Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық кітапханасында Ілияс Жансүгіровтың туғанына 130 жыл толуына орай “Қазақ поэзиясының өнегелі ұстазы” атты тақырыбында әдеби жыр кеші өткізілді. Іс-шараға Ы. Алтынсарин атындағы мектебінің оқушылары қатысты. Кітапханашы жас ұрпаққа қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың өмірі мен шығармалары жайлы айтып өтсе, мәдениет үйінің қызметкері Б.Қуатбеков әдеби жыр кешін қорытындылап тәуелсіз еліміздің білімді ұл -қыздары болуға кітапты көп оқуға шақырды. Сондай -ақ ұйымдастырылған кітап көрмеге библиографиялық шолу жасалды.
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.
І.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.
Қолынан қаламын бір сәт тастамаған Ілияс қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Ілиястың ақындық қуатын байқаған қатарласы Бейімбет Майлин өлең жазуды біржола қойып, қара сөзге бет бұрыпты деседі. Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады: “Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым”. Абайдың алғаш баспа бетін көрген кітабын қолға түсіріп, күндіз-түні қолынан тастамаған. Жыр дүлдүлі Жансүгіров өз дәуірінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды.Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалар арқау болған. Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындылары – “Сарыарқаға”, “Тілек” атты өлеңдері. 1917 жылы Семейде шығып тұрған “Сарыарқа” газетінде басылған. 1923 жылы “Сана” журналында “Мерген Бөкен” әңгімесі жарияланды. 1928 жылы “Сағанақ” атты алғашқы кітабы жарық көрді. Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, “Жетісу суреттері” “Күй”, “Күйші” сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал “Құлагер” поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар.
Жансүгіров “Дала” поэмасында Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Шу мен Сыр секілді ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір-тұрмысын, дәстүр-өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал “Күйші” поэмасында еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өлім мен өмір, күйбең тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбы суреттеледі. Қазақ поэзиясының інжу маржаны “Құлагер” – сюжетті поэма. Шығармаға Ақан сері мен оның тұлпары Құлагер арқау болған. Ақын оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып, оған мінездеме береді. Ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, серінің қайғы-шерге көмілуін суреттейді. Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – “Жолдастар” романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. Пушкиннің “Евгений Онегин” романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударған. Сондай-ақ, Лермонтовтың, Горькийдің, Некрасовтың, Маяковскийдің көптеген шығармасын қазақ тіліне тәржімалады.