Тау бөктерінде орналасқан шұрайлы табиғатымен танылған Төлеби ауданында тағы бір демалыс аймағы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Сәрсенов Сакен жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Киелтас ауылдық округі аумағында орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде.
Демалыс орнының ашылу салтанатына аудан ардагерлері, батагөй қариялар, ауыл халқы қатысып, абыз ақсақалдар батасын берді, лентасын қиды.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Айта кетерлігі, Төлеби ауданында туризм саласында 140 нысан қызмет көрсетеді. Былтырғы жылы 2,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 8 жоба жүзеге асып, 42 жұмыс орны ашылған. 2024 жылы инвестиция көлемін 1,8 млрд.тенгеге жеткізу жоспарлануда. Құны 220 млн теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 10 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар: Біркөлік демалыс аймағынан жеке кәсіпкер «Рысбаев» құны 120 млн теңгелік демалыс орны; Біркөлік шатқалынан ЖК «С.Сақибаев» өз қаражаты есебінен құны 100 млн теңге болатын қонақ үй құрылысы.
Мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. Ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтар да алдымен Түркістан қаласына аялдаса, одан кейін тау бөктеріндегі Төлебиге асығады. Яғни Түркістан рухани тұрғыдан тартса, Төлеби таза ауа, тамаша табиғатымен қызықтырады.
Аудан үшін туризм саласы өте үлкен маңызға ие. Табиғаты ғажайып, ауасы таза өңірдің әлеуеті өте жоғары. Туризм саласы арқылы ауданның имиджін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Туристер, демалушылар ауданда тынығып қана қоймай, мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлер жөнінде толық ақпарат алады. Сондай-ақ, бұл сала ауданның бюджетіне қомақты қаржы түсіріп қана қоймай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызады. Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, жаңа жобалар іске асып жатыр. Бұл ретте, Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарына апарар жолдар жөндеуден өткізілді. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын негізгі 3 бағытта іске асыруда. Мәселен, Төлеби ауданындағы жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын туристік бағыттағы 3 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық маңызы бар КХ-31 «Қасқасу қысқы демалыс аймағы» автомобиль жолының 10,2 шқ және КХ-170 «Біркөлік санаториясына кірме жол» автомобиль жолының 6,2 шақырымы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Бекітілген сметалық кұжаттамаға сәйкес, ескірген асфальт жабыны толығымен жаңартылып, аяқ жолдар салынды. Сондай-ақ, таулы аймақтарда көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында темір дөңгелекқағарлар және елді мекендерге диодты жарықтандыру шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілерімен қамтылды. Таулы аймақта жауын-шашын кезінде асфальт жабындысын су шаюдан сақтау мақсатында 14 жерде су өткізгіш құбырлар ауыстырылып, суағарлар орнатылды. Айта кетейік, бұған дейін облыстық маңызы бар КХ-93 «Кеңесарық-Қасқасу – Майбұлақ» (1,6 шқ) автомобиль жолы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын.
Былтыр аудан аумағында «Қасқасу» туристік – рекреациялық аймақтың құрылысы жалғасын тауып, «Шипабұлақ» демалыс аймағы кеңейтіліп, «Alma-Tau» таулы курортында қосымша қонақүй мен спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тауларда қоңыр, сұр, жазықта саздақты топырақ таралған. Дала өңірінде астық тұқымдас шөптер, ақселеу, жатаған, бидайық, беде, т.б. тау бөктерінде жеміс ағаштары өседі. Аудан аумағында: қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін, т.б., құстардан – бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам, өзендері ағып өтеді.
Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауынан арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне — Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі керемет, әрі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болы саналады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Табиғат аясында тынығушылар саны жыл санап артып келеді. Ауданның табиғи ерекшелігіне орай туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай.
Ауданның демалыс орындары тұрғындарға жыл мезгілдеріне орай тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Қыс мезгілінде таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебу үшін «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы, «Алма-тау» тау курорты қызмет көрсетеді. Ал, емделушілерге «Біркөлік» санаториясы, «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығы жұмыс жасауда. Балық аулауға арналған «Сақ» демалыс аймағындағы 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде.
