Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу басты реформаларының бірі екендігін ерекше атап өтті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім сапасын күшейтуде озық тәжірибелерді сараптап енгізу мен облыста салынатын «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына мазмұн тұрғысынан дайындығын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте Түркістан облысының делегациясы Жапония еліне іссапармен барды.
І кезеңдегі іссапарда облыстың 15 қызметкері жұмыс жүргізуде. Оқыту семинары жапон білім беру сарапшыларының шебер сыныптарына қатысып, мектептеріне барып сабақты зерттеуді бақылау және зерттеу процесіне ену мақсатын көздейді. Оқыту семинары Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Токиодағы оқу семинарының жұмыс жоспарына сәйкес бірінші күні делегаттар қазіргі жапон білім беру жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Уаседа университетінің профессоры Юмико Оно жұмыс тобын жапон мектептеріндегі оқыту әдістемесімен таныстырды. Халықаралық семинардың екінші күнінің бағдарламасы бойынша Иокоһамада орналасқан мектеп базасында жұмыс жүрді. Делегаттар Lesson study әдістемесі бойынша 3 және 6-сыныптардағы кіріктірілген оқытудағы зерттеу сабақтарына еніп, сонымен қатар жапон мұғалімдерінің зерттеу топтарының жұмысына және сабақтарына қатысты.
Өңір делегациясы жапон білім мазмұны мен білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, педагогтың кәсіби даму құлшынысы мен траекториясы, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, тіпті шаруашылық сұрақтарына да жауап алды. Семинар жұмыстары осы апта соңына дейін жалғасатын болады. Т.Шишибо профессордың лекциясы мен мектептердегі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетерлігі, Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісілді.
Жапондар – әлемдегі ең еңбекқор халық. Азаматына еңбекқорлық қасиет балабақшадан сіңіп, мектепте бекиді. Ұлттық беріктік іргетасы да – мектептен. Әр адамның өзін өзі қадағалауы, қоғам алдындағы жауапкершілік, ортадағы сыйластық қарым-қатынас бастауы да – мектеп. Білім жүйесі сырттай қарағанда басқа капиталистік елдердің білім жүйесіне ұқсас болғанмен, мәні мен мазмұнына назар салсақ, көптеген ерекшелігі бар.Жапон мектептері шйоугаккоу, чиюгаккоу, коутоугаккоу деген үш сатыдан тұрады. Бастауыш мектеп – шйоугаккоуда оқушылар алты жыл оқиды. Орта мектеп – чиюгаккоу мен жоғары мектеп – коутоугаккоуда үш жыл білім алады. Сонда жапон баласы мектепте барлығы он екі жылын өткізеді. Жоғары мектепті бітірген соң университетке түсуіне болады. Бастауыш пен орта мектеп міндетті білім сатысы саналады. Бастауыш пен орта білім тегін беріледі, ал жоғары мектеп ақылы. Жапон мектептерінің бұл үш түрінің ғимараттары бөлек-бөлек орналасқан. Өмірлік ұстаным – еш нәрседен қателеспеу. Жалпы, жапондар білімқұмар халық. Білім жинау адамның өмір бойы айналысатын ісі деп есептейді. Еш нәрседен қателеспеуді өмірлік қағидаттың бірі санайды. Сондықтан бұл елде оқушылардың сабақтан қалуы, мектепке кешігіп баруы, мектеп ережесіне бағынбауы жоққа тән. Әр дүйсенбіде, оқушылар бір қатарға тұрады да, мектеп директорының он бес минуттық сөзін тыңдайды. Бір сыныптың оқушылары өздеріне тиесілі кабинетте отырады. Оқушылар сабақтан қалмайды. Мектепке уақытында барып, барлық сабаққа қатысу, тиянақтылық жоғары бағаланады. Сабақ кезінде тамақ жеу, тағы басқа бейәдеп әрекеттерден өздерін аулақ ұстайды.
Балдырған балабақшадан соң бастауыш мектепке қабылданарда емтиханнан өтеді. Бастауыш мектепте оқу жеңіл, үй тапсырмасы берілмейді, қиын емтихандар жоқ. Жапониядағы бастауыш мектептің басты мақсаты – бала бойында мәдениетті адам қасиеттерін қалыптастыру, жалпы білім негіздерімен таныстыру. Оқушылар 4-сыныпқа дейін емтихан тапсырмайды, өз бетімен орындаған шығармашылық жұмыстарын өткізеді. Балаларға қоршаған ортаны сүюге үйрету, әдептілікке тәрбиелеу – бастауыш білім жүйесінің негізгі міндеті. Негізінен жапон тілі, музыка, әлеуметтану пәндері, бейнелеу өнері, үй шаруашылығы, арифметика, табиғаттану оқытылады, еңбекке баулу, дене шынықтыру да бар. Мектептерде арнайы жабдықталған кабинетте «Отбасