Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту экономиканы болашақта орнықты дамытудың міндетті талабы болып табылады. Төлеби ауданында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жеке кәсібін жүргізуді мақсат еткендерге әкімдік тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Сөзіміздің дәлелі, Тасарық ауылдық округі Ханарық елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер Ахметжанов Сирожиддин Сайфиддинұлы шағын наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Жеке қаражаты есебінен іске қосылған «Sayfiddin ata» наубайханасына кондитерлік өнім пісіретін арнайы пештер, үлкен тоңазытқыштар сатып алған. Наубайханада 8 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Күніне мыңға жуық нан өнімдерін пірісіп, дайын өніммен Ханарық елді мекенін толық қамтып, Оңтүстік ауыл, Көксәйек ауылдарыдағы дүкендеріне өткізуде. Бұған қоса, дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелердің 9 түрін, кондитерлік өнімдер, торт дайындайды.
Нан өнімдерінің кез – келген түрін тапсырыспен пісіріп, той-думандардың көркіне айналған. Наубайхана қызметкерлері тазалықты сақтап, талапқа сай қызмет етуде. Олардың еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық.
Наубайхана таңғы 7 ден кешкі 6 ға дейін жұмыс жасайды, жұмысшылардың күндік еңбек ақы 5 мыңнан 7 мыңға дейін. Кәсіпкер алдағы уақытта наубайхана көлемін үлкейтіп, нанның бірнеше түрін пісіріп сатылымға шығару аумағын көбейтуді жоспарлап отыр.
Қазақстан экономикасының негізгі құрауышы – шағын және орта кәсіпкерлік әлеуеті. Бүгінде бұл бағытта мемлекеттік бастамалар мен қолдау шаралары қолға алынған. Айталық Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келетін адамдарға тегін оқу, жеңілдетілген несие қарастырылған. Қолдау бір бөлек, ал кәсіп түрін таңдау әдетте көп жандар үшін күрделі мәселе. Демек, көпшілік қандай кәсіп таңдау керек дегенде алғашқы қадам жасауға жүрексінеді. Бүгінгі материалда назарларыңызға қалалық жерде табысты болатын кәсіп түрлерін ұсынбақпыз. Ендеше кеттік.
Қоқыс жинау қызметі. Иа, қоқыс қалада бітпейтін мәселе. Күнделікті тонналап тасталатын қоқыс әдетте ретсіз жиналады. Оған тұрғындардың өзі кінәл. Осыған байланысты жергілікті билік бұл массаны игере алмайды, қоқысты полигондарда өртеуге қыруар ақша бөлінеді. Қоқыстан бөлінетін улы газдар қоршаған ортаға, адамзат саулығына зиян. Бір қарағанда бұл бағытта ірі бизнес қана пайда табатын секілді көрінеді. Алайда қоқыс жинау, оны сұрыптап, жиналған «шикізаттан» табыс табу шағын кәсіпкерлер үшін әбден мүмкін. Қазақстанда жалпы ТМД мемлекеттері бойынша болсын, қоқыс жинау мәдениеті қалыптаспаған. Астана мен Алматы сынды ірі мегополистерде жалпы қоқыс жәшіктерінің қасында пластик заттарына арналған арнайы торлар орнатылған, алайда оған пакетіндегі қоқысын сұрыптап, тастап жатқан ел қарасы аз. lsm.kz порталының хабарлауынша биыл Астанада қоқысты қайта өңдейтін құны 3,4 млрд теңгелік зауыт салынады. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2017 жылы қоқыс тасымалдайтын көліктер мен контейнерлерге 1 млрд теңге жұмсаған инвестор табылған. Сонымен қатар, пластик пен қағазды қайта өңдейтін екі цех іске қосылған. 2018 жылы осы салаға 5,2 млрд теңге бөлінеді. «Байқау нәтижесінде ЭКСПО-2017-де көрмесіне қатысқан француз технологиясы аясында қайта өңдеу зауыты салынады. Құны 3,4 млрд теңге болатын қоқысты қайта өңдеу зауытының құрылысы осы жылдың тамызында басталып, 2019 жылдың қыркүйегінде аяқталады», – деді Исекешев. Дегенмен бұл бағытта шағын бизнес үшін де жұмыс бар. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қоқыс зауытына «шикізатты» жеткізу қызметін қолға алуға болады, макулатура қабылдау бөлімшелері құрып, қала тұрғындары арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпаратты нәсихаттау, био пакеттер өндірісін жолға қоюға болады.
Хостел. Қаладағы күн көріс оңай емес. Көп адамдар пәтер жалдауға мәжбүр. Студенттер мен отбасын құрмаған жастар үшін пәтер жалдау да оңай емес. Осы бағытта арзан әрі таза баспана қашан да сұранысқа ие. Сондықтан заманауи жатақхана қызметін ұсыну – тиімді кәсіп көзі болмақ. Хостел қызметін ашу үшін жеке жылжымайтын мүлігіңіздің болуы шарт емес. Орынжайды тиімді бағамен ұзақмерзімге келісімшарт арқылы жалдауға болады. Маңыздысы – адам басына шақталған дәретхана мен жуынатын бөлмелердің болуы керек. Бөлмелердің көлеміне қарай төсек орындарды орналастырып, ас үй мен кір жууға арналған бөлмені тұрмыстық техникамен жабдықтау қажет. Әдетте меймандар өзінің ыдыс аяғын алып жүреді. Дегенмен, хостелде әр тұрғынға арналған ыдыс аяқ болуы шарт. Хостел ішіндегі тәртіпті өзіңіз басқарасыз. Комендантық қызмет, тазалық сақтау үшін кезекшілік жүргізу, түнгі режим барлығы хостел иесімен реттеледі. Таза әрі тартымды бөлмелер тұрғындардан арылмайтыны анық.
Үйде сұлулық салоны қызметін көрсету мен массаж жасау. Бьюти индустрия – әлемді жаулаған бағыт. Қыз-келіншектер қашанда сұлу әрі жас болып көрінгісі келеді. Бұл бағытта нарықтың ұсынары көп. Косметика, бет терісін күтуге арналған процедуралар мен аппараттар, массаж түрлерін қалтаңызға қарай таңдай бересіз. Дегенмен, қымбат косметика және аппараттарсыз да бұл кәсіпте табысты болуға болады. Бет әрлеу, тырнақ күтімі шеберлігі сұраныста. Ынтасы мен икемі бар кез келген адам арнайы курстарды бітіріп, бикештердің бет-әлпетін үйлеріне барып әрлеуге болады. Тапсырыстар мен тұтынушылар санын көбейтуде әлеуметтік желілер көмекке келеді.
Фудтрак – тез тамақтану. Уақыт қала тұрғындары үшін тапшы. Қоғамдық жерлерде дәмді фаст-фуд өнімдерін ұсыну тиімді бизнеске айналады. Фудтрак арқылы тағамды көпшілік жиналатын жерлерде ұсынуға болады. Мәселен, дүйсенбі күні қаланың орталық алаңына көшпелі цирк келеді, сейсенбі күні вокзал аумағында ауыл шаруашылығы өнімінің жәрмеңкесі өтеді. Сәрсенбі күні екі оқу орнына барған тиімді, түскі ас кезінде ірі бизнес орталықтары мен банк ғимараттарын нысанға алған жөн деп қаланың қоғамдық өміріне қарай бейімделіп, көшпелі асхана бизнесін сәтті жүргізуге болады. Мұндай бизнесті бастау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты, басқа да тексеруші органдардың мақұлдауы керек.
Клинигтік компания. Тазалық – денсаулық кепілі. Шағын және орта қалаларда клинингтік қызмет сұраныста болады. Үй ішін тазалау, кілем-алаша жуу –а табысты кәсіп. Бұл кәсіпкерлікті әдетте көлік жуу бекеті бар кәсіпкерлер қатар алып жүруге тырысады. Дегенмен, осындай көлік жуу орталығы бар кәсіпкермен бірігіп жұмыс істеуге болады. Есте сақтаңыз, әр жабындының (еден, қыш тақта, жұмсақ жиғаз, ыдыс аяқ және т.б.) өз жуу құралы болады. Тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін жуғыш құралдарды алуда ақша үнемдемеген абзал. Бұл кәсіп түрлері қалалық жерге арналған бастамалар. Алайда ауылда да сәтті бизнес бастауға болады. Бұл бағытта «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы бағдаршам бола алады. Айта кетелік, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау» жобасы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдаралмасы негізінде еліміздің өңірлерінде жүргізіледі. Биыл оқыту республиканың 160 ауданында жүргізілмек. «Атамекеннің» бизнес-тренерлері сіздің өңіріңізге сай қандай кәсіпті қолға алған жөн, бойыңыздағы кәсіпкерлікке деген ынтаңызды анықтауға көмектеседі. Биыл оқыту науқаны сәуір айына жоспарланып отыр. Республика бойынша 160 ауданда іріктеу кезеңі басталып, арнайы тестілеу арқылы кәсіпке қабілеті бар талапкерлер таңдалады. 12 модульден тұратын 30 күндік оқу курсына қаныққан жандар, жеке бизнес жобаларын қорғап, жеңілдікпен несие алып, бизнес баспалдағына көтеріледі. Осылайша ауылда жаппай кәсіпкерлік тиімді жүзеге аспақ. Жобаға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Айлықтан айлыққа күнелткен қарапайым қызметкер жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайтыны анық. Жалақысын азсынған азаматтар мен тұрақты жұмыспен қатар жеке бизнесін жүргізуге қызығушылық танытқандардың қатары да аз емес. Дегенмен көп ретте идея ойға оралғанымен, іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды ойлайды, бірақ біліктілік пен қалтаның жұқалығы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді. Қайтпек керек?
Идеяны жүзеге асыру. Ең бірінші жеке кәсіп ашу туралы идеяны пісіріп алған жөн. Көздеген бағытыңыз қандай, оған әлеуетіңіз, төзіміңіз бен уақытыңыз жеткілікті ме? Әлбетте, әр кәсіп әртүрлі. Демек қаржы да идеяның орасандығы мен көлеміне қарай құбылады. Нысанға шағын бизнесті алайық. Бұл кәсіпкерліктің міндеттемелері аз әрі тауар, жұмыс, қызмет көрсетуде кәсіпкер қосымша құн салығынан босатылады.
Неден бастау керек? Ал енді кәсібін бастауға кіріскен кәсіпкер оны заңдастыру үшін ең алдымен тіркеліп, жеке кәсіпкер куәлігін алған жөн, оған шамамен 20 мың теңге ақша кетеді. Тұрғылықты аймақ бойынша салық органына жеке кәсіпкерді тіркеуге қою үшін арнайы салықтық өтініш жазылады. Бұл өтініш салық органына қабылданғаннан кейінгі үш күн ішінде жеке кәсіпкерді салық төлеуші ретінде тіркеу жүргізіледі және оған жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге алынғаны жөнінде арнайы куәлік береді. Кәсіпкер салық органына салықтық өтініштен бөлек жеке куәлігі көшірмесін, 3,5х4,5 фотосуретін, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркегені үшін төлеген алым сомасын растайтын түбіртек-құжат, тұрғылықты жерін растайтын құжат ұсынады. Осы арада айта кетер жай, мұндай алым бір рет төленеді. Оның көлемі 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептелген. Бұл алымнан шаруа қожалықтары, фермерлер мен I, II, III топтағы мүгедек адамдар, ҚР азаматтығын алмағанға дейін кәсіпкерлік қызметін бастаған оралмандар босатылған. Аталмыш басқарма мамандарының айтуынша, кейбір жағдайда, кәсіпкерлік қызметтің ерекшеліктеріне байланысты салық органына тіркеу мерзімі 5-11 күн аралығында жүргізілуі мүмкін. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының 27-бабында жан-жақты жазылған. 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлікті ашуда оң өзгерістер жасалды. Енді жеке тұлғалар жеке кәсіпкерлік ашу үшін өтініш емес, жеке кәсіп ашып бастағаны туралы хабарлама жасаса болғаны. Аталмыш хабарлама кәсіпкер ретінде тіркелуді қамтамасыз етеді. Егер жеке кәсіпкерлік бірлескен болса, онда кәсіпкерліктің уәкілетті өкілі қалған мүшелердің қолы бар сенімхатты көрсетеді. Бұл тізімге салық түрлерін, кеңсе жалдау құнын, ең болмағанда 1 қызметкер жалақысы (жеке кәсіпкерлікте ең болмағанда есепші қажет), жарнама үшін бастапқы капитал қажет.
Блокноттағы бизнес-жоспар. Жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы жүйелі бизнес-жоспар құру. Шағын кәсіпкерлікте бизнес жоспар айтарлықтай қажет емес. Алайда әр қадам бойынша жазылған әрекет сызбаңыз болса қаржыны үнемдеуге, дұрыс жұмсауға, ісіңіздегі жүйелілікке, бизнесті өрге дөңгелетуге септігін тигізеді. Мейлі бизнес-жоспарыңызды қарапайым блокнотқа жазып, күнбе күн жасаған әрекеттерді, жұмсалған қаржыны түртіп отырыңыз. Мәселен, кәсіп бастамақ саланы терең зерттеп, бүге-шігесіне дейін білу, әр тиын шығынын есептеу қажет. Онсыз бизнес жүрмейді.
Мотивация мен алқашқы капитал. Жаңа кәсіпті бастау, оны тұрақты жүргізуге алдымен жаттығу керек. Әдеттен тыс ерте ояну, барлығын қаперде ұстау, серіктестермен белгіленген уақытта кездесу, салықтар, төлемдер мен жалақыны уақытында төлеуді дағдыға айналдыру керек. Алғашқы капитал қағазбастылық, салық, бір-екі айға шамамен кететін шығынды қоса есептегенде артығымен болуы шарт. Олай болмағанда қарызға кіру қауіпі бар. Ал қарыз, несие алу жаңадан құрылып келе жатқан бизнеске кедергі, тіпті соңы болуы мүмкін. Жаңа кәсіпті сүю қажетті аспект. Шабыт пен құлшыныс арқылы жаңа идеялар, қиялдар туады. Күнделікті мотивация мен аффирмациялар сізді керек арнаға салады. Versus қолданбалы жетістік академиясы Vertex курсының жеңімпазы атанып, Foodtruck бизнес-жобасының иесі Дархан Кәрімов: «Қай салада кәсіп ашасыз, қаржының көлемі соған байланысты. Ал жалпы алғанда, менің ойымша, қаржысыз да кәсіп ашуға болады. Мысалы, бейнеролик түсіретін компания ашу үшін қандай қаржы керек? Ешқандай. Тапсырыс аласыз да, қажетті мамандарды жалдап жұмыс істей бересіз. Тек жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелу үшін ғана ақша керек. Оның өзі көп қаржы емес қой».
Маркетинг пен жарнама. Бір қарағанда бизнес пен медиа құралдары арасында айтарлықтай байланыс жоқ болып көрінеді, алайда бұл олай емес. Өзінің жеке кәсіпкерлігін бастағалы отырған ынталы адамға жарнама, мультимедиалық мүмкіндіктер мен логистикалық құралдар ауадай қажет. Жеке кәсіпкерлікте әлеуметтік желілердің көмегімен тегін жарнама жасауға болады. Жарнама қашанда болған, тек заманына сай беру формалары мен мазмұны ауысып отырған. Сондықтан кез келген стартап өзінің лайықты аудиториясын тауып, үлкен сұранысқа ие болуы үшін кәсіпкерлер белгілі бір медиа платформаларында ұтымды инновациялық жолдарды ойластыруы қажет. Нарық қалайтын өнімдерді шығару арқылы тиімді бизнес саласын құру отандық және шетелдік сату алаңында сүбелі орын еншілейтіні сөзсіз. Тіпті қолыңыздағы ұялы телефон арқылы да жанрамалауды жолға қоюға әбден мүмкін. Ақпараттық-технологиялық ағымда меңгерілген коммуникациялар бұл мәселелер шешімін табады. Ол үшін веб-жобалар, оқылымды контент, жарнама аймағы қажет.
Сонымен…Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі. Кез келген бизнес ашу үшін қаражат керек. Капиталыңыз 100 мың теңге болса – қара базарда белгілі бір тауарды алып сатуға болады. 1 млн теңгеге франшиза сатып алуға болады. Кәсібіңіздің көлеміне қарамастан 1:3 формуласын есте сақтаңыз. Мәселен, 100 000 теңге және 300 000 теңге. Бірінші сома шағын бизнес әкелетін таза табыс болса, екіншісі орта есеппен жеке кәсіпкерлікті бастау үшін керек сома. Кәсіпкерлікте айтарлықтай тәжірибеңіз жоқ болса, тәуекелдерді азайту үшін неғұрлым аз қаржы кететін кәсіп түрін таңдаңыз. Біліксіз бизнеске соңғы ақшаны салу – ақымақтық.
Қалтаңызда немесе банк шотыңызда 1 миллион теңге бар. «Бұл қаржыны қалай көбейтуге болады?» деп жиі ойлайтын шығарсыз? Жиған ақшаңызды депозитке салып, пассив табыс тапсаңыз болады немесе оны бизнеске инвестиция ретінде құя аласыз. Әрине әр бизнеске тән қатер де болуы мүмкін.
Кітап дүкені.Керім Аянқызының кітап дүкені бар. Оның негізгі мамандығы — журналист. Ол бұл кәсібін 0-ден бастаған деуге де болады. Кішкентайымнан кітап оқуға құмар болып өстім. Бұған себеп ата-анамның үнемі кітап сатып алып беруі болды. Мен де соны ескеріп, балалар кітапқа қызығуы үшін әр кітаптың жарнамасын жақсы жасау қажет деген ойға келдім. Ол үшін ең әуелі баспалармен келісімге келдім. Бірінші «Мазмұндама» баспасына шықтым, олар маған алғашында кітаптарды тегін берді, оны сатқан соң қарызымды қайтардым. Кәсіпті осылай бастап кеттім, — дейді Керім. Кейін ол «Қасым», «Отбасы хрестоматиясы» баспаларымен келісімге келіп, бизнесіне 300 мың теңге көлемінде инвестиция құйған. Кітаптарды әлеуметтік желі арқылы онлайн сатқан. Керімнің айтуынша, қай бизнесте де ең алғашқы клиенттер — туыстар, әріптестер және олардың таныстары.
Киім дүкені.Гүлзат Досымбаеваның қазір Талдықорғанда, Алматыда және Астанада әйелдерге арналған киім дүкендері бар. Кәсіпкер бұл бизнесті 50 мың теңгемен бастаған. Киімді Алматыдағы дүкендердің бірінен көтерме бағаға сатып алған. Алғашқы клиенттері туыстары, таныстары, достары болған. Кейін ата-анасының көмегімен 500 мың теңгеге киім бутигін ашқан.
Гүлзат Досымбаева. «Бұл қаржыны ата-анам берді. Оған 11 шаршы метр болатын бутик, тауар сатып алдым. Басында киімді Алматыдағы дүкендерден көтерме бағада алатын болып келістім. Кейін нарықты, қыз-келіншектердің талғамын ескере келе, ерекше, көп жерде кездесе бермейтін, сәнді, ең бастысы — сапалы киім сатуым қажет екенін білдім. Сөйтіп, анаммен бірге Түркияға барып, әр көйлекті қолмен ұстап, сапасын тексеріп, алатын болдым. Осылайша кәсібім өрлей бастады. Сапалы, талғамға сай киімдер әрқашан сәнде болады», — дейді киім дүкенінің негізін қалаушы Гүлзат.
Қазір кәсіпкер Талдықорғандағы дүкенінің ауданын 50 шаршы метрге кеңейткен. 10-ға жуық адамнан құралған командасы бар.Осындай кәсіп бастаған азаматтарға сабақ болар үлкен қатемнің бірі — бутикті бірден сатып алуым. Дұрысы — жалға алу. Ол жер жақпай қалып, басқа жаққа көшетін кезде сауда үйі бутиктің ақшасын қайтарып бермейді. Осындай кәсіп ашқалы жатқан азаматтарға тағы бір айтарым — бір бағытты анықтау. Мысалы, тек әйелдер киімі, тек ойыншықтар немесе балалар киімі. Нишаны ауыстыра беру көп жағдайда тиімсіз, — дейді кәсіпкер. Гүлзаттың айтуынша, Түркияға барып, тауар сатып алу үшін кемінде 1-2 миллион теңге қажет.
Сұлулық салоны (маникюр, шугаринг, шаштараз). Біздің кейіпкерлеріміздің тәжірибесін туралы тыңдасақ, бизнес бастау үшін көп қаржының қажеті жоқ. Ең бастысы – ептілік. Қай салаға икеміңіз келеді, соны бастап кеткен жөн. Сондай кәсіптің бірі – сұлулық салонын ашу. Әр адам өзіне қызық болатын шаштараз немесе маникюр, шугаринг курстарын оқып алса болады. Басында салонды шағын етіп ашып, 1 миллион теңгеге дейін инвестиция құю қажет.
Курс бағасын 50 – 300 мың теңге көлемінде сатып алуға болады. Бұл бизнесте ең бастысы – салонды жақсы жерден ашу және клиент базасы. Осы екеуі жақсы таңдалса, кәсібім өрге домалады дей беріңіз.
Оқу орталығы. Сымбат Айдарханның Алматыда оқу орталығы бар. Ол бұл кәсібін 300 мың теңгемен бастаған. Орталықта мектепалды даярлықтан бастап, бастауыш сыныптардың үй тапсырмасына көмектесу, ҰБТ-ға дайындық, IELTS, базалық ағылшын тілі деңгейлері, 9-сыныптан кейінгі емтиханға дайындыққа дейін оқытылады. Сымбаттың айтуынша, ағылшыннан басқа, кәріс, араб тілдеріне да сұраныс бар.
«Бұл кәсіпті 2017 жылы бастадым. Бірақ ол ұзаққа бармады. Себебі ол оқу жылы біткен кез болатын. Жалпы оқу орталықтарын маусымдық жұмыс деуге де болады. Тек оқу кезінде мол табыс табу мүмкіндігі бар, ал жазда көп клиент базасы, мол тәжірибесі бар орталықтар ғана кіріс көруі мүмкін. Сөйтіп, 2017 жылғы қатемнен сабақ алып, кәсібімді биылғы оқу жылынан бастап кеттім. Ғимарат жалдау құны — 100 мың теңге, тағы 100 мың теңгеге парта, тақта сияқты жабдықтарды алдым, сосын басқа да ұсақ түйектерге 100 мың теңге жұмсадым. Алғашқы айынан бастап бірден кіріс көріп жатырмыз», — дейді Сымбат. Ол оқу орталығын Алматыдағы Қалқаман-2 ықшам ауданынан ашқан. Бұл кәсіпте орын таңдау өте маңызды екенін айтады. Біздің орталық мектептен қашық орналасқан. Сол үшін айналадағы үйлердің балаларына даму орталығы өте қажет болды. Орын таңдағанда соны ескердім. Мектепке жақын жерде де бірнеше орталық бар. Бірақ халық тығыз орналасқан жердің де пайдасы мол. Өйткені қазір мектепке баратын әр балаға қосымша білім алу маңызды. Ата-анасы күні бойы жұмыста, ал бала сырласуға, ой-пікірін тыңдайтын ересек адамға, сабағына дайындайтын адамға зәру. Қазір соны қатты байқап жүрмін. Сол үшін орталықта баламен рухани әңгімелесуге, жан-жақты дамытуға көңіл бөлеміз, — дейді Сымбат Айдархан.
Косметика сататын онлайн дүкен. Диана Юсупованың косметика сататын онлайн дүкені бар. Оның негізгі мамандығы — инженер. Ол кәсіп бастамас бұрын өзін түрлі салада сынап көрген. «Call-орталықта оператордан бастап, офис-менеджерге дейін түрлі жұмыс істедім. Соңында өзім кішкентайымнан әуестенетін, қызығатын бет күтімін қолға алдым. Түрлі мақала оқып, отандық beauty-блогерлерді жиі бақылаймын. Таныстарым, құрбыларым да бет күтіміне келгенде менен кеңес сұрайтын болды. «Косметика таңдап берші» деп өтініш жасайтындар көп. Осылайша өзіме сенімім артып, кәсіби түрде қолға алдым. Мықты мамандардың курсын оқыдым, осы саладағы дүкенге жұмысқа түрдым. Кейін өзімнің бизнесімді бастап кеттім», — дейді Диана. Ол бизнесіне бастапқыда 300 мың теңге инвестиця құйған. Алғашқы тапсырыстарын кезінде өзі кеңес берген таныс, құрбы, туыстарынан алған. «Әуелі Алматыдағы сенімді әрі өнімнің түпнұсқасын сататын жеткізушілермен келісімшартқа отырдым. Әлеуметтік желіде, маркетплейстерде парақшамды ашып, көп тапсырыс алдым», — дейді кәсіпкер. Диананың Kaspi-де, Wildberries-те дүкендері бар. Ол Қазақстанның түкпір-түкпіріне, Ресейдің көршілес өңірлеріне косметика жеткізеді.
Кондитерлік онлайн дүкен. Диана Сейтханның кондитерлік дүкені бар. Ол кәсібін 500 мың теңгемен бастаған. «Жоғары оқу орнында физика саласында оқыдым. Торт пісіру, кондитерлік сала хоббиім болды. Қызығып жүріп, кондитер көмекшісі болдым. Ресейлік кондитерлердің курстарынан өтіп, сапалы кондитер өнімдерін жасауды үйрендім. Кейін кәсіп жүргізе алатыныма сенімді болдым. Әуелі қуаттылығы 50 Вт болатын миксер сатып алдым, үйде пеш болды. As decor дүкенінен және басқа да кондитерлік дүкендерден құрал-саймандарды сатып алдым», — дейді Диана. Оның айтуынша, бұл кәсіпте ең бастысы – сапа. Оны клиент жақсы бағалайды. Бірінші жіберген қатем – торттың өзіндік бағасын аз шығару үшін арзан қоспалар қолдандым. Қазір торт пісіретіндер өте көп. Сондықтан бәсеке де жоғары. Оған төтеп беріп, осы нарықта қалу үшін тек сапалы, қымбат өнімдер қосу қажет екенін тез түсіндім. Себебі тапсырыс берушілер мұны жақсы бағалайды. Сапалы өнімге ақша аямайды. Сол үшін тортқа желатин, мастика, түсініксіз қоспалар қоспаймын, — дейді кондитер. Ол онлайн бизнес бастағандар үшін – жарнама жіберу өте маңызды екенін айтты. Диана жарнама таргетингке шамамен 100 мың теңге жұмсайды. «Күнде таргет жіберсем, күніне 3-4 тапсырыс түседі. Бизнес өзімен-өзі жүріп кетпейді. Сол үшін жарнаманы жан-жақтан жүргізу қажет. Таныстарға, әлеуметтік желілерге таратып, бәріне жар салу қажет», — дейді жас кәсіпкер.
Біздің қоғамда «бизнес бастау өте қиын, қымбат, әрі барлығының қолынан келе бермейді» деген пікір басым. Сондықтан болар, көп адамдар кәсіп бастауға жүрексініп, әлеуметтік әрі қаржылық жағдайын жақсартуға тырыспайды, нақты шешім қабылдауға асықпайды. Негізінде бизнес дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, еңбек, яғни еңбек ету дегенді білдіреді. Ал еңбектенем деген адамға жұмыс әрдайым табылады. Алдына нақты мақсат қойып, тиянақты жоба жасап, ұйымдастыра білген адам тіпті үйінде отырып-ақ өз кәсібін бастай алады. Ол біреулер үшін қосымша кәсіп түрі болса, біреулерге негізгі іс болуы мүмкін. Осы орайда сіздердің назарларыңызға үйде отырып бастауға болатын 13 бизнес түрін ұсынамыз.
Тәтті тағамдар пісіру. Егер сіздің аспаздық қабілетіңіз бен тәтті тағамдар дайындауға деген құлшынысыңыз болса, үйіңізді кішігірім кондитерлік бизнеске айналдырсаңыз болады. Кекс, бәліш, маффины, торт, капкейк, макарун, муале, міне, осының барлығын дайындай аласыз. Оны әлеуметтік желі арқылы сатуға болады. Басында кішігірім ассортиментке тоқталып, сол бойынша өнім бағасын белгілеңіз. Содан кейін біршама тәжірибе жинақтаған соң, үлкен тойға, туған күнге, балалар мейрамына арналған торттарды дайындауға кіріссеңіз болады. Үй тағамдарын дайындау кезінде өте мұқият болыңыз. Ас бөлмеңізде тағамдарды дайындау мен сәндеуге қажетті барлық құрал-жабдықтар мен ас өнімдерінің болуы шарт.
YouTube арқылы табыс. 2017 жылдың басында аталмыш сервисты қолданушылар саны миллиардтан асты. Олардың ішінде көпшілігінің жеке арнасы да бар. Біреулер үшін бұл жай ғана хобби, ал біреулерге нағыз бизнес көзіне айналып отыр. Сіз де YouTube-та өзіңіздің жеке каналыңызды ашып, әр түрлі жолмен жарнама жасау арқылы бизнеспен айналыссаңыз болады. Бұған әрине аздаған ептілік керек. Сіздің түсіретін видеоларыңыз қызықты, көрермен көңілінен шығатындай тартымды, лайк пен пікір жинай алатындай болуы шарт. Ең бастысы мұнда көрермен жинау. Егер миллиондаған көрермен жинай алсаңыз, онда жолыңыз болды деп есептеңіз. Әрине сізге бейнекамера, смартфон, монтаждаушы бағдарлама, компьбтер, интернет сосын ең бастысы креативті идея керек.
Копирайтинг. Яғни, мәтін жазу. Аталмыш іспен айналысу үшін аса үлкен міндет қажет емес. Жазу үшін тәжірибелі филолог болудың да қажеті шамалы. Егер сіздің жұмыс істеуге деген ерекше құлшынысыңыз бен тілді жақсы деңгейде игерген біліміңіз болса, осы мамандық бойынша жұмыс тауып кете аласыз. Бастапқы капитал керек емес, дегенмен бойыңызда энтузиазмның болуы үлкен артықшылық болар еді. Қажетті деңгейде қызмет етіп, жақсы пайда көріп жатсаңыз, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелуге де болады.
Ақпараттық сайт немесе блог ашу. Бұл үдеріс айтарлықтай үлкен еңбекпен жүзеге асады. Себебі, басқа бір сайтта істегеннен гөрі, өзіңнің жеке сайтыңды ашу, оны ары қарай дамыту біраз тер төгуді қажет етуі мүмкін. Осы орайда сіздің оған лайық біліміңізден бөлек, жұмыстың жақсы жүруі үшін контент-менеджер, бағдарламашылар, дизайнерлер, seo-оптимизаторлар керек. Егер барлығын өзіңіз атқарамын деп шешсеңіз, көретін бастапқы капитал көлемі көп болмайды. Ал егер кәсіби мамандар көмегімен, кеңесімен істер болсаңыз, қажетті қаражат көлемі де өсетіні шарт. Дегенмен есте сақтаңыз, сайт арқылы түсетін пайда бірден қомақты бола қоймайды. Сондықтан алдын-ала қажетті сомманы жинап, кейіннен сайт ашуға да болады. Барлық кіріс пен шығыс көлемін мұқият есептей алсаңыз, әрі сайтыңыздың сапалы болуына ұжыммен мүдделі болсаңыз, болашақта тиімді бизнес түріне айналатынына сенімді болыңыз.
Контент-менеджер, модератор. Әлеуметтік желілердегі танымал топтардан және басқа да түрлі форумдардан аталмыш жұмыс түрін табуға болады. Бастапқы капитал қажет болмағанымен, бұл орынға сіздің лайықты портфолиосыз алмауы да әбден мүмкін. Модератор, әдетте, тәртіп сақтау мақсатымен ұрыс-керістің алдын-алу, хабарламаларды жөндеу, спамдарды жою сынды жұмыстармен айналысады. Оған қосымша оқырмандардың сұрақтарына жауап береді. Бұл қызметпен айналысуға нақты бір лицензия немесе рұқсат қағазы қажет емес.
Интернет-дүкен ашу. Бұл бизнес түрі бүгін үлкен сұранысқа ие екендігі белгілі. Жұртшылықтың көп бөлігі де дүкендерді аралап жүргеннен гөрі, ғаламтор арқылы тапсырыс бере салғанды жөн көреді. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік жоғары екендігін ескеріңіз. Сіз бастайтын бизнес, ондағы тауар қандай да бір белгілерімен артықшылықтарға ие болса ғана, қызметтің алға қарай жылжуы мүмкін. Алдын-ала нарықты зерттеп алыңыз. Бастапқы капитал сіздің тауарыңызға, қызметіңіздің сапасына байланысты анықталады.
Студенттерге арналған қызмет түрлерін ұсыну. Аталмыш қызмет түрі үнемі сұранысқа ие. Курстық жұмыс, реферат, баяндама, эссе жазу, емтихан сұрақтарына жауап дайындау, есеп шығару, түрлі сызбаларды сызу, дипломдық жұмыс жазу, зерттеу жұмыстарын орындау, түрлі кеңес беру т.б. Арнайы қызмет түрлерін ұсыну үшін сіздің белгілі бір бағыттағы біліміңіздің болғандығы маңызды. Қызмет түрін ғаламтор, әлеуметтік желі, сайт арқылы да ұсынуға болады, бірақ кейіннен студенттермен тікелей жұмыс істеген тиімдірек. Егер сіздің жасаған жұмысыңыз бір адамға ұнаса, ол сізді міндетті түрде басқа да достарына айтады. Бастапқы капиталды қажет етпейді. Дегенмен, алданып қалудан сақтану үшін алдын-ала төлем немесе бөліп төлеумен келісімге отырған жөн.
Аудармашы қызметі. Тілді жақсы білу – сіздің бизнесіңіздің негізіне айналады. Тек қана сауатты болып қана қоймай, арнайы мамандандырылған терминдермен жұмыс істей алу маңызды. Яғни, түрлі журналдардағы мақаланы, сайттарға арналған жаңалықтарды және басқа да құжаттамаларды аудару арқылы табыс тапсаңыз бастап кетсеңіз болады. Егер ілеспе аударманы меңгерген болсаңыз ірі шараларға сұраныс міндетті түрде болады. Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілін қатар меңгерген ілеспе аудармашыларға сұраныс өте жоғары.
Фотограф. Фотограф қызметін атқаруға кәсіби деңгейде түсіретін фотоаппарат, түрлі объективтер және басқа да құрал-жабдықтар қажет. Одан бөлек сурет және оны қалай әдемі беру керектігі туралы қажетті білім, графикалық редакторлармен жұмыс тәжірибесі сынды міндеттемелердің болғандығы өте маңызды. Бірден арнайы фототүсірілімдер ұйымдастыру немесе жекеше түрде суретке түсіру арқылы тиімді жолдардың бірін таңдап, өз кәсібіңізді оңайлықпен бастап кете аласыз.
Бала күтушісі. Қазір қалалы жерде тұратын адамдардың көпшілігі жұмысбасты. Сондықтан балаларын бағатын адамды жиі іздейді. Бұл қызмет түрі әйел адамдарға арналған. Ол үшін педагогикалық-психологиялық білімнің болуы, жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ кешкі және демалыс уақыттарында жұмыс істей алатындай мүмкіндіктердің болғаны дұрыс. Қандай да бір лицензия, рұқсат қағаздың қажеті шамалы. Ал бұрын жұмыс істеген орындарынан алынған ұсыныс хат болса тіпті жақсы. Баланы ата-анасының үйіне барып қарауға немесе барлық жағдай жасалынған өз үйіңізде қарасаңыз да болады.
Тігіншілік. Үйде отырып атқаруға болатын ең тиімді бизнестің бірі – тігіншілік. Киім қысқарту, көрпе тігу, перде тігу әрқашан сұранысқа ие. Әрине, оның сәнді, барлығына ұнамды болуы үшін кәсібилік қажет. Бастапқыда тігін машинасы мен жіп сияқты құралдар қажет. Мұның шығыны онша үлкен емес. Мұнда бастысы ынта мен қолыңыздың шеберлігі. Бастапқыда үйрену үшін шеберлердің қасына үйренугі болып жұмыс істеп көрсеңіз де болады.
Әшекей бұйымдар жасау. Бұл үшін қолыңыздан бал тамған ұста болу міндетті емес. Әйел адамдарға қолайлы бұл кәсіпті бастау үшін қолыңыздың ептілігі мен аздаған ынта керек. Түрлі бұйымдарды жасауға арналған кеңестер youtube-ден қарап, идея алуға болады. Ал керек жабдықтар мен моншақ, түйіршік тәрізді керек заттарды сататын арнайы дүкендер бар. Ең арзанын барахолкадан аласыз. Жасаған өнімдеріңізді әлеуметтік желі арқылы сатуға болады. Бұл үшін инстаграм таптырмас құрал. Бұдан бөлек сауда орталықтарында әшекей бұйымдар сатушылармен келісіп сатуға болады.
Көлік жөндеу. Қазір әр үйдің алдынан көлік көруге болады. Елімізде бүгінде 4,5 млнға жуық тіркелген көлік бар. Алайда, бұзылса жөндей алатындар аз. Жөндей алғанның өзінде оған уақыты, құрал-сайманы, жөндеуге ыңғайлы орны бола бермеуі мүмкін. Әрине, моторын ашып, кузовтық жұмыстар үшін қымбат құралдар мен арнайы жабдықталған орын керек. Егер жер үйде тұрсаңыз есік алдыңызда отырып-ақ, жеңіл, жасалуы жылдам жұмыстарды істеуге болады. Әрине бұл үшін қолыңыздың ебі мен көліктен хабарыңыз болуы керек. Алдымен таныстарыңыздың көлігін жөндеу жұмыстарынан бастап көріңіз. Мүмкін уақыт өте келе ірі бизнеске айналдыруға мүмкіндік туатын шығар.
Қазіргі кезде кейбір бизнес түрлері дағдарыстың артынан лесіп кетіп жатса енді бірі сәтті жұмыс істеп, қызметін кеңейтіп келеді. Ал шағын бизнестің тиімдісі қайсысы? Анықтап көрейік.
Шағын бизнесте ең тиімдісі халыққа қызмет көрсету саласы. Яғни, сауда дүңгіршектері, кішігірім дүкендер, жол бойындағы кафелер, фаст-фуд, дәріханалар ашу. Мұндай қызмет түрлеріне сұраныс әрқашан жоғары. Салық төлеу жүйесі болмаса, аталған кәсіп түрлері ешқандай саясатқа, мемлекеттік тәртіпке араласпайды. Сондай-ақ, жерлеу рәсімі қызметтері де бизнес түріне жататынын айта кету керек.
Табысты арттыру үшін және жалға алынған орынның шығынын өндіру үшін қосымша көшірме, канцеляриялық тауарлар, ұсақ-түйек офистік техника құралдарын сататын орталық ашып қоюға болады.
Соңғы уақытта белсенді дами бастаған кішігірім кәсіптердің бірі — прокат. Яғни, қымбат көлік, киім, бижутерия, мерекелік костюмдер секілді заттарды жалға беру. Яғни, сұранысқа ие кез келген өнімді жалға беруге болады. Бірақ, еш қайталанбайтын сапалы өнім болғаны жөн.
Қазір елімізде көліктер саны жыл санап артып келеді. Оның үстіне, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы енгізілгелі бері көлік сатып алушылар қатары да көбейді. Сондықтан, көлік нарығына қажетті автошеберлік, шиномонтаж, автокөлік жуу орталығы сынды орындар ашу табысты бизнес түрлерінің бірі. Айта кетейік, мұндай бизнес түрлерінің табысы әр мезгілге байланысты болады.
Тұрмыстық қызмет көрсету. Бұл секторға тұрмыстық техникаларды жөндеу қызметі, тапсырысқа тағамдар әзірлеу, жекеменшік балабақша ашу, бала күтуші, киім тігу және жөндеу сынды қызмет түрлері жатады. Ал егер бизнес ашуға қаражатыңыз жеткілікті болса, аяқ киім немесе киім дүкенін ашуға да болады.Сондай-ақ, бизнес ашу үшін қаражатыңыз жеткіліксіз болса, алайда, оған қарамастан өз кәсібіңізді бастауды жөн көрсеңіз, халыққа қызмет көрсету орталығы бар екенін ұмытпаңыз. Олар жеке ісіңізді ашуға көмектесу қызметерін ұсынып, түрлі кеңестер беріп тренингтер өткізеді. Сондай-ақ, ашқалы жатқан бизес үшін субсидия алуға да болады.Сонымен, жоғарыда аталған шағын бизнес түрлерін қазіргі кезде табысты әрі сұранысқа ие деуге болады. Ал бизнес саласында жүргендер негізгі табыс көзін таба білсе кез келген бизнесті табысты болады дегенді айтады. Сондықтан, қандай бизнес таңдайтыныңыз өз еркіңізде. Тек жетістікке жетудің жолын дұрыс тағдасаңыз болғаны.