Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұман Әбдиевтың төрағалығымен «Заманауи қоғамдағы коммуникация” тақырыбында мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, Жұман Ғаппарұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы құрылтайдың Жайық жағасында өткен үшінші отырысында сөйлеген сөзінде көтерілген мәселелерге қатысты түсінік берді. Мемлекет басшысының шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керектігін сөзін алға тарта отырып, жастар арасында жағымсыз әдеттерді тыю бағытында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілу керектігін айтты.
Жұман Ғаппарұлы аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керектігін, елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көптігін, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруі бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Кейіннен әлеуметтік желіде жұмыс жүргізу тәртібі түсіндіріліп, сала мамандары бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Еркін, ашық форматта өткен жиында мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керектігі айтылып, ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңыздылығы айтылды.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында адалдық үстемдік құрған қоғамның жетер жетістіктері көп болатынын айтты. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дамир Белгібаев Президент ұсынған концепцияның мәнін түсіндіріп берді.
«Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында. Сарапшы Дамир Белгібаев Президент ұсынған концепцияны былай түсіндірді: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай өтетін орындарын қазақ тарихымен тығыз байланысты қалаларда өткізуді жөн деп тапты. Себебі, бұл – ұлттық идеологиямызға тікелей әсер ететін фактордың бірі. Бүгінгі таңда қазақ идеологиясы қайта қарауға тиіс мәселеге айналды. Қоғам мәдениеті дамымаса, ол экономикаға да, әлеуметтік салаға да кері әсерін тигізетіні белгілі. Ел Президенті үшінші құрылтайда «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» концепциясын ұсынған болатын. Адал азамат дегеніміз – бойында ұлтымызға тән құндылықтардың бәрі жиналған, өз нанын адал табатын, табысын адал жұмсайтын тұлға. Осындай адал азамат қазіргі таңда әділетті Қазақстан идеясымен ұштасып жатыр. Себебі әділетті Қазақстан құру үшін адал табысқа ие азаматтардың жиынтығын құрастыру қажет болады. Қазіргі таңда ұлт болып ұйысуымызға тікелей әсер ететін маңызды мәселелер – адамның жеке басына тән құндылықтар. Атап айтар болсақ, отансүйгіштік, бірлік, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жаңашылдық. Бұның барлығы қазіргі дамимын деген қоғамды құраушы маңызды элементтер, құндылықтар», – деді Дамир Темірғалиұлы.
Сарапшы ата-аналар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» концепциясымен үндес екенін айтты. «Қазіргі таңда көптеген ата-ана бала тәрбиесінде 5 негізгі құндылыққа бағытталған екен. Ең бірінші, ол – үлкенге құрмет. Сосын, еңбекқорлық, өзін-өзі бағалау, өзіне деген сенімділік және әділеттілік. Яғни, сауалнама нәтижесі ел Президенті айтып кеткен концепцияға ұқсап тұр. Өйткені, әділеттілік, жасампаздық, еңбекқорлық, бұл – Президенттің басты концепцияларының бірі», – деді сарапшы. Әлемдегі дамыған елдер цифрландыру, жасанды интеллектке көп көңіл бөлуде. Әлемде алдыңғы қатарлы елге айналу үшін білім, еңбек, адалдық қажет. Цифрландырылған алдыңғы қатарлы елге айналу Қазақстанның стратегиясы болып отыр, деді сарапшы. «Көптеген жастар өзінің кәсібін жасап, адал еңбекпен табысын табуда. Ол – жаңаша ойлайтын жастардың көрінісі. Оны қайдан көруге болады? Мәдениет, өнер, күнделікті қоғамда көріп отырмыз. Қазақша сөйлеуді, этно стильді трендке айналдырған – жастар. Ел Президенті жоғарыда аталған құндылықтарды мектеп деңгейінде бала бойына сіңіру тапсырмасын тиісті министрлікке тапсырды», – деп, сөзін қорытындылады Дамир Темірғалиұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қазақтың киелі мекенінің бірі де бірегейі – Атырау қаласында өтті. Естеріңізде болса, алғашқы құрылтай барлық рудың таңбасы тасқа жазылған, ұлт ұясы, ұлы даланың төрі – Ұлытауда, екінші Ұлттық құрылтай қазақтың рухани астанасы атанып кеткен киелі Түркістанда өтті. Ұлттық ұрылтайдың үшінші отырысының тарихи тамыры терең өлке – Атырауда өтуінің маңызы зор. Әлем тарихында ойып орын алған Алтын Орданың астанасы – әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Бұл – дүниенің төрт бұрышына өркениеттің жібін тартқан киелі мекен. Әрине, Рамазан айы, жыл басы – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынындағы әңгіме де кесек-кесек, қозғалған мәселелер де келелі болды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтар тізбесі айқындалды. Президент, ең алдымен, елдігіміздің діңгегі – халықтың береке-бірлігін сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», – дей келе ел дамуына ерен еңбек сіңірген, мемлекетшіл тұлғаларды да жеке-жеке атап өтті.Мемлекеттік тіл туралы: «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажетті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деген Президент «Қазақ тілі қоғамына» да айрықша екпін түсіре сөйледі. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қорға өзі қолдау ретінде жеке шотынан ақша аударған болатын. Экономиканы дамытуда креативті индустрияның рөлі маңызды. Қазақ тілін дамыту үшін XXI ғасырдың жаңа тетіктерін оңтайлы қолданған дұрыс. Бабалар дәстүрін жаңғыртып, ежелден елдік мәселелер шешілген Құрылтай жиынын ортамызға қайта әкелдік. Мен құрылтай құрылғалы бергі әр жиынына қатысып келемін. Ұлытаудағы құрылтайда – 42 бастама, Түркістандағысында 100 ұсыныс назарға алынды. Үшінші басқосуда Президентіміз алдыңғы екі құрылтайда тілге тиек етілген мақсат, жоспардың сексен пайыздан астамы жүзеге асқанын мәлім етті. Солардың мен үшін айрықшасы «Ауыл – ел бесігі» мен Балалар кітапханасын құру идеясы және Ясауи мұражайына ұлттық мәртебе берілгені, «Халық жазушысы» атағының қайта оралғаны дер едім. Күні кеше оразамен тұспа-тұс келіп, Алтын Орданың бағзы астанасы – Сарайшықта, бүгінгі Атырауда үшінші құрылтай өтті. Президентіміз баяндамасында елді ұйытатын үлкен рухани-мәдени жобалармен қатар халықтың береке-бірлігін нығайту жұмыстарына баса назар аударды. Елге жөн көрсетіп, сөзге тоқтататын зиялы қауым өкілдері мен қалмгерлерді, өнер адамдарын ел ішінде іріткі тудыратын емес, ауызбірлікке үндейтін сөз айтып, оң бағыттағы әрекеттер жасауға шақырып: «Өспейтін елдің баласы болып, өнбейтін дауды қумайық, ел бірлігін нығайтатын әңгіме айтқан жөн», – деді. Сондай-ақ қазақ тілі бизнес пен техниканың да тіліне айналып келе жатқанын айта келе тіліміздің аясын кеңейту жолын сөзбен емес, іспен атқару керегін ескертті. Былтыр құрылған Qazaq tili Endowment қорына көмек қолын созған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Әр Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы кітап ісі мен кітап оқу жайын, кітапхана төңірегіндегі түйткілдерді назардан тыс қалдырған емес. Түркістанда өткен екінші құрылтайда балалар кітапханасын жасауды тапсырса, бұл жолы Алматы мен Астанада көп ұзамай тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынатынын жеткізді. Түркия еліне барғанымда студенттерге арналған «Президент кітапханасында» болған едім. Ұнағаны, студенттерді оқу орнының жанынан жүретін автобустар сол кітапханаға тегін әкеледі екен. Кітапхана асханасынан тегін түскі, кешкі ас ішіп, сондағы дивандарда мызғып алып, түнге қалып ізденіп оқып жүрген жастарды көрдім. Ал осыдан кейін ол бала қалай жағымсыз нәрсеге бой алдырсын?.. Ол, әрине, тек өз білімін жетілдіріп, ізденіп, болашаққа ұмтылады. Қайтарда да кітапхана алдында тұрған тегін автобусқа мініп жатақханасына барады екен. Міне, Құдай бұйырса, біздің балаларға да Президентіміз жалықпай оқитындай жағдай жасамақшы! «Ұлттық кітап күні» атты мереке болатыны да осы үлкен мінберден айтылды. Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды тапсырды. Қазір қит етсе, «кітап оқылмайды» деп шығады көбі. Неге оқымайды, оқығанда қандай! Қазіргі жас ата-аналар балаларымен кітап дүкендерінде жүреді көбіне. Үйде ата-ана – бала болып оқып-талдайтын отбасыларды да кездестіріп қаламын. Өзімнің «Ауылдан шыққан миллионерім» мен «Біртуарым» сол отбасылық оқудың арқасында бестеллерге айналып, мені танымал жазушы етті. Балаға арнап баладай таза, ақ көңілмен шығарма жазсақ, оқиды екен.
– «Бабалар жолымен жүруіміз керек» деген Президент Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін баса айтып, дінге қатысты да біраз ойын ортаға салды. Халқымыздың танымында қара киім кию жақсылықтың нышаны болмағаны жайлы тоқтамын құрылтай мүшелері ықыластана қолдады. «Ұлттық киім күні» белгіленетін болды. Дәп осы құрылтайда жиналған қауымның ұлттық сипаттағы шапан, қамзол киіп, алқалы жиында жайнап отырғаны көз сүйсіндірді.
«Озық ұлт болу үшін жақсыға ұмтылайық» деген Мемлекет басшысы негізгі бес кеселмен күресу қажетін, нашақорлықты, құмарпаздыққа әуестікті жою керегін, тіпті насыбай атудың өзі ұрпақ саулығына қаншалықты зиян екенін ұқтырды. Бүгінге дейінгі есеп бойынша, төрт жүз мыңнан астам адам, яғни тұтас бір қаланың тұрғыны лудоманияға шалдыққанын атап өтті. Шындығында, сұмдық қой. Жиырма миллион халықтың жиырма пайызы қасірет көреді деген сөз – бұл. Осылардың бәрі дерлік – жастар. Ұлттың тірегі болар жастардың бұндай дертке шалдығуы өзіне ғана емес, мемлекетке, демографияға теріс ықпал етері сөзсіз. Мемлекет басшысы жанашырлықпен ескеріп отырған бұл түйткілге де бұқара болып қарсы тұрғанымыз жөн. Құрылтайда бүгінге дейін қарапайым халық армандап келген – заң үстемдігін орнату, заң мен тәртіптің қатал сақталуы сынды жайлар да қозғалды. «Заң қараға да, ханға да бірдей болуға тиіс» деген ұстанымның алдағы уақытта қатал сақталатыны да Президенттің аузынан айтылып, талап етілді.
Елдің ісі – тек Президенттің не Үкімет мүшесінің ғана емес, әрқайсысмыздың ісіміз. Әркім өзінің отырған, жүрген жерінде мемлекеттің әр затын көзінің қарашығындай сақтап, өз мүлкіндей қорғап, ата-бабадан қалған дәстүр-салтын жалғастырып, ұрпағына үйретуге міндетті. Еліміздің әр тұрғыны Отанға да, отбасына да, өзіне де, өзгеге де адал азамат болып, перзентін адал еңбекке үйретуі керек. Ең аяғы, Ел басшысы судың да сұрауы барын ескертті. Су мен жарықты үнемдеу арқылы әр отбасы, әр адам өзінің тұрмысын жақсартып, ертеңін ұзартады. Табиғатты қорғау – ұрпағымызға қалдыратын байлығымызды қорғап, олардың өмірінің ұзақ та барақатты болуына атсалысу.
Тәуелсіздіктің де, мемлекеттік тілдің де бірінші қорғаны – Мемлекеттің басшысы
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен» бастау алған бұл жолғы құрылтай – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтқан тиімді дәнекерге, ел ішінен іріктеліп шыққан ілгері топты ортақ іске жұмылдыратын қазіргі заманның нағыз инклюзивті қоғамдық институтына айналды. Ұлттық құрылтай – бір мақсат, ортақ мүдде, нақтылап айтсақ, тәуелсіздікті нығайту мүддесі үшін мемлекет пен қоғамның іс жүзіндегі тиімді әрекеттесу алаңы ретінде орнықты. Оған дәлел болатын саяси реформалар, экономикалық және әлеуметтік бастамалар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – бәріміз жұмыла кіріскен, мемлекеттік тілді қолдау мен көркейтуге бағытталған жаңаша әрекетіміз.
Ана тіліне жанашыр болу – әр адамның перзенттік парызы, ал мемлекеттік тілге қамқор болу – сол елді Отаным деп танитын әр азаматтың міндетті борышы. Себебі тіл – тіл мен тәуелсіздік бірінен-бірі ажырамайтын, қатар, тең тұратын егіз ұғымдар, қастерлі құндылықтар.
Тәуелсіздіктің бірінші қорғаны, бас кепілі – Мемлекеттің басшысы болса, тура сол сияқты мемлекеттік тілдің де бірінші жанашыры, бас қолдаушысы – еліміздің Президенті. Қасым-Жомарт Кемелұлының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын кеңінен қолдауы, біз құрған «Қазақ тілі» эндаумент қорына жеке үлес қосып, көпшілікке үлгі көрсетуі – осы қағиданың жарқын мысалы және анық айғағы. Сондықтан да «Қазақ тілі» қоғамы мен барша тіл жанашырлары атынан ана тілімізге деген жеке қамқорлығы үшін Ел Президентіне зор ризашылық білдіремін! Ұлттық құрылтайдың үшінші басқосуында қозғалған барлық мәселе мен жоспарланған игі жұмыс ретімен жүзеге асатынына, халық тарапынан үлкен қолдауға ие болатынына сенем. Мамыр өте Мәртөбеде өтетін мәжілістердің, Күлтөбеде күнде өтер жиындардың, Ордабасы, Қарақұм құрылтайларының жалғасы демесек те, сол күндердің «таңбасы» бар бұл құрылтайда. 14 наурыз күні құрылтайдың жұмыс топтары төрт секцияға бөлініп, қызу әрекетке кірісіп кетті. Әркім көкірегін тербеген ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып бақты. Солардың ішінде біз де біраз мәселені қозғадық. Ең әуелі, күллі түркі, барша мұсылманға ортақ мерекелермен құттықтаған соң, Түркия мемлекетінің ең ірі телеарнасы ТРТ аваз Қазақстаннан «Яссауи» тобын алдырып, арнайы хабарлар түсіріп, 30 күн оразаның әр күніне Әзірет Сұлтан бабамыздың бір хикметін беріп тұруын ұлттық руханиятымыздың зор жеңістерінің бірі ретінде бағалайтынымды айттым.
Соңғы кездері қазақтың бағзы заманнан келе жатқан киелі мұралары – фольклорлық ән-күйлерді, жыр-дастандарды жеке топтық-тектік, рушылдық мүдде тұрғысында өңін айналдырып, мәтіндерін бұзып, тарихын бұрмалап, ойдан жасап шығарған, өмірде мүлде болмаған біреулерге телу етек алып барады. Осыған қатысты заң талаптарын айқындау, қатаңдату қажеттігі күн тәртібінде тұр. Содан соң, «Мәдениет туралы» заңның олқылықтарына тоқталып, бір топ ғылым-өнер саласындағы азаматтардың ұсыныстарын ортаға салдым. Сондай-ақ қандастар мәселесін, олардың Отанға оралғаннан кейін орналасатын мекендеріне шектеу қоюды алып тастау, Қытайдан келмек қандастарымыздың ресми құжаттарын рәсімдеудегі қиындықтарын жеңілдету, қандастар үшін виза мерзімін ұзарту сынды күрмеулі істерді тезірек шешуге мән беру керегін алға тарттым. Рәміздерге қатысты («геральдика» ұғымының ұлттық танымымызға қайшылығы) түйткілдерді айттым. Деструктивті діни ағымдар мен ұлт ағзасына түскен іріңге айналып бара жатқан рушылдық, жүзшілдікке, ақшаға сатылатын жалған марапаттарға тосқауыл керегін баса айттым. 15 наурыздағы Президент жасаған баяндамада келешекте ұлтымыз, мемлекетіміз басшылыққа алу керек мәселелер аз қамтылған жоқ. Соның бірі – Әзірет Сұлтан іліміне қатысты нақты ұсыныстар болды. Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан түскен үлес бар. Ұлттық құрылтай – елдің үнін Президентке тікелей жеткізетін жалғыз алаң. Жалпы, «халық сайлаған Парламент те елдің үнін жеткізеді, ұрылтайдың қажеті қанша» деген сауал тууы заңды. Белгілі бір салада сарапшы деңгейіне көтерілген тұлғалардың барлығы бірдей Парламентке баруды көздемейді. Президент сондай-ақ министрлер мен әкімдерді де үнемі қабылдайды, дегенмен әкімдердің өз шындығы бар.Содан болар, Президент ел ішіндегі жағдайды Ұлттық құрылтай мүшелерінің аузынан естуді құп көреді. Ел ішінде жүрген азаматтар өңірдегі мәселелерді Мемлекет басшысына өздері баяндайды. Құрылтайда көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынады. Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – осында.Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Өнер, мәдениет, руханият» секциясын Аида Балаева, «Азаматтық қоғам» секциясын президенттің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізді. «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясын – Тамара Дүйсенова, «Білім мен ғылым» секциясын Нұрбек Саясат тізгіндеді. Қаңтар айында Астанада Құрылтайдың жұмыс отырысы өткен. Мен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жеті ұсыныс жасадым. Атырауда Тамара Қасымқызы сол ұсыныстарымызға жауап берді.
Бүгінде 17-20 жастағы балалар 1 грамм есірткі таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуда. Оларды аптасына 200 мың (шамамен) теңге қаржы табу қызықтырған. Баланың алданғаны есепке алынбайды. Ұсталса, жаза қатаң. Қазіргі таңда Қазақстанда есірткі тасымалдаған «закладчик» ретінде 14 жастағы жасөспірім жазасын өтеуде. «Закладчик» деп әр жерге есірткі қалташасын жасырып, қойып кететіндерді айтады. Ол үшін олар ақша алады. Бұл іске қылмыскерлер жастарды тартады. Егер есірткі грамы көп болса, ұйымдасқан топ екені дәлелденсе, «закладчик» 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сол себепті ата-аналар баласының немен айналысатынын, қаржыны қалай табатынын бақылағаны жөн. Өйткені жасөспірім баланы алдап көндіру, мол қаржымен қызықтыру оңай. «Закладчиктер» ұсталғанымен, шортандар әдетте құтылып кетіп жатады. Барлық жауапкершілік қылмыс үстінде ұсталған адамға жүктеледі.
Ұлттық құрылтайда танымал қорғаушы Айман Омарова осы мәселе жөнінде Президентке баяндап, тиісті шара қолдануды сұрады. «Көбіне заң тұрғысындағы жауапкершілікке, жазаға есірткі қолданатындардың, оны сатып тасымалдайтындардың негізгі ұйымдастырушылары емес, ортада жеткізіп берушілер тартылып жатады. 17-20 жас аралығындағы азаматтар бас бостандығынан айрылады, ал негізгі кінәлілер сол күйі табылмайды», – деді ол көптің жанайқайын жеткізе. Айман Мұратқызы – кезінде тергеуші болған, бүгінде зорлыққа ұшыраған балалар мен әйелдерді қорғайтын адвокат. Ол осы санаттағы 40-тан аса іске қорғаушы ретінде қатысқан. Адвокат Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен One-Stop-Service атты жобаны жүргізіп отыр. Бұл жоба зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді. Осы бағыттағы реформа енгізбесе болмайтын түйткілдерді де жан-жақты саралап айтқан Айман Мұратқызының ұсыныстарын Президент мұқият түртіп алып отырды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға бірнеше рет тоқталып, Үкіметке тапсырма берді.
Әйгілі тұлғалар сыйлығын алуды армандайтын Альфред Нобельдің бауыры Атырауда кеңсе ашып, мұнай компаниясының негізін қалаған. Әлемге танымал Альфред Нобель көз жұмарда өзі тапқан пайданың бір бөлігін ғылымға жұмсауды өсиет етеді. Оған швед корольдігі қарсы болғанына қарамастан, Альфредтің немере інісі Эммануил өсиетті орындап, Нобельдің барлық қаражатын қорға аударады. Осылайша, әйгілі қор қаражаты жасақталған. Кейін Эммануил Нобельдер құрған компанияға басшы болады. Сол Эммануил 1911 жылы Гурьев қаласында «Ағайынды Нобельдер» кеңсесін ашып, «Ембі» акционерлік қоғамын құрған екен. Нобель әулеті Қазақстан мұнайына заңды түрде 1912 жылдың 12 мамырында келген. Ағайынды Нобельдар бұл өңірдегі мұнайдың 37-39% өндіріп тұрған, 42 скважинасы болған, яғни адамзаттың игілігіне жұмсалып жатқан Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан түскен үлес бар! Ұлттық құрылтайда тарихи орындарға барып, ғалымдармен, мұнайшылармен кездестік. Атырауда ағайынды үш Нобельдің өмір сүргенін естідік.Доссор ауылында 1911 жылы Нобель тұрған үй орналасқан, әлі күнге тұруға жарамды, бүгінгі күнде жеке адамның иелігінде көрінеді. Мәдени мұра ретінде қорғауға алынбаған. Бұл елді мекенде өткен ғасырда салынған жүзден аса үй бар. Барлығында адамдар тұрып жатыр. Эммануил Нобельдің Доссорда тұрған үйін туристік нысанға айналдырса, тамаша болар еді. Нобельдің қазіргі ұрпақтары мұнай қазған бабалары тұрған үйдің әлі күнге аман екенін білмейтін де болар. Оларға хабарласа, осы үйді жәдігер ретінде қамқорлыққа алар еді. Міне, осындай тарихи мазмұны терең нысандар да құрылтайға жиналғандардың назарын аударды. Алдағы уақытта ұлт үшін оңтайлы шешім қабылданарына сенеміз. Ұлттық құрылтай – дәл қазір халық мүддесі үшін қажетті әрі тиімді тетік. Алқалы басқосуда елдің үні болуға лайықты ұсыныстар айтылды. Қоғамның дамуына үлес қосатын болса, Ұлттық құрылтай өз функциясын тиімді атқарғаны деп есептеймін.