Мемлекет басшысының еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің қатысу аясын кеңейту, әйелдердің құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және инклюзивті қоғамды дамыту бойынша берген тапсырмаларының негізінде «AMANAT» партиясының жанынан Әйелдер қанаты құрылғаны белгілі. Қыз-келіншектер жұмыссыздығы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасыны әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша шешімдер қабылдауды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін мұндай құрылымдар республиканың барлық өңірлеріндегі партия филиалдарында ашылды.
Партия аясында белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, әйел көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, бүгінгі қоғамдағы әйелдер қауымы кезігіп отырған ортақ өзекті мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын белгілеуге арналған Әйелдер қанатының республикалық І отырысы Парламент Мәжілісінің жіне партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қатысуымен өтті. Партияның Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының алғашқы форумы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналып, оның жұмысына партия филиалының басшылығы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және сот органдарының жауапты өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан, қалалардағы белсенді әйел азаматтар қатысты.
Облыстық партия филиалы Әйелдер қанатының кеңесшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен әйелдердің басын қосқан бұл ұйым, қысқа уақыт ішінде қоғамның дамуында өзіндік орны бар беделді алқалы органға айналды. Көктемгі су тасқыны кезінде Қалыйма Жантөреқызы Ақтөбеге жол тартып, зардап тартқан тұрғындардың жанынан табылды, облыс әйелдері атынан көмек қолын созды.
Облыстық Әйелдер қанатының ұйытқы болуымен өңіріміздің 3 ауданында «Кітап-AMANAT» рухани-ағартушылық орталықтары ашылып, зейінді ұрпақ, адал азамат тәрбиелеудің алғышарты түзілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзектілігін айқындауда «Қошқаратадағы қыз» деректі фильмінің түсірілуіне демеуші болып, оның көрсетілімдері аудан, қалаларда өткізілді.
Бәріне теңдей мүмкіндіктер беретін қоғам қалыптастыруда, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең қоғам» инклюзивті спорт түрлерінен фестиваль ұйымдастырылып өткізілсе, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған арнайы оңалту орталығының құрылысын партиялық бағдарламаға енгізіп, салынуына ұйытқы болды. Халықаралық мүгедектерді қорғау күні аясында барлық аудан, қалаларда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған іс-шаралар өтіп, әлеуметтік әділдікті іс жүзінде нығайтуға жәрдемші болуда.
Сондай-ақ облыстық Әйелдер қанатының белсенділері АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың құрамында қоғамның түрлі санаттарымен кездесулер, жаңа толқын жастармен жарқын жүздесулер, қызметкерлерінің басым бөлігі әйелдер болып табылатын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелеріндегі бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдаулар өткізуді игі дәстүрге айналдырған.
Партияның облыстық филиалы Әйелдер қанатының осы санаттағы ізгілікті ісі бүгін Түркістан қаласында Әйелдер қанатының медиация орталығының ашылуымен жалғасын тапты. Қоғамдағы әйелдердің орнын белгілеп, Әділетті Қазақстанды құру ісіне нақты үлес болып отырған жаңа алаңда оңтүстіктегі әйел азаматтардың сұраныстары мен базыналарын тыңдауға, оларға құқықтық, психологиялық көмек беруге қолғабыс жасайтын қоғамдық қабылдаулар жүргізілетін болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық қатынаста әйелдерге қолдау көрсетуге, әйел азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемші болатын алаңның ашылуына Қалыйма Жантөреқызы қатысып, Әйелдер қанаты «AMANAT» партиясының қызметін сервистік моделде ілгерілетуге, қоғамда инклюзивті қатынастың орнығуына жәрдемші болып отырғанын жеткізді.
«Түркістан облысы еліміздегі ең халық саны көп өңірлердің бірі. Бізде 183 мыңнан астам көпбалалы отбасылар бар. Отбасы институтының беделін көтеруде әйелдер қауымының алар орны айрықша. Күнделікті өмірде, күйбең тіршілікте әрқилы проблемалар кездесіп жатады. Әйелдер қанатының медиация орталығымен бірлесе іске асырып жатқан жобасы әйелдердің проблемаларын тыңдауға, олардың ішкі әлеміне үңілуге жәрдем көрсетіледі. Мұндағы медиатор, психолог, заңгер мамандар әйелдер көтерген мәселелердің шешім табуына, құқықтық реттеу тетігін белгілеуге көмек көрсетіп, оларға психологиялық қолдау көрсетіп, өздерін бағалай білуге үйретеді», – деді Қалыйма Жантөррева.
Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен заңгер-медиатор Айгерім Құдасова, Әйелдер қанатының медиация орталығы күнделікті жұмыс жүргізіп, қоғамдық қабылдауға келген қыз-келіншектерге жан-жақты көмек көрсететілетінін айтты. Орталықта тәжірибелі мамандар қызмет атқарып, келушілерге кәсіби құқықтық кеңестер берілетінін, психологиялық қолдау курстары ұйымдастырылатынын жеткізді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі