Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы Төлеби ауданында жалғасуда. Халықтың шамадан тыс несие алуы – өте өткір мәселе болғандықтан, олардың банктің жұмыс жүйесімен таныстыру көзделген. Аудандағы экономикалық белсенді халықтың басым бөлігінің 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Осыған орай, Аққұм ауылдық округі Момынай ауылдық клубында өтіп жатқан жоба аясындағы оқу курсында тұрғындар банк несиесін төлеу мерзімі кешіктірілген жағдайда қолданылатын шаралар барысы, несие келісім-шартын өзгерту жолдары түсіндірілуе.
Оқу курсынан өтуші азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес берілуде. Тұрғындарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмек көрсету бағытында ұйымдастырылған оқу курсында келушілеге табысты жоспарлау, enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алуда. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік берілуде. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындады. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.
Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізілуде. Мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек. «AMANAT» партиясының білім беру жобасын қамтуды кеңейту бойынша Жол картасын іске асыру шеңберінде – “Қарызсыз қоғам”, аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша өтетін Төлеби ауданында семинар өту кестесі бекітілді.
Әлеуетті әлеуметтік жоба. «Amanat» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» дейтін қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірлескен әлеуметтік жобасы қолға алынды. Жоба ауқымын кеңейтуде жол картасы бекітілді. Басты мақсат – берешегі бар қарыз алушылардың ғана емес, жалпы халықтың инвестициялық мәдениетін көтеру, бизнес жоспар құруға, жеке және отбасы бюджетінің қажеттілігін үйретуге дағдыландыру. Әр өңірде жүргізілген курс биыл да жалғасын тауып, 750 мыңға жуық адамды қаржылық сауаттылыққа оқыту басталып кетті. Бұл жөнінде таяуда Астана қаласында 150-ден аса қаржы саласының сарапшысы бас қосқан жиында айтылды.
«Биыл қаржылық сауаттылық негізін мектеп қабырғасынан бастап оқытуды қолға аламыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп оқушылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін оқу құралдары әзірленеді. Жоба аясы кеңейеді. Еліміздің барлық өңірінде 750 мың адамды, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушыны оқыту жоспарланып отыр», дейді партия хатшысы. «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, өтініш берушілерді іріктеу кезінде 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға басымдық жасалады.
«Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды. Ал 1,7 млн адамың несие төлеу мерзімі өтіп кеткен. Біз жұртшылыққа тек сан мен санауды үйретіп қана қоймай, таңдау жасау еркіндігіне жол ашамыз. Өйткені олар қаражатты қалай басқару керегін түсінген соң, алдағы күнге жоспар құра бастайды. Біздің жоба – қаржылық тәуелсіздіктің кілті», дейді ол. Қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Жандос Әзімбай тыңдаушылар арасында түрлі жағдайға тап болғандар бар екенін айтты. «Халықтың басым бөлігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді де несиеге рәсімдей бергенге үйреніп кеткен. Тыңдаушылар арасында орта есеппен бір адамға 2-3 тұтынушылық несиеден келеді. Ал несие көлемі 70 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі аралықта. Кейбірі қарызды қажеттіліктен емес, маркетинг айласына алданып қалып рәсімдеп жіберген. Тыңдаушылардың бірі тіпті 16 несиеге дейін рәсімдеп тастаған екен», дейді сарапшы. Аталған жобаның мақсаты да сол – адамдарға өздерінің кіріс-шығысын есептеуді үйрету, қаржылық сауаттылық әліппесін меңгерту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны Halyk Bank (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), Jusan Bank, Bank RBK, Nurbank, Еуразиялық банк, Altyn bank, Банк ЦентрКредит, Freedom bank және Bereke bank қолдады. Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді. Жобаға қатысушылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн платформа әзірленді. «Жаңа платформада 24/7 режимінде қолжетімді қаржылық сауатты арттыру курсынан бастап, түрлі санаттағы қатысушыларға арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі білім беру ресурсының ауқымды спектрі бар. Сонымен қатар күндізгі форматта білім алғысы келетін азаматтар сайтқа кіріп, курсқа жазыла алады. Ал семинарға қатыса алмайтын адамдар үшін сайтта бейнесабақтар мен әдістемелік материалдар орналастырылады. Жоба мақсаты – азаматтардың қарыздан құтылуына көмектесу ғана емес, сондай-ақ жаңа қаржылық мәдениетті қалыптастыру», – деді ол.