Сонымен қатар тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» құрылысы жүріп жатыр. Кешен іске қосылғанда туристер саны едәуір артады деп күтілуде. Былтыр Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде саумалмен сауықтыру кешенін іске қосты. “Дихан Тау” саумалы сауықтыру орталығының жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады. Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды. Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.
Леңгір демекші, бұл атаудың сыры қандай деп қызығып сұрайтындар да аз емес. Белгілі жазушы, өлкетанушы Момбек Әбдіәкімұлы ол туралы тұшымды ой қозғайды. Тарихшы қаламгердің баяндауынша, Ленгір (Ленгер) этимологиясының сыры әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Бұл атау ғылыми ортада талқыланған да емес. Біреулер атаудың түп-төркінін ел аузында айтылып жүрген аңыздарға сүйеніп түсіндіргісі келеді. Ендеше, аңыз бен тарихи деректердің аражігін ашып, атау сырына тереңірек үңіліп көрелік. Алдымен аңыз нұсқасына тоқталайық. Ілгеріде Ленгір (Момынайсу) өзенінің жағасы қалың қамыс пен жыңғыл, тікенікті ағаш басқан ну болыпты. Нудан ары-бері өткен ірілі-ұсақты малдың жүні әлгі ағаштарға ілініп қала бергендіктен бұл сай «Іліңгір сай» аталып, кейіннен «сайы» түсіп қалып, «Іліңгірге» айналса керек. Уақыт өте келе «Іліңгір» қазақтың жалпақ тіліне орайластырылып «Ленгір», орысша нұсқада «Ленгер» аталыпты. Енді бір зерттеушілер «Ленгер» атауын парсының «лянгар» сөзінен іздемек болады. Жалпы, біздің Ленгірді қоса есептегенде Орта Азияда жеті елді мекен «Лянгар» аталады екен. Тағы бір дерек бұл санды он төртке жеткізеді. Зерттеушілер парсының «лянгар» сөзін – «якорь» (зәкір), «құтқарушы зәкір», «айлақ», «дәліз», «соңғы үміт», «дәруіштер тұрағы», «құтылудың соңғы мүмкіндігі» деген бірнеше мағынада аударады. Орта Азиядағы «Лянгар» аталған қоныстар таудың биік тұсында орналасқан. Қашқардария тауларында «Лянгар» аталатын әулиелер моласы бар. Тәжікстандағы Памирдің ортасында орналасқан Вахан жазығындағы Лянгар тас шоқылардың арасында орын тепкен. ХІХ ғасырдың соңына дейін Самарқандағы бірнеше махалла «Лянгар» аталған. Тәжікстан мен Өзбекстандағы «Лянгар» атауларының шығу тегі мен түп-төркіні исламның сопылық дәстүрінің бір тармағын қалыптастырған Ишки ата мен Мұхаммед Садық әулиеге телінеді. Бір аңызда Ишки ата мен Мекке әмірі екеуі Оспан құранына таласып қалады. Құранға қол жеткізе алмаған Мекке әмірі Ишки атаның үйіне дуа оқу арқылы тырысқақ ауруын жібереді. Кесел жұқтырған Ишки ата дерттен құтылмасын білген соң кенже ұлын Оспан құранымен бірге дорбаға салып, ақ түйеге артады да: «Осы түйе тоқтап, шөккенше жерге түспе!» деп пәрмендейді. Түйе тоқтамай жүріп таудың ұшар басына келгенде шөгеді, аздан соң тұрып, тағы жүреді де, бір тұсқа жетіп және шөгеді. Түйе шөккен жерлерді парсылар «зәкір (якорь) түскен жер» деп, «лянгар» (зәкір) аталыпты. Тәжікстандағы бұл молалар бүгінде туристер ең көп баратын орынға айналған.
