Аудан әкімі Арман Сәбитұлының Манкент ауылдық округі тұрғындармен келесі есептік кездесуі Айнабұлақ жалпы орта мектебінде жалғасты. Кездесуде бүгінгі таңда білім үйінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Өз кезегінде, аудан басшысы тұрғындар қажеттілігін қамту үшін түйткілді мәселеге тоқталды. Аталған мектептің маңындағы ескі ғимаратты кәдеге асыру қажеттігін айтты. Тиісті қаржысы қаралған білім ордасы 600 оқушыға арналған. Қабырғасы 2022 жылдың шілде айында қаланған білім үйінің құрылыс жұмыстары «Шымкент Күрделі Құрылысы» ЖШС техникалық қадағалауындағы «Строй Экспресс РК» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан жүргізілуде. Аталмыш алтын ұядағы жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айының соңында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғындармен кездесу барысында аудан басшысы Арман Сәбитов мектептің ескі ғимаратының жанында бос жатқан 1 га жер телімін әкімдік теңгеріміне алып, оның орнына ауылдық дәрігерлік амбулатория және балалар ойын алаңшасын салуды қажеттігін айтты. Және бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттар дайындау бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.
Облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік аумақтық бөлік. 1928 ж. құрылған. Жерінің аумағы 1,7 мың шаршы шақырым, облыс жерінің 1,4%-ы. Тұрғын саны 241,8 мың адам. Аудан аумағындағы 73 елді мекен 17 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы — Ақсу ауылы. Аудан жері негізінен оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу жатқан тауетектік жазық: кей жері төбелі, сайлы-жыралы келеді. Климаты континенттік, қысы біршама жылы, жазы ыстық, қуаң, аңызақты. Ауаның орташа температурасы қаңтарда 3-4°С, шілдеде 24-26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250-350 мм-ді құрайды. Аудан жерімен Арыс, Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтеді. Аудан аумағында құрылысқа қажетті материалдардың кен орны бар. Жерінің басым бөлігі сұр, сұр-қоңыр топырақты. Аудан жерінің көп бөлігі жыртылған. Табиғи өсімдік егістік, сай-жыралардың беткейлерінде ғана сақталған, жусан, жантақ, жыңғыз өзен бойында кездеседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, борсық, саршұнақ, қырғауыл, бөдене, кекілік мекендейді. Тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Халқының негізгі бөлігі өзбектер 64,1%, қазақтар — 26,2%, түріктер — 3,3%, әзербайжандар — 1,2%-ды құрайды. Орналасу тығыздығы орташа есеппен 1 шаршы шақырым жерге 135 адамнан келеді (облыстағы халқы ең тығыз орналасқан ауданның бірі). ірі елді мекендері: Ақсу ауылы (26,4 мың адам), Қарабұлақ (32,8), Сайрам (28,3). Қарасу (8,1), Базаркақпа (5,8), Көлкент (5,5), Қаратөбе (4,9), Қожақорған (4,7), Тассай (4,3), Ақсуабат (3,9), Көмешбұлақ (3,9), Бадам (3,9), Қарабастау (3,8), Ақбұлақ (3,5), Бадам (3,1), Мәртебе (3,0) ауылдары. Ауданда сүтті-етті мал, биязы жүнді қой, мал азықтық дақыл, астық, көкөніс, жеміс, жүзім, сүт өндіруге мамандандырылған 7 ұжымшар, 5 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі, облыстық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы болған. Олардың негізінде ОК, ЖШС, АҚ және 4739 шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Аудандағы ірі кәсіпорындар: «Манкентсельмаш» АҚ — ауыл шаруашылық машиналарын, «Жер-Ана» ЖШС — жеміс-көкөніс консервілерін, «Арай» ЖШС — өсімдік майын, «Оңтүстік құс» АҚ — жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы, құс еті, құс етінен жасалған шұжық, «Ақсу» ӨК — ауыл шаруашылық өнімдерін өндіреді. Кірпіш зауыты жұмыс істейді. 2003 ж. ауыл кәсіпорындары 4316,6 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін, соның ішінде 117 т ет және құс еті өнімдері, 4797 т өсімдік майы және тоң майын, 35,8 мың т дәннен және өсімдіктен алынған ұн, 41,4 мың т мал үшін дайын жем, 38,6 мың л жүзім шарабы, 73,6 мың л шырындар өндірді. Аудан ет-сүт өндіру, шошқа, құс өсіруге мамандандырылған. Ауыл шаруашылық тауарын өндіруде облыс бойынша 8,4%-ы құрайды. Облыстағы ірі қара малдың 18,4%, сиырдың 14,7%, кой мен ешкінің 6,4%, шошқаның — 30.1%, жылқының 13,4% өсіріледі. Ауданның ауыл шаруашылық жалпы өнімінің 44,1%-ын ет, сүт, жұмыртқа өндірісі құрайды. Ауданда облыстағы бидай егістігінің 15,1%, арнаның 10,65%, қант қызылшасының 87,0%, мақсарының 14,5%, картоптың 17,3%, көкөністің 14,8%, жеміс-жидектің 21,2%, жүзімдіктің 17,8% орналасқан. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құрылымындағы 19,5%- көкөніс, 12,9%-дәнді дақыл, 6,6%- картоп өндірісінің үлесіне тиеді. Білім беру, ағарту салаларында жалпы білім беретін, спорт, музыка, кәсіптік-техникалық мектептері, бала-бақшалары жұмыс істейді. Мәдени мекемелерден драма театры, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласынан 2 облыстық аурухана бөлімшелері, аудандық емхана, амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. 1932 жылдан қазақ, орыс, өзбек тілдерінде аудандық газет шығарылды. Минералды сумен емдейтін «Манкент» санаторийі жұмыс істейді. Көне Сайрам екі мың жыл бойы Ұлы Жібек жолының бойында жатты. 8-12 ғғ. болған Сайрам қаласы ұлы ғұлама Қ.А.Иассаудің кіндік қаны тамған жер. Қаланың орны тарихи ескерткіш ретінде сақталған.
Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл – Президенттің ең маңызды бастамасының бірі. Негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау. Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулу керектігін жиі еске салып отырды. «Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек. Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика – біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек», – деді Президент. Кейін Қазақстанда халықтың жоғын жоқтап, қарапайым адамдардың ұранын көтеріп, туын ұстайтын Ұлттық құрылтай құрылды. Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғамдық кеңестен қандай айырмашылығы бар деген сауалға Ерлан Карин былай деп жауап берген еді.
«Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесі болса, ал Ұлттық құрылтайда талқылау тақырыбы жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан ары дами түсуіне қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелер болады», – деді Мемлекеттік кеңесші. Ұлттық құрылтайдың құрамы Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталды. Президенттің пайымдауынша, Құрылтайдың жұмысы сапалы болуы үшін елдің жоғын жоқтайтын азаматтар бас қосуы керек. «Бізде түрлі пікірталас орны бар. Бірақ ұлттық құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек», – деген еді Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Онда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары, ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны Атырауда болды. Осы үш жиынның әрқайсысында қоғамымыздың басты құндылықтарына айналуы тиіс мәселелерге назар аударылды: бұл – Адал азамат, Адал адам, Адал еңбек және Адал табыс ұғымдары. Сондай-ақ Президент Əкімшілігі жанынан азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлім ашылғанын баршамыз білеміз.