Бас-аяғы 1,7-2 млн отандасымыздың мойнында 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Бұл шамамен халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың азды-көпті 20%-ын құрайды. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқудан өткен отандастарымыздың 75%-ы – әйелдер. Солай бола тұра, жобаға қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Оқыту курсынан өткендердің 10%-ы – зейнеткерлер. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева биыл инвестиция құю негіздері бойынша оқыту курсына арнайы блок қосылғанын айтты.
«Біз әр қатысушыға ұсынылатын жұмыс дәптерін әзірледік. Онда қаржылық сауатты арттырудың барлық курсы қамтылған. Біз есепке баса назар аударамыз. Көп формуламыз бар. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтар қаржылық сауатты есеп арқылы түсінеді. Яғни, адам өз қарызына қатысты артық төлемді есептеп алмайынша, несие ауыртпалығын толық түсінбейді. Жоба қатысушыларына жыл бойы көмек көрсетеміз. Қаржы сарапшыларымен қоса, оларға заңгерлер де қол ұшын созады. Бізде жұмыс істеп тұрған кейстер бар. Мәселен, азаматтардың шоты бұғаттан босатылып, қарыз өтеудің жаңа кестелері әзірленді. Яғни, несие бойынша борыштың құрылымы қайта қаралуда», – деді ол.
Мектеп, колледж және білім ордасындағы шәкірттерге арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қолда бар қаражатқа барынша жауапты қарауды үйретуге мүмкіндік береді. Дәл осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы оқыту курсын әзірлеп, оны биыл айналымға енгізу жоспарлануда. Ал мектеп қабырғасында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының мамандары тәуелсіз сарапшылар мен мұғалімдерді тарта отырып, қолданыстағы «Жаһандық құзыреттілік» пәніне аудит жүргізді. Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінен «Қарызсыз қоғам» жобасының педагогтері мен сарапшыларынан құралған жұмыс тобы оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға арналған жаңа курс бойынша жұмыс істеуде. «Қарызсыз қоғам» жобасының бас менеджері Фариза Асылбек оқыту курсы барысында тренерлер отбасылық бюджетті дұрыс құруды, автокөлік сатып алу немесе үйлену тойын өткізу сынды ірі шығындарды алдын ала жоспарлауды үйрететінін атап өтті. Түркістан облысы Сайрам ауданы Теспе кентінің тұрғыны, жоба қатысушысы, төрт баланың анасы Айнұр Есенова «Қарызсыз қоғам» туралы пікір білдірді.
«Былтыр жазда оқыту курсына қатысып, кейін сүт өңдеу бойынша шағын кәсібімді бастадым. Көршілерімнен сүт сатып алып, одан май мен құрт жасадым. Алғашқы тапсырыстар түсе бастады. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен берілетін несие алып, оған 8 сиыр сатып алдым. Біртіндеп кәсібімді дамыта бермекпін», – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы «Ауыл аманаты» жобасының қолданыс аясын кеңейтіп, борышкерлерді оңалтудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынған болатын. Осылайша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқуын аяқтаған адам «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін аша алады. Атап айтқанда, партиялықтар өндірістік жабдықтарды алуға мүмкіндік беретін лизинг бағдарламасын ашуды, сондай-ақ жоба менторларының бақылауымен қайтарымды грант құралын пайдалануды ұсынды. Бұл қадам елдің экономикалық айналымына 1 миллионнан астам адамды тартуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тің қолдауымен қанатқақты режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Курсқа жазылу үшін https://qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.
Еңбек – адам өмірінің негізі.Қазір адамдар өмір сүру үшін еңбек етеді.Онсыз тіршілік ету мүмкін емес. Яғни, бүгінгі таңда еңбек маңызды фактор болып саналады. Еңбек етсең, ширайсың, шынығасың, өмір көресің. Қазақ халқы әу бастан еңбек етуді тіршіліктің көзі, тұтқасы, бүкіл тәрбиенің басы деп санаған. Еңбек арқылы балаларды елжандылыққа, бірлікке, іскерлікке баулыған. Осылайша, әр отбасы балаларына еңбектің пайдалы жақтарын үнемі айтып отырған. Оны, көбінесе, мақал-мәтел, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асырған. Оған «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек түбі – береке» деген мақал-мәтелдер дәлел бола алады. Бұдан біз ата-бабаларымыздың тәрбиенің көзі еңбекте жатқанын білгенін ұғамыз. Сол себепті, ұлдарды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, кәсіп табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй-іші жұмыстарына үйреткен. Табысқа еңбекқорлар ғана жететінін, табыс табу пайда табудан үлкен өнер екенін түсіндірген. Осыған орай халқымыздың «Артық олжа-басқа еңбек», «Оңай олжа – тұрмас қолға», «Шығын шықпай – кіріс кірмейді» деген мақалдары да бекерден-бекер айтылмаса керек. Қорыта айтсақ, отбасында жақсы тәрбие берудің негізгі мән-маңызы – баланы жасынан еңбек етуге, үнемшілдікті үйренуге, сараңдыққа салынбауға, ұқыптылыққа, ақыл-парасаттылыққа, қаражатқа деген дұрыс көзқарас қалыптастыруға және олардың қалай келетінін немесе табысты да таза еңбекпен жасауға үйрету, тәрбиелеу деген сөзді білдірсе керект-ті. Ендеше, бүгінгі ұрпақты адал еңбекке тәрбиелеу баршамыздың парызымыз екендігі хақ.
Жаратылғанның Жаратқанына мінәжат етуі міндет. Алла адам баласынан басқасының барлығына мінәжатты міндеттеген.Ал, адам баласына Пайғамбарлар арқылы кітаптар жіберіп ақылдарын қолдану арқылы Алланы табуларын ғана жүктеген. Ақыл арқылы ақ пен қараны, жаман мен жақсыны, адал мен арамды салыстыра білсін және адал жолмен еңбек етіп, күнінің жиырма төрт сағатын құлшылықпен өткізсін деген. Ақырзаманға дейін үкімі тоқтамайтын Құран кәрімде Алла Тағала:
«Адамдар мен жындарды өзіме ғана құлшылық етулері үшін жараттым», – дейді. Рақымды да Рахман Жаратушымызға сенген әрбір мұсылман, Құран кәрімнің әмірі бойынша ғибадат етуі парыз. Мұсылманның жиырма төрт сағаты ғибадатқа айналуы тиіс. Намаз, ораза, зекет, қажылықтың ғибадат болғанындай маңдай терін төгіп еңбек ету де ғибадат. Әрбір мұсылман өзін және отбасын асырау үшін адал еңбек етіп нан тауып, адал рызықпен қоректенуі де құлшылықтың бір бұтағы болып есептеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде адал еңбек туралы былай деп бұйырған екен:
«Кімде-кім, басқасына мұқтаждықтан сақтанып, бала-шағасын бағып, көрші-қолаңына жақсы қарым-қатынаста болып дүниені адал жолмен тапса, Алланың құзырына барғанда жүзі толған айдан да жарық болады», – деген. Маржан сөздің мәйегі болған тағы бір хадисте: «Расында да Алла Тағала қолында кәсібі бар мұсылманды жақсы көреді», – деп барлық сахабаларын жалқаулықтан тыйған. Қазіргі жастарға өз қалаған мамандықтарын таңдап, елімізге, жерімізге, өз отбасына адал қызмет етулеріне мүмкіндік мол. Жастардың барлығы бірдей әнші-күйші, заңгер, сот секілді мамандық емес, басқа да мамандықтарды таңдап, елдің дамуына үлесін қосу арқылы, Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыруына мүмкіншіліктері мол. Нақтырақ айтар болсақ, егін шаруашылығы елімізде көкөніс тапшылығы болмауына, мал шаруашылығы еттің қолжетімді болуына, техника, текстиль, тағамтану, т.б. мамандықтардың өзіндік қажеттілігі бар. Осындай мамандықтарды игеру әр азаматтың Алла алдындағы, Отан алдындағы, отбасы алдындағы міндеті десек, артық кетпеген болармыз. Ал, мамандықты таңдау мәселесінде шарасыздықтан емес, қоғамдағы қажеттілікке қарай өз қалауымен таңдау жасау да маңызды. Біле-білгенге әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі мен маңыздылығы бар. Ең керектісі, екі дүниемізді ұмытпай, бөтеннің ала жібін аттамай маңдай терімізбен адал қызмет ету ғана.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз босқа айтпаса керек. Мұсылмандықтың символы қазақ ойшылдары адалдықты, әділдікті, әдептілікті аз жырламаған. Еңбек етпей, маңдайдан тер төкпей мақсатқа жетудің мүмкіндігі жоқ. Яғни, жатыпішерлік мұсылмандыққа да, адамгершілікке де жат пиғыл екені шындық.
Әлем таныған қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлы жиырма бесінші қара сөзінде:«Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Жатып – ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына, әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірленуге себеп болатын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен» деп жаныпішерліктің кесапат әкелетін апатты жол екенін ескертеді, заңғар парасаттың биігінен біліктілікке үндейді. Жұмыстан қашып, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүру – адам баласына жат қылық, бойға біткен ең жаман әдет. «Жалқаулықтан жаман дерт жоқ» деп түйсінген қазақ халқы өз ұрпағын бұл жаман дерттен бойын аулақ ұстауға баулыған. Білімде, ғылымда, күнделікті тұрмыста ұл-қыздарына өз өсиеттері мен өнегелі әдеттерін де қоса үйрете отыратын болған.
Әлемдік дамыған елдердің ішінде мұсылман мемлекеттері саусақпен санарлық. Күнделікті қолданып жатқан тұрмыстық заттарымыздың өзі мұсылман қолымен жасалмағанын ескерсек, «Адамның істегенін адам істейді» деген өсиет ұмытыла бастаған ба деген ой туады. Қытай істегенді қазақ істей алмай ма? Қазір базарға барсаң, бір затты аларда қай елде жасалғанын сұрап, шетелдікіне жүгіреміз. Неге Қазақстанда жасалғанын сатып алып, отандық өндірістің дамуына үлес қоспасқа? Елімізде көптеген өндірістік орындар ашылды, біздің қолдағанымыз – сол өнімді сатып алу деп өзімізге міндет қоя білуіміз керек. Адамдық қасиеттердің бірі – еңбекқорлық екенін насихаттау мақсатында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Алла Тағалаға «Жалқаулықтан сақта» деп дұға еткен екен. Әнас ибн Мәлік (р.а) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Аллам! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін», – деп дұға жасайтын. Мұсылмандық жолмен жүру, не болмаса, мұсылмандық жолға түсу – күні-түні мешіттен шықпай құлшылық қылу деген сөз емес. Мұсылманшылық әрбір мұсылманға дүние тіршілігінде басқалармен терезесі тең болуы үшін еңбек етуді міндеттейді. Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың тәлімі ерек, тағылымы бөлек хадистерінің бірінде: «Бұл дүние үшін мәңгі қалатындай, ақыретің үшін ертең өлетіндей еңбек ет», – деп бұйыруы, еңбектің маңыздылығын білдіріп тұрғандай.
Алла Тағаланың елшілерінің барлығының өзіне міндеттелген дүниелік кәсібі болған. Нұх (ғ.с.) пайғамбар балташы болған. Юсуф (ғ.с.) егінші, Мұса (ғ.с.) қойшы, Дәуіт (ғ.с.) темірші болды. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қойшы, саудагер болған. Елімізде көптеген жастар қолында дипломы болғанымен «жұмыс жоқ» деген сылтаумен бос жүр. «Екі қолға бір күрек» деген әр азамат жұмыстың бір көзін табары шындық. Мұсылман сегіз қырлы, бір сырлы болуы қажет. Нағыз азамат өзінің біліміне, білігіне, білегіне сүйенеді. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай атамыз әр адам баласы еңбекқор болуға міндетті екенін ескерткен.
Ислам дінінің қағидалары кемел жүйені қалыптастырды. Сол арқылы адам баласы бір жағынан – бақилық өмірге, екінші жағынан пәни өмірге дайындалады. Біріншісі, адам жүрегін Аллаға қызмет етуге бағыттау, оны мәңгі жалғасатын болашақ өмірмен байланыстыру. Екіншісі, дүниелік өмірдің ізгіліктерінен де мақұрым қалмауға үндейді. Соның негізінде өмірлік іс-әрекеттеріміздің өзі Жаратушыға деген ғибадатымыздың бір қыры ретінде қабылданады. Бұл туралы Құранда: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағаны секілді, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүлік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді» («әл-Қасас» сүресі, 77-аят) деп келеді.
Шынында Алла Тағала адам баласына өмірдің сұлулығынан пайда көруге, жер бетінде жұмыс істеп әрі қарай дамуға мүмкіндік берді. Құдай берген ақылын орынды пайдалана білетін пенде үшін – бұл үлкен игілік. Осы игілікке жетудің бірден-бір жолы – еңбек ету. Құран өнімді жұмысқа, яғни адамның еңбегіне үлкен мән береді. Соның негізінде адамның ғаламдағы орны алдымен сенімі, содан кейін іс-әрекетімен анықталады: «Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады» («Нәжм» сүресі, 39-аят). Бір күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары үйінен ерте нәпақа іздеп шыққан төзімді әрі қайратты жас жігітті көріп: «Мына жігіт өзінің жастық шағы мен күш-жігерін Алла жолында жұмсаса ғой», – дейді. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол үйінен өзінің балиғатқа жетпеген бала-шағасын асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер ол шаңырағындағы қартайған әке-шешесін асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өзіне ризық іздеп шықса, ол Алла жолында», – деп жауап берген екен.
Жоғарыда келтірілген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесі, еңбек жолына түсіп, өзінің және отбасының нәпақасын тауып жүрген мұсылман баласының Алла жолында екенінің айқын дәлелі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) те еңбек еткен. Өзге пайғамбарлардың да түрлі кәсіп иесі болғаны белгілі. Мысалы, Нұх (ғ.с.) пайғамбар – кеме салушы, Салих (ғ.с.) пайғамбар – түйе бағушы, Жүніс (ғ.с.) пайғамбар балықшы болған.
Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың басынан өткен мына бір оқиға – адал еңбектің адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. Бірде Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар кедей адамның киімін киіп, халықтың арасына шығып, өзі туралы сұрастырмақ болады. Осылайша кездескен адамдардан: «Дәуіт қандай кісі?» – деп сұрап жүрген кезде, адам кейпіндегі Жәбірейіл періште кездесіп: «Ол (Дәуіт) Алланың жақсы құлы, бірақ оның бір кемшілігі бар», – деп жауап береді. Дәуіт: «Ол қандай кемшілік?» –деп сұрайды. Сол кезде адам бейнесіндегі періште: «Оның өмірі мемлекеттің қазынасынан қамтамасыз етіледі. Алла болса, өз өзін қамтамасыз ете алатын құлдарын жақсы көреді», – деген екен. Бұл жауапты естіп, үйіне көңілсіз оралған Дәуіт пайғамбар көзіне жас алған күйде: «Иә, Раббым! Маған бір қолөнер үйренуді нәсіп қыл, сол арқылы өз нәпақамды табайын», – деп дұға етеді. Жаратушы Алла оның дұғасын қабыл етіп, темірден сауыт жасаудың жолын көрсетіпті.
Қазіргі уақытта мұсылмандар өз уақытының аз бөлігін де пайдасыз өткізбеу керек. Оның міндеттерінің саны уақытынан көп. Сол себепті басқа мұсылмандарға көмектесу керек. Егер сіз маңызды іспен айналыссаңыз, оны мүмкіндігінше тез бітіруге тырысуыңыз қажет. Әрбір мұсылман өмір сүру үшін қаражат табуға, еңбекке деген құлшынысын үнемі арттыруға, табандылық танытуға, үлкен байлыққа ие болса да жұмыс істеуге, кемелдікке қол жеткізу жолында алдап-арбауға, мерзімдерді бұзбауға міндетті. Осы мәселеге қатысты Абай атамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде, – деп бізді еңбек етуге шақырады.
Халқымызда «Еңбек ет те, міндет ет» деген жақсы бір сөз бар. Қазіргі күннің биігінен көз салсақ, әлемдегі алға озып кеткен отыз елдің қай-қайсысы да еңбекті басты орынға қойған. Еңбексіз еш нәрсе болмайды. Игілік өздігінен келмейді.
Біз бәсекеге қабілетті болу дегенді қалай түсініп жүрміз? Мәселен, дүниежүзіндегі жоталы даму үрдісіне қол жеткізген елдер «қазақ бізді қашан қуып жетеді» деп тосып тұрмайды ғой. Дүние дидары ашық. Кім мықты, сол озады. Бәсеке деген – сол. Ал сол бәсекеге ілесу үшін әр қазақ қабілетті де қайратты болуы керек пе, жоқ па? Мәселенің басы ашық: біздің билік әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуды ұлттық мұрат етіп отыр. Бұл – күндіз-түні тынбай еңбек ету, жақсы өмір сүру, жайлы тұрмысқа қол жеткізуге ұмтылыс дегенді аңғартады. Шашасына шаң жұқтырмай, алға зуылдап бара жатқан Жапонияны қарайық. Еңбек ету қарқыны сұрапыл. Демалыс дегенді білмейді. Бұл елдің үкіметі еңбеккерлерге ақысы төленетін демалыс белгілеген. Жылына 20 күн демалыс алуға болады. Соның он күнін әзер алатын адам көп. Неге? Жапон жаратылысында демалыс алған адам «жалқаулыққа бой ұрған» немесе «тапсырылған жұмыстан жалтарған» адам санатына жатқызылады. Жаппай жұмыс істеуге деген құлшыныс «кароши» деген проблеманы туғызғаны да жасырын емес. Сөзбе-сөз аударғанда «бейнеттен қаза табу» деген мағына береді. Есіл-дерті жұмысқа ауып кеткен адамдар кейде өзіне-өзі қол салуға дейін барады екен. Қазіргі жапон билігі бұл проблемаға қатты назар аудара бастаған. Елдің халқы қартая бастағаны белгілі, 2050 жылдары жұмыс күші күрт азаяды деген болжам бар. Сол себептен 2020 жылға қарай аптасына 60 сағаттан артық жұмыс істейтін адамдарды 5 пайызға азайту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Елдің 8-9 пайызы солай жұмыс істейтін көрінеді. Жұмысқа шексіз берілгендікті бәсеңдету үшін үкімет белгіленген еңбек демалысының 70 пайызын пайдалануды міндеттеуге ұмтылып отыр.
Екінші жаһандық соғыстан кейін дереу есін жинаған жапон жұрты солдат униформасын костюмге ауыстырды. Бұл елдің жұмыскерлері бірыңғай қара түсті костюм-шалбар киеді. Жалпақ тілде salarymen атанған еңбекқор адамдардың шоғыры Жапонияны әлемдік көштің алдыңғы сапына бір-ақ шығарды. Сонымен, жапондықтар демалыс дегенді білмей еңбек етіп келеді. Сенбі-жексенбі демалыс күндері саналады. Кей компаниялар жылына бірнеше күн қосымша демалыс береді. Айталық, жұмысшыға 10 күн демалыс берілді дейік, оны бірден алуға болмайды. Бұл күндерді тек бөліп алуға болады. Аяқ астынан жол жүруге, бір жаққа баруға тура келсе, бір ай бұрын жұмыс орныңызға ескертіп, орныңызды алмастыратын адам табуыңыз керек. Сондықтан «шаруа шығып тұр», «құдалыққа баруым керек еді», «бір той бар еді» дегендей біздің сылтауларымыз бұл елде жүрмейді. Жексенбіде ауырып қалып, дүйсенбіде жұмысқа шықпай қалу деген атымен жоқ. «Обон» деген өлгендерді еске алу күні мереке санатына жатқызылады. Тамыздың ортасында берілетін мерекелік демалысқа жұмысқа кіргеніне екі жыл толмаған адамдар мүлдем шықпайды. Жаңа жылға 1-3 күн демалыс беріледі. Егер ол күн сенбі-жексенбіге тура келіп қалса, біздегідей күнді жылжыту деген атымен жоқ. Мамыр айында «алтын апта» дейтін күндері бар. Бұл тұсқа бірнеше мемлекеттік және діни мейрамдар қабат келеді. Сондай күндерде де жанталаса жұмыс істейтіндердің қатары сұмдық көп.
Жапондықтар – өте еңбекқор, күндіз-түні бір тыным таппайды. Олар жайдан-жай түскі асын ішпей-ақ күніне 15-18 сағат жұмыс істей беруі мүмкін. Сондықтан да музейде, метрода, аялдамада, тіпті жұмыс арасында да көз шырымын алып отырған жапондықтарды көрсеңіз, еш таңырқаудың реті жоқ. Жапонияда жұмысқа тура уақытында келгенді жаратпайды. Жұмыс орнына кез келген адам кемінде жарты сағат ерте болуы керек.
Жапония халқының саны жөнінен дүниежүзінде 10-шы орын алады. Қазіргі таңда Жапония халқының 91 пайызы қалаларда тұрады. Жапония теңіз кемелерін, автомобиль, тұрмыстық техника мен робот өндірісі бойынша да әлемде жетекші орындардың бірін иемденіп отыр. Бұл елде өте сапалы болат балқытылады. Жапон автомобильдері мен техникасын біздің ел де пайдаланып отыр. Жапондықтар балаларға тым көп зат алуды, олардың әр еркелігіне құлақ аса беруді дұрыс нәрсе емес деп есептейді. Жапондар өте үнемшіл халық, балаларын да «қанағат қарын тойғызар» қағидасымен тәрбиелейді. Олардың ойынша, баланы ұқыптылық пен қарапайымдылыққа ерте бастан үйреткен дұрыс. Мысалы, баланың ойнайтын ойыншығы аз болған сайын, сындырып немесе жоғалтып алмас үшін ойыншықтың қадірін түсіне бастайды. Дәл сол сияқты мектепке барарда алынған былғары сөмкені бастауыш сыныпты бітіргенше ұстауы мүмкін. Мұндай қарапайымдылық баланың салмақты болуына әсер етеді. Міне, ұлттық тәрбие. Жапон және Сары теңіз аралығындағы Корея түбегінің оңтүстігінде орналасқан Оңтүстік Корея да солай. Халқының саны 50 миллионнан астам. Басым көпшілігі қалаларда тұрады. Ел тұрғындарының 99 пайызы – корейлер.
Корея Республикасының экономикасы қарқынды дамып келе жатқан әрі күшті экономика санатына жатады. Бүгінде Оңтүстік Корея экономикасы – ІЖӨ-нің номиналды көлемі бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің арасында 4-орында. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, қырық жылдан аз уақыттың ішінде Оңтүстік Корея дамымаған аграрлы елден әлемдік экономиканың ең биік шыңына көтерілген елге айналды.
Оңтүстік Корея өткен ғасырдың 60 шы жылдарына дейін әлемдегі ең кедей елдердің қатарында болғаны белгілі. 1959 жылдың мәліметтері бойынша, мемлекеттің әр оныншы адамы туберкулезбен ауырған, ал әр жүз адамы алапеске шалдыққан. Елдің кейбір жерлерінде ғана суқұбыры болған және халықтың 90 пайызы өзен суын және қоғамдық құдықтарды пайдаланған. 1963 жылы халықтың жан басына шаққандағы жалпы ұлттық өнім 100 долларды құраса, бүгінде 31 000 доллардан асады. Оңтүстік Корея автомобиль, кеме құрылысы, болат құю өнеркәсібі саласында, тұрмыстық техника мен электроника өндірісінде әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Ең бастысы, ел аз уақыттың ішінде 1997–1998 жылдардағы қаржылық дағдарыстың ауыр салдарын жеңіп,өз экономикасының бәсекеге қабілетті екенін әлемге дәлелдеп берді.Оңтүстік Корея білім мен ғылымға ерекше мән береді. Жастардың басым бөлігі университеттерде білім алады. Жапондықтар секілді кәрістер де қатты жұмыс істейді. Еңбек ету ұғымы бала кезден бойға сіңіріледі. Мәселен, бұл елдің балалар ертегісінде бір баланың инемен ағаштан кеме жасап шыққаны айтылады. Шұқып, шұқып, шұқып отырып, бала кеме жасап шықты дейді.Сол сияқты Финляндияны алайық. Бұл ел бірінші кезекте білікті мамандарға арқа сүйеді. Бұл елде мұғалім мәртебелі мамандық саналады. Әсіресе, мұғалімдердің шығармашылық белсенділігіне ерік берілген. Оқытушы болып жұмысқа тұру оңай шаруа емес. Үздік магистрлік диплом да еш кепілдік бермейді. Олар емтихан тапсырады, арнайы әңгімелесуден өтеді. Ең алдымен, өздерінің тұлғалық қасиеттерін, адалдығын, тез тіл табыса алатынын және балаларға деген кіршіксіз махаббатын көрсетуі қажет.Фин мектептерінде үй шаруашылығы сабақтарына қатты мән беріледі. Балалар пәндік сабақтардан кейін тамақ пісіру, үй жинау, үтіктеу, тігін, бау-бақша жұмысы, кір жуу секілді тұрмысқа қажетті жұмыстарды атқара отырып есейеді. Осы арқылы ерте бастан дербес еңбекқор тұлға болып өседі. Жауапкершілік пен еркіндікті басты өлшем санайды. Үлкендер балаларының өздері сияқты шынайы болғанын құп көреді. Осылайша, балаларға еркіндік беру арқылы әлеуметтік жауапкершілік дағдыларына үйретеді.
Екінші жаһандық соғыстан кейін дереу есін жинаған жапон жұрты солдат униформасын костюмге ауыстырды. Бұл елдің жұмыскерлері бірыңғай қара түсті костюм-шалбар киеді. Жалпақ тілде salarymen атанған еңбекқор адамдардың шоғыры Жапонияны әлемдік көштің алдыңғы сапына бір-ақ шығарды. Салыстырып, салғастырып қарайтын болсақ, әлемде мұндай мемлекеттер аз емес. Бәрінің табыс сыры – еңбекте. Жастай еңбекке баулу, жауапкершілікті ерте сезіну, еріншек болмау – тәрбиенің маңызды буыны.
Мұның бәрін неге сөз етіп отырмыз? Мына елдердің бетке ұстар өнеге жолы Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой» деген ойымен өзектес. Өкінішке қарай, біздің қазақ қоғамы «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» жолымен кетіп барады.
Әлемдік еңбек нарығы өзгеріс үстінде. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша дүниежүзі бойынша шамамен 62 миллионнан астам адамға жұмыс орындары жетіспейді. Жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейіне қарағанда 2 есе жоғары, ал әйелдер арасында ерлерге қарағанда 26 пайыз жоғары. Әйелдер қауымының еңбекақысы ерлерге қарағанда 20 пайыз төмен. Дүниежүзі бойынша 313 миллион жұмыс істейтіндер тәулігіне 1,25 АҚШ долларына күн көруде. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жоқ емес. Жыл сайын ондай азаматтардың саны артып келеді. Негізінен алғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі үлесі оңтүстік өңірлерге тиесілі. Арнайы жүргізілген әлеуметтік сауалнама соңғы 25 жылда ауылдық жерлерде өзін-өзі асырап отырғандардың үлесі 36 пайызға көбейгенін айғақтайды. Бірақ елдімекендердегі еңбек өнімділігі небәрі 6 пайызға артыпты. Мамандар Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында зерттеу жүргізген екен. Зертеу орталығының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан халқының 26 пайызы мемлекетке үміт артпай, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Жартысынан көбі – 20 мен 44 жас аралығындағы жастар. Жоғары білімді немесе орта-кәсіптік білімі бар азаматтардың үлесі 51 пайыздан жоғары. Ал еңбекке жарамды халықтың саны 8 миллион 600 мың адамға жеткен. Қазақстандағы индустриалды-инновациялық даму жолы болашақта урбанизация үдерістерінің ширақ жүргізілуіне, қалаларға ауыл халқының белсенді түрде көшуі есебінен қалалардың халық санының жылдам өсуіне әкелетіні сөзсіз. Бұл табиғи үрдіспен қатар еңбек өнімділігі арттады деген сөз. Себебі, қалаға көшкен ауыл халқы индустриялық сектор кәсіпорындарына жұмысқа орналасады, онда әдетте еңбек өнімділігі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен салыстырғанда жоғары болып келеді.
Осылайша, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Бұл жағдайға индустриалды-инновациялық даму туралы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру оң әсер береді. Өйткені өнеркәсіпте еңбек ететін халық саны аталған бағдарламаны іске асыру жылдары шамамен 150 мың адамға ұлғайды, ал ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар саны 900 мың адамға қысқарды. Біздің Үкімет 2030 жылға қарай қала халқының үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді (қазір – 53 пайыз) жоспарлап отыр. Бүгінде елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оны іске асыру оң нәтиже берері анық. Мәселен, бірінші жылы бағдарламаны ИИДМБ құралдарымен іске асыру кезінде шамамен 34 мың жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, олардың көбісі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Жұмысшыларының саны көп екінші сектор – сауда мен тұрмыстық қызмет көрсету. Сауда кәсіпорындары, тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету ұйымдары құрылуда. Экономиканың осы секторлары ауыл жастары үшін тартымды болып отыр.
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында Үкіметтің алдына экономикалық өсімнің жаңа үлгісімен қамтамасыз ету туралы үлкен міндет қойды. Сонымен қатар экономиканың алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларға бағдарланған инновациялық жолға ауысуын ерекше атап өтті және бизнестің дамуына ең қолайлы жағдайларды жасауды талап етті. Әлемдік бәсекелестік жағдайында экономика мен әлеуметтік саланың тұрақты өсімін қамтамасыз ету елде адами капиталды арттыруға, сондай-ақ оларды тиімді пайдалану үшін үздік жағдай жасалған кезде ғана мүмкін болады. Бұл үшін білім беру деңгейін, біліктілікті, еңбек ету қабілеттерін арттырып, кәсіпкерлік қабілетті шыңдау қажет. Сондай-ақ еліміздің талапты азаматтарына өз идеяларын жүзеге асыру үшін еркіндік беріп, адами капитал сапасын жақсартуға ұмтылыс жасауымыз қажет. Америкада адамдардың дарыны жоғары бағаланады. Жапонияда «талпыныс пен еңбекқорлықсыз еш сәттілік болмайды» дейді. Табандылық – табысқа жетудің кілті. Бар ынтасын сала, тынымсыз еңбектенген адам кез келген салада биікке шығады деген пікір талай жапон баласын жетістікке жетелеп келеді. Сондықтан әлемдік бәсеке алаңында қазақ елі шаң қауып қалмас үшін бірінші кезекте еңбек ету қағидасын санаға сіңіру өте маңызды.