«AMANAT» партиясының жыл сайын, дәстүрлі түрде өтетін «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарының іріктеу кезеңі биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында өтіп отыр. Баршамызға қадірлі Жеңіс күні аға буынның қайсарлық қасиетімен, өжет мінезімен, алғырлық болмысымен келгені мәлім. Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастарды халқымыздың қаһармандық рухында тәрбиелеу арқылы аға толқынның жанқиярлық ерлігі мен еңбегіне тағзым етеміз, одан тағлым аламыз.
Ел қорғаны болуды – қасиетті борыш санайтын жас өскінді тәрбиелеуде «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты республикалық деңгейде өтетін ойындардың облыстық іріктеу кезеңін Түркістан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы №5574 әскери бөлімінде өткізді. Отаншыл жастарды адал қызмет етуге, елдің мызғымас қалқаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаңның қалыптасуына Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалы да орнықты үлесін қосты.
Бейбітшіліктің символына баланған – Қазақстан халқының бірлігі күні, бейбіт аспанымыздың кепілі саналатын – Отан қорғаушылар күні және бүгінгі бейбіт күнді орнатуға күш салған ардагерлеріміздің мерейлі сәті – Жеңіс күні айтулы мерекелерінің қарсаңында өтіп жатқан ойындарға Түркістан облысының 17 аудан, қаласынан 100-ге жуық жастар қатысты. Мектептердің жоғары сынып оқушылары болып табылатын жас өскіндер өмірлерінде әскери қызметпен алғаш мәрте танысып отыр.
Әскери-патриоттық ойындар әскери қызметшілердің ұйымшылдығының, өзара сыйластығының белгісі және жалпы мәдениетінің көрінісі ретінде әскери сәлемдесу салтанатымен басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы алдында сап түзеген жас қырандар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін әскери рәсімге сәйкес тыңдады. Жігерлілер сайысына қатысушыларды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұлан №5574 әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, майор Спандияр Жолаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман, Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Аружан Шекербек қарсы алды.
Әскери-патриоттық ойындардың іріктеу кезеңінің ашылуында сөз алған Қалыйма Жантөреқызы әскери қызмет – адамның жігерін жанып, рухын қайрайтын үлкен өмір мектебі екенін айтты. «- Қасиетті Түркістан топырағы ұлтымыздың өрлік рухының алтын бесік мекені, қазақ мемлекеттілігінің темірқазығы болған қастерлі жер. Мұнда ұлтымызға қорған болған талай хандар мен батырлар мәңгілік дамыл тапқан. Қабырғалы шаһардың киесі мен қасиеті ескеріліп, Түркістанға рухани, тарихи-мәдени орталық ретінде ерекше мәртебе берілді. Халқымыздың жігеріне айналған, ұлттық намыстың берекелі ордасы болған қасиетті жерде ел қорғаны болар ұрпақтың жігерін жанып, рухын шыңдайтын аса маңызды сайыс өтіп отыр. Кіл мықтыдан, кім мықтыны анықтайтын ойындарда жеңіске деген қажыр-қайраты мықты, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, жарыстың аяғына дейін табандылықтан танбайтын жастар тобын ойындардың республикалық кезеңіне жолдайтын боламыз», – деді.
«QAISAR»-ға қатысып, жеке дайындығын шыңдауға серт берген қатысушылар әскери қызметтің негіздерімен танысты. Антқа адалдықты тереңінен ұғынып, Отан қорғау ісі ар мен ождан, намыс және қайратпен астасып жатқан қасиетті ұғымдар екенін түсінді. Әскери қызметшілердің өмір салтын және олардың кәсіби қызметінің ерекшеліктерін танып, білді. Әскери қызметті атқаруға қажетті физикалық, психологиялық және еріктілік қасиеттермен жақыннан танысты. Командалық өзара іс-қимыл жүргізу, көшбасшылық қабілеттер, жедел ойлау және ұжымдық нәтижеге жауапкершілік дағдылары сынды қабілеттердің қаншалықты маңызды екенін ұғынды. Салауатты өмір салтын ұстану және белсенді азаматтық ұстанымда болудың мәнін терең түсінді.
Барлығы алты кезеңнен тұратын ойындардың бірінші, екінші кезеңдерінде жарысқа қатысушы командаларға ұйымдастырушылық жұмыстары үшін, оның ішінде өтінім беру талаптарының сақталуы, медициналық тексеру нәтижелері, құжат ұсыну талаптары бойынша баға берілді. Ал, үшінші кезеңде ойынның өтетін орнын белгілеу талаптарының сақталуы бойынша жарыс ұйымдастырушыларына баға беріліп, ол ойындардың республикалық кезеңінде есепке алынады.
Мықтыларды анықтайтын нағыз сайыс төртінші кезеңнен басталды. Жарысқа қатысушылар «Сарбаз жолы» кезеңінде тактикалық кедергілер жолағынан өту, «Тікенек сымның» астымен еңбектеу, граната лақтыру, автомат жинап-шашу, «Жаралыны» эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек көрсету тапсырмаларын орындады. Мини-эстафета кезеңінде ұлдар үшін – тартылу, қыздар үшін – турникке асылу, пресс, арқанмен секіру, шартты жүкті көтеріп жүру, 200 метрге жүгіру сынды талаптар орындалды. Снайперлік ойындар кезеңінде «Мерген ару», «Рухты Сарбаз» ойындары өткізілді.
Жастарға қызықты, қоғамға пайдалы ойындардың тиісті талаптарға сәйкес және көздеген мақсатына сай өтуіне арналған ұйымдастырушылық жұмыстарының бел ортасында жүрген облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман «AMANAT» партиясының бастамасымен «QAISAR» әскери-патриоттық ойындары елімізде 2022 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқанын айтады. 2023 жылы өткізілген ойындарда Түркістан облысының командасы жүлделі бірінші орынды иеленгенін айтып, биыл Қарағандыда өтетін республикалық жарыста Түркістан облысының жастары осы жеңісті жолды қайталайды деген сенімін білдірді. Отан қорғауды – перзенттік парызым деп білетін жаңа толқынды тәрбиелеуде жанашыр азаматтардың қолдауы көп екеніне алғысын білдірді. Бүгінгі ойындардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан әскери бөлім командиріне, қолдау көрсеткен барша азаматтарға шынайы ризашылығын айтты.
Жарысқа қатысып жатқан жастар дән риза екенін балбұл жанған жүздерінен көруге болады. «-Бүгінгі ойындар жақсы ұйымдастырылған. Біз де үлкен дайындықпен келдік, жеңіске деген жігеріміз бар. Қатысып жатқан командалардың бәрі де мықты, соған қарамастан намысты қолдан бермейміз деген сенімдемін», – дейді Түлкібс ауданы, Еңбекші елді мекеніндегі Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептің оқушысы Жахангер Наурызбай.
Жарыс қорытындысымен, «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарының Түркістан облысы бойынша іріктеу кезеңінің жеңімпаздары болып төмендегі командалар танылды: 1-орын Сайрам ауданынан келген жас қырандарға бұйырса, 2-орын Кентау қаласының, 3-ші жүлделі орын Түлкібас ауданының өрендеріне бұйырды. Жеңімпаз команда қарағандыда өтетін республикалық ойындарға жолдама алды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі