Әрбір мемлекеттік қызметші жұртшылықпен жұмыс істеу барысында өздерінің өкілеттіктеріне жатпайтын іс-әрекеттерді жүзеге асырмауы қажет. Осы орайда, Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі мамандары Әдеп кодексінде көзделген қағидаттарды мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен дәріптеу және олардың әдеп нормаларына жанаспайтын әрекеттер жасауының алдын алу мақсатында заңнамада көзделген талаптарды бейнеролик бойынша түсіндірді. Мемлекеттік қызметшінің әдебі – бұл мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде ұстанатын моральдық және кәсіби мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы. Ол мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, азаматтардың сенімін нығайтуға, әділдік пен адалдықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік қызметшінің әдебі келесі қағидаттарды қамтиды:
Адалдық пен адалдық – қызметтік міндеттерді орындау кезінде мемлекеттік қызметші заңдылықты қатаң сақтауы, адал және әділ болуы қажет. Кәсібилік – мемлекеттік қызметшілер өз міндеттерін сапалы әрі жоғары кәсіби деңгейде орындауға міндетті. Жауапкершілік – қабылдаған шешімдер мен қызметтік әрекеттер үшін жеке жауапкершілікті сезіну. Қоғамдық мүдделерді қорғау – жеке мүдделерден жоғары қоғам мүддесін қою. Мәдениеттілік және әдептілік – азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынас барысында сыпайы, әдепті болу, құрмет көрсету. Құпиялылықты сақтау – қызметтік ақпаратты қорғау және заңсыз пайдаланбау. Парасаттылық – сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету, пара алмау және бермеу.Бұл қағидаттар мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқына, қарым-қатынасына және кәсіби қызметіне жоғары стандарттар қоюға негізделеді, сонымен қатар, қоғамның сенімін арттырады.
Әдептілік – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымдарының бірі. Мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігімен қатар, әдептілігі өте маңызды. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық және әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Олардың жұмысы, іс – әрекеті мен қызметтік әдебі үнемі бақылауда, халықтың назарында. Сол себепті, мемлекеттік органдарға қоғам тарапынан сенімді нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қабылданды. Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметші барынша сыпайы, адал, сабырлы, ұқыпты, қарапайым болуы қажет, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды таратпауға, өзінің іс – әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға міндетті. Еліне қызмет етуші маман өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін кәсіби қызметіне жұмсауға міндетті, Әдеп кодексінің талаптарын сақтап, тәртіптік теріс қылықтарға жол бермеу керек. Мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі – мемлекеттік қызметшілердің әдептілігімен қатар, сыртқы келбетіне ерекше талап қойылады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілердің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне сырт келбеті де сай болуы қажет.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық – әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін жағдайларға жол бермеуі тиіс. Ал бұл талаптардың сақталуын қарайтын институт – Әдеп жөніндегі кеңес болып табылады. Кеңес отырыстарында мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексін сақтау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын алдын алу, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатындығын және мемлекеттік қызметшілердің моральдық – әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятындығын есте сақтауы қажет. Себебі қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына адал қызмет етеді деп сенеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуден және қоғамдық мүдделерді ең жақсы және тиімді түрде қанағаттандырудан тұрады.
Мемлекеттік қызмет Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға міндеттейді. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік келбеті мен іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында “Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бекітілді. Әрбір мемлекеттік органда (МО) Әдеп жөніндегі уәкіл бар.
Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функциялары:
1) мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету;
2) мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына – ықпал ету;
3) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу- фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
4) ұжымда жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес келетін өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі;
5) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда – оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
6) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына мониторингті және бақылауды жүзеге асырады;
7) мемлекеттік қызметшілермен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.
Жалпы мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттары: адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, азаматқа көңіл аудару. Яғни, мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толығымен назар аудара отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады: кішіпейіл болу, қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау, мемлекеттің мүдделері мен азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұру, заңда белгіленген шектеулерді сақтау – мүдделер қақтығысын болдырмау, азаматтармен қарым-қатынаста дұрыстық таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және дұрыс емес мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі, өз әрекеттерімен және мінез-құлық олардың тарапынан сынға себеп бермейді. Мемлекетік қызмет – жауапты іс.