«Шардара» мектеп-лицейінде оқушылардың логикалық ойлауын тереңдету, шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің «Тіл – ұлттың жаны» атты онкүндіктің ашылу салтанаты өтті. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын жырлағандай, аталған білім ордасының басшысы Сапаров Жанат Әуелтайұлы сөз алып, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен ақын-жазушыларымыздың өлшеусіз еңбектерін өскелең ұрпаққа қазақ тіліміз – ең басты байлығымыз екенін айта келе, қазақ тілі тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі іс-шара жоспары бойынша сабаққа белсене қатысуға, шақырды. «Тілдің қуаттылығының, өміршеңдігінің тағы бір көрсеткіші болып табылатын оның тазалығы жағына келгенде де қазақ тілінің сапалық деңгейі – жоғары. Қым-қиғаш араласқан, сапырылысқан заманда таза тіл – жоқтың қасы. Тілдер бір-біріне барынша әсер етіп, біреулері өзінде жоғын басқалардан алып, байып жатса, бұлай жасай алмаған енді біреулері алпауыт тілдерге жұтылып кетіп жатыр. Мысалы, ағылшын тілі жыл сайын өзінде жоқ 25 мыңдай сөзді басқа тілдерден алып, толыға түссе, отыздай тіл өмір сүруін тоқтатып жатады екен. Бұл жағынан келгенде де қазақ тілі өзінің табиғи негізін сақтай біліпті; осы уақытқа дейін тілімізге араб, парсы, орыс тілдері молынан еніп келсе, бүгінгі күндері ағылшын тілінен келген жаңа терминдерге жатырқамай жатсақ та қазақ тілінің сөздік қорының 60 пайыздайы түркілік түбірлі сөздер екен. Бұл – түркі тілдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Осы жерде салыстыру ретінде келтіре кетсек, орыс тілінің славяндық негізі – 45 пайыз. Сонда Еуразиядағы көптеген ұлттардың тіліне тізесі батып, өктем әсер етіп отырған әлеуеті күшті орыс тілі сөздік құрамының жарымынан астамы өзі араласқан тілдерден енген сөздер екен. Міне, осындай жағдайға байланысты орыс зиялылары дабыл қағып, орыс тілінің тазалығын сақтау мәселесін көтеріп, жалпы ертеңгі күнгі болашағын ойлауға шақырып жатыр. Сонымен, қазақ тілі – сан жағынан әлем тілдері ішінде 70-ші орында, түркі тілдерінің арасында төртінші тұрған, ал тіл байлығы жағынан үшінші орынды алатын, түркілік болмысының сақталуы жағынан келгенде, ең бірінші тұрған тіл болса, оның осындай қасиеттерімен ұлы тілдердің қатарында жүруге тиіс бүгінгі тыныс-тіршілігі патша көңілді көншіте бермейді.
1989 жылдың 22 қыркүйегінде тіл туралы Заң қабылданды. «Қазақ ССР-інің тіл туралы» заңында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі ресми түрде атап көрсетілді. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялады. 1997 жылы тіл туралы заңды толықтырулармен, өзгертулермен тәуелсіз мемлекеттің мүддесіне орай қайта қабылдады. Ең бастысы тәуелсіз елдің мемлекеттік тілін төрге шығару мақсатымен қабылданған тіл туралы заңның шылауына орыс тілі тағы да жармасты. Турасын айтқанда, бұл орыс тілінің қазақ тілін, орыс рухының қазақ рухын әлсіретуі ресми түрде заңдастырылғандай болды. 1989 жылы кеңес өкіметі жылдарында қабылданған заң қазақ тілі туралы болса, жаңа заң «Тілдер туралы» аталып, Қазақстандағы барлық тілдердің жырын жырлады. Кезінде А.Байтұрсынұлы қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған баланың кейін ұлтына қызмет етпейтінін, сондықтан да балаларды қазақша оқыту қажеттігін ескерткен болатын. Ұлы Ахаңның ертеңгі күннің қамымен болашақ ұрпақтарға өсиет ретінде айтылған осы бір сөздерінің шындығын бүгінгі қазақтың рухани өмірі айна-қатесіз көрсетіп отыр. Тәуелсіздік алған 1991-1992-ші оқу жылында республика мектептеріндегі оқудың 28 пайызы орыс тілінде жүрсе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 65 пайыз. Қазір Қазақстандағы барлығы 7516 мектептің 3843-і қазақша білім беріп, онда барлық оқушылардың 84 пайызы – 1 074 533, оның ішінде 2 500 бала басқа ұлттың балалары оқиды. 259 454 қазақ баласы 2067 орыс тілді мектепте білім алады. Қалғандары – аралас мектептер. Аралас дегенімізбен олардың да заты – орысша. 1991 жылы Қазақстандағы 8 881 балабақшаның 4734-і жас бүлдіршіндерді қазақша тәрбиелесе, қазір елімізде 648 ғана балабақша қазақ тілінде тәрбиелейді.Бүгінгі оқу орындарында орысша білім алып жатқан оқушылардың осыдан 20–40 жылдан кейін Қазақстан қоғамының белсенді азаматтары, көшбасшылары болатындығын ескерер болсақ, 2011 жылы маусым айының 29-ында қабылданған «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» және Қазақстан Республикасы Президенті қазақстандықтардың 2017 жылы 80, ал 2020 жылы 95 пайызы қазақша сөйлейтін болады дегенінің қалай орындалатындығы ойлантады. Қазір әлемдік ауқымда ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Батыста әбден күшіне мініп алған ақпараттық империализм басын көтерді.
Қазақстан тәуелсіз ел болғанымен де оны Ресейдің ақпараттық отарлауы әлі де жалғасуда. Жан-жақтан жасалынып жатқан ақпараттық шабуылдар тәуелсіздігімізді бұзып, ұлттық болмысымызға қауіп төндіруде. Республика аймағына тарайтын 8004 басылымның 2756-сы Қазақстанда, онда да оның 453-і ғана қазақ тілінде басылады да қалған 5248 газет пен журнал сырттан келеді. Қазақстанда тарайтын барлық басылымдардың шамамен 90 пайызы орысша, 6 пайызы басқа тілдерде, тек 4-ақ пайызы қазақ тілінде. Жаңа заманда интернеттің қоғамдық өмірде алатын орны күн сайын арта түсуде. Ғылым мен техниканың ең соңғы жаңалықтарына, Батыстың аса қуатты экономикасының қолдауына сүйенген жаһандану үдерісінің негізгі арналарының біріне айналып отыр. Рас, бұл салада да азды-көпті атқарылып жатқан жұмыстар бар. Десек те олардың көпшілігі орыс тілді екендігін айтпасқа лажың жоқ. Қазақ тіліндегілері бір пайызға да жетпейді. 1980 жылы Қазақстанда тәулігіне 4 кітап шығып тұрған болса, соның үштен екісі қазақ тілінде жарық көрген. 50-100 мың данамен шығатын қазақ кітаптарының тиражы қазір екі мыңнан аспайды. Бұрын әлемдегі кітапты көп оқитын халықтардың бірі болсақ, қазір кітап оқымайтын жұртқа айналып бара жатырмыз.
Мемлекттік тіл сол мемлекеттің қоғамдық өмірінің барлық бағыттарында дерлік қолданылатын қарым-қатынас құралы болуы тиіс болса, қазақ тілінің ғылым, халықаралық қатынастар, экономика-қаржы салаларындағы жағдайын айтуға ауыз бармайды. Қазақстанның ғылымы, әсіресе жаратылыстану ғылымдары әлі күнге дейін негізінен орыс тілінде «сөйлейді»; қорғалып жатқан диссертациялардың 7-8 пайызы ғана қазақ тілінде. Саяси биліктің ең жоғарғы органы болып саналатын Қазақстанның парламенті орыс тілді; ол қабылдаған заңдардың барлығы да орыс тіліндегі нұсқасымен қабылданып, қазақ тіліне аударылады. Әрине, тіл білген – жақсы. Көп тіл білген сайын адамның өрісі де, өресі биіктей береді. Әсіресе қазіргі таңда халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың тіліне айналып отырған ағылшын тілін білу өмір қажеттілігіне айналуда. Десек те ұлттық мемлекет Қазақстанда үш тілдің, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің қатар қойылуы, іс жүзінде үшеуінің бірдей қолданылуы заңға сия бермейді. Міне, осының салдарынан әлжуаз қазақ тілі бұрын барлық мемлекеттік мекемелерде қолданылып келе жатқан орыс тілінің қазақша аудармасына, яғни аударма тілге айналып келсе, енді оның орыс тілімен қатар ағылшын тілінің де қызметшісіне айналып кету қаупі туып отыр. Қазірдің өзінде-ақ ғылым саласындағы іс қағаздардың барлығы дерлік үш тілде толтырыла бастады. Көшедегі мекеме аттары мен жарнамалар да ағылшындана түсуде», – деген ойлар айтылды семинарда. Әдістемелік бірлестік жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Демеуова Ғалия онкүндік барысында өткізілетін іс-шаралар арқылы жасөспірімдердің пәнге деген қызығушылықтары артып, қайсарлыққа, батылдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелейтін, әрбір оқушы өз ана тілін білу және мемлекеттік тілін меңгеруі міндетті екенін яғни, оқушыларға шабыт сыйлайтынын, іс-шара жоспары бойынша ашық сабақтар мен сыныптан тыс шаралар уақытылы өтетінін айтып өтті. Сонымен қатар, онкүндіктің ашылу салтанатында оқушылар, ұстаздар және ата-аналар белсене атсалысып, сұрақтарға жауап беріп, ынталандыру сыйлықтарын алды.