зейнеткер физик