Ал, енді Тәжікстан мен оған жақын Қашқардария облысының әр тұсына қойылған «Лянгар» атауы парсыға мүлдем қатысы жоқ, тіпті олардың табаны тимеген біздің Ленгірге қайдан жабысып жүр? Ленгірдің түп-төркіні – парсының «лянгар» сөзінен шыққан деп өзеурейтін зерттеушілер бұған қандай уәж айтар екен? Рас, Шыңғыс ханның шабуылы алдында біздің өлкені біраз уақыт парсының ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтеген, соның тілін сарай тілі еткен Хорезмшах билеушілері билеген. Қайталап айтайық, парсы тілі Хорезм патшалығының жалпыхалықтық емес, тек сарай тілі ғана болған. Енді сол парсы тілінде сөйлейтін сарай қызметкерлері осында келіп, елсіз, тек қалың ну басқан елеусіз, суы арқыраған аядай сайды ерекше көріп, оған «Лянгар» деп атау беріп кеткені де күмәнді емес пе? Тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда айтқан Тәжікстан мен Өзбекстандағы «Лянгар» атаулары XV-XVІІ ғасырлар аралығында қалыптасыпты. Осы кезеңдерде ол өңірлер Ақсақ Темір мен Шағатайдың, кейіннен Мұхамед Шайбанидың, қала берді, солардың ұрпақтарының иелігінде болған. Орта Азияның осынау билеушілері дәл сол кезеңде жаңағы айтылған жерлерге бірде-бір парсының аяғын тигізбеген. Орта Азиядағы жер атаулары араласпалы тілдік қолданыс арқылы әр жерге қойыла беруі де мүмкін. Бірақ, XV-XVІІ ғасырларда Тәжікстан мен Өзбекстанда қалыптасып қалған парсыша атаулар кенеттен қазақ рулары отырған нулы сайға берілді деу қисынға келмейді.
Жарайды, «Лянгар» этимологиясының түп-төркіні мен шығу тегі есте жоқ ескі замандағы Нұһтың кезінде қалыптасқан немесе орта ғасырда парсы тілінің ықпалымен пайда болған дегенге сене қояйықшы. Ондай жағдайда өлкемізге қатысты ескі жазбаларда бұл атау не үшін кездеспейді? Ескі жазбаларда Алатау мен Қазығұрт, тіпті, Қасқасу мен Сайрамсу, Момынайсу мен Бадам, Аққұм мен Жіңішке атауларын кездестірдік, тек Лянгар (Ленгір) жоқ. Егер «Лянгар» атауы ескі заманнан келе жатса, ол көне жазбаға, не болмаса ХVІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың өлең-жырларының біріне ілігетін еді.
Біз түгел ақтарып, маңызды беттерін көшіріп алған, Намангандағы Қоқан хандығының тарихын баяндайтын «Қоқан хандығына қатысты жазбалар тізімі» атты бес папканың біріндегі 1820 жылдарға қатысты жазбада былай делінген: «Қазығұрттың машрық (шығыс) бетіндегі Шойбек датқаға қарасты Момынайсудың жағасындағы қазақтар отқа көмір жағады. Момынайдың көмірі қоңырлау, жер бетіне шығып, шашылып жатады…» Момынайдың көмірін жазған қоқандықтар Лянгар (Ленгір) атауын бір рет те атамапты. Олар 1826 жылдан бастап Момынай, Аққұм, Бадам жағасындағы қазақтарға көмірден салық салады. Содан 1854 жылға дейін осы төңіректегі қазақтардың әр үйі қоқандықтарға жыл сайын төрт қап көмір өткізуге міндеттелген. Сонда қалай, қазақтардан салық ретінде көмір алып тұрған қоқандықтар Лянгар атын білмеген бе, әлде, әдейі жазбаған ба? Жоқ, екеуі де емес, өйткені ол кезде бұл маңда Лянгар (Ленгір) деген атау болмаған. Оның үстіне біздің өлкеде қоқандықтар мен орыс басқыншылығынан бұрын да Ленгірде көмір өндірілген. Қоқандықтарға сенбесек, онда 1865 жылдан осы өлкенің жер атаулары мен өзен-суларының аттарын түгелдеп қағазға түсірген, топонимикалық картасын жасаған отаршыл орыс жазбагерлерінің еңбектерін қарап көрейік. ХХ ғасырдың соңына дейін бұл атау олардың да еңбектерінде кездеспейді. Ленгер (Ленгір) туралы дерек тек 1897 жылдан бері ғана жазыла бастаған. Одан соң оқу-ағартуға қатысты бір жазбада 1902 жылы Ленгірде екі жылдық мектеп ашылғаны баяндалады. Міне, орыстардың жазбаларына сүйенсек, Ленгір атауының қалыптасу мерзімін ХХ ғасыр басының ар жақ-бер жағынан іздеген ләзім.
Ленгір ауданының тарихын біршама баяндайтын «Ата жұрт» атты танымдық кітаптың 102-бетінде журналист Ж.Ырсымбетовтің мақаласына сілтеме жасалынып, Ленгір көмірін 1869 жылы осы өңірге келген Татаринов деген орыс геологының тапқаны жазылған. Татариновтың кен барлау экспедициясының Ленгір жеріне келгені рас. Бірақ, ол экспедицияның іздегені көмір емес, алтын кені болатын. Татаринов төбелердің дәл түбінде ашық жатқан көмір шахталарын көреді. Өйткені, мұндағы қазақтар сол кезде-ақ көмірді отын ретінде пайдаланған. Экспедиция шахтаны тізімге алады да, қайтып кетеді. 1880 жылдардан кейін тау алабына қарай орыстың бірнеше кен барлау экспедициясы шығады. 1887 жылы осындай экспедицияның бірі Ташкенттегі генерал-губернатор кеңсесіне қазақтардың Момынай жағасындағы төбе шұңқырынан көмірді тезек тергендей жинап алып жүргенін, тез арада «қара алтын» өндірісін ашып, оны үкімет қарауына алу керектігін хабарлайды. Бірақ, орыс үкіметі бұл мәселеге он жыл бойы мән бермейді. Тек 1897 жылы орыстың атақты тау-кен инженері Р.Д.Романовскийдің шәкірті, ұлты неміс геолог Густав Шварцтың барлау экспедициясы Момынайға келіп, көмір қорын зерттейді. Экспедиция құрамында ұлты швед Стив Ленгерс атты көмір өндіру ісінің мықты маманы болады. Шварц Ленгерсті Момынай көмір шахтасын игеретін жұмыс тобының басшысы етіп тағайындайды. Айта кететін нәрсе, біреулер айтып жүргендей, Ленгерс неміс те, ағылшын да емес. Шамасы, Ленгерсті Шварц әкелген соң жұрт оны да неміс санаған сияқты.
Ленгерс осында көмірді игеруді қолға алғанда бірнеше орыс отбасы көшіп келеді. Олардың жұмысқа жарамдылары шахтаға тартылады. Ленгерс басшылық жасаған шахта «Ленгерская шахта» деп аталады. Ал, жұмысшы орыстар осында алғаш бой көтерген селоны шахта басшысы Ленгерстің құрметіне «Село Ленгерское» деп атайды. Ленгерс атауы көп уақыт өтпей-ақ өзгеріп, айтылуы жеңіл Ленгер (қазақша Ленгір) деген атаумен қалыптасып кетеді. 1900 жылдан 1975 жылға дейін Ленгір қаласының өсіп-өркендеуіне осы шахта айтарлықтай үлес қосты. Тұмса табиғатымен талайларды таңғалдыратын Төлеби ауданының қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып тұрған аймақ екені белгілі. Төлеби ауданы – Тәңір шарапатымен құт қонып, қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті бір өлкесі. Таулы аймақтың табиғаты да ерекше. Туризм саласын дамытуға, демалуға келген туристерді жан-жақты қызықтыруға жылдан жылға мән беріліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында туризм саласының экономикаға қосар үлесінің ұшан-теңіз екендігіне назар аударып, бұл саланы дамыту қажеттігін айрықша атап өткен болатын.
«Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет», – деген еді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұлай айтуының да нақты себептері бар. Айталық, Дүниежүзілік туристік ұйым ұсынған деректерге қарағанда, қазіргі уақытта туризм әлемдік экономиканың табысы жоғары әрі қарқынды дамып келе жатқан салаларының біріне айналып отыр. Тіпті, бұл сала табыстылығы жағынан мұнай өндіру мен мұнай өңдеуден және автокөлік экспортынан кейін үшінші орынға тұрақтайды екен. Туризм әлемдік жалпы ұлттық өнімнің шамамен 6 пайызын, әлемдік инвестициялардың 7 пайызын, әрбір 16-шы жұмыс орнын, әлемдік тұтыну шығындарының 11 пайызын және барлық салық түсімдерінің 5 пайызын құрап отыр. Демек, туризм саласынын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету арқылы оны ұлттық экономиканың толыққанды қуатты драйверіне айналдыруға болады деген сөз. Ал еліміздің алуан-түрлі табиғатының, көркем жерлерінің оған толықтай мүмкіндігі бар.
Осы бағытта ел Үкіметі де нақты жұмыстарды қолға алды. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.Құжат туризм инфрақұрылымын, логистиканы құру және дамыту, қолайлы жағдайлар жасау, сервис сапасын арттыру және цифрландыруды дамыту, елдің туристік әлеуетін өңірлік және халықаралық деңгейде ілгерілету сынды нақты бағыттарды қамтиды. Егер тұжырымдама толыққанда жүзеге асырылған жағдайда 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 11 млн адамға жетіп, келуші туристер саны 4 млн адамға дейін артатын болады. Ал қонақ үйлер «eQonaq» ақпараттық жүйесімен 100 пайыз қамтылады.
Жалпы, елімізде соңғы 2-3 жылдан бері туризм инфрақұрылымының деңгейін және сервис сапасын арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. 2022 жылы еліміздің өңірлерінде 28 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Олардың қатарында Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар салу, Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автомобиль жолын салу, Үшарал және Үржар әуежайларын іске қосу сынды маңызды жобалар бар. Өткен жылы 85 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жалғасты. Олардың ең ірілері ретінде Имантау-Шалқар курорттық аймағында автомобиль жолдарды салу және реконструкциялау, Алакөл көлінің жағалауында жағалауды нығайту жұмыстары, Балқаш қаласындағы Бертіс шығанағының жағалауын абаттандыру, Жасыбай көліне кіреберісті орташа жөндеу сынды жобаларды атауға болады. Мұнан бөлек, 20 өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ТОП-20 дестинация бойынша жол карталары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде және елді мекендерден тыс орналасқан туристік объектілерде инженерлік инфрақұрылым құру бойынша жергілікті атқарушы органдарға құзырет беруге қатысты қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету әзірлеу мәселесі пысықталуда. Қазақстан аумағында 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Олардың аумағында табиғатқа зиянын тигізбейтін экотуризмді, ал табиғаты көрікті жерлерде орналасқан ауылдық елді мекендерде агротуризмді дамытуға мүмкіндік жетерлік. Бірақ, бұл жерлерге жетудің өзі қиын, жол нашар. Жеткен күннің өзінде жайлы қонақ үй, сапалы қызмет көрсету деңгейі тым төмен. Яғни, туризмді дамытуға қажетті барлық табиғи, тарихи, мәдени ресурстар болғанмен сол ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін инфрақұрылым жоқ. Сондықтан да жақын уақыттың ішінде туризмді дамытуға мол мүмкіндігі бар жерлерде инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Мұнан бөлек, елін-жерін көркейткісі келетін, туризм саласын дамытуға бел шеше кірісуге, инвестиция салуға дайын кәсіпкерлерге де мемлекет, жергілікті әкімдіктер тарапынан да қолдау болғаны жөн.