Түркістан облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің «Шардара аудандық мансап орталығы» филиалының 2024 жылдың 09 айында ілкімді жұмыстар атқарды. Тарқатып айтсақ, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы 3894 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 2763 адам белгіленіп, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 2241 адам болды. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес, 65 жұмыссыз жандарды қысқа мерзімді оқытудан өткізу жоспарлануда. Оқу қазан айында басталады деп күтілуде. Жұмыссыздарды enbek.kz платформасында онлайн оқыту бойынша 200 адам оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 200 азамат онлайн оқуын аяқтап, жоспар толығымен орындалған. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бойынша 2024 жылы 750 азаматты «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда 356 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алды. Ал жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант 81 азаматқа беру жоспарланып, маусым,тамызайларында өткізілген 2 лек комиссия отырысының қорытындысымен 81 азамат оң қорытынды алды.Салыстырмалы түрде 2023 жылдың осы кезеңінде 3 лек қорытындысымен 78 азаматқа қайтарымсыз грант берілген болатын.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 2024 жылы 190 жұмыссыз азаматтарды жолдау жоспарланып, жылдық жоспар толық орындалды. Сонымен қатар жастар практикасына 350 азаматты жолдау жоспарланып, 177 жас маман жолданса, қоғамдық жұмыстарға 670 азамат жоспарланып, 667 жұмыссыз жолданды. Есепті мерзімде алғашқы жұмыс орнына 90 азамат жолдау жоспарланса, 91 адам жолданып, жоспар 101 пайызға артық орындалды. Ал «Күміс жас» жобасына 105 азамат жолдау жоспарланған, 9 айда 105 адам жолданып, жоспар толығымен жүзеге асты. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бос жұмыс орындарына 1340 адамды қамту жоспарланған, қазіргі таңда 944 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырса, электронды еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалар шеңберінде ауданда бекітілген 11 жобада 158 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып, қазіргі таңға 8 жобада 105 жұмыс орны ашылған. Жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық 6 жоба саны болса, ауданымызда 57 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңға 6 жобада 49 адам жұмыспен қамтылған. Әрбір бағыт бойынша қарқынды жұмыстар жалғасуда.
ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізеді.
Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат. Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т. б. бойынша талдау жүргізілді.
Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:
– еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;
– жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;
– формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;
– әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.
2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда
2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:
– өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;
– жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;
– жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.
Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген. Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ, Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмыскерлер үшін еңбек құқықтарын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.
Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру. Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 млн сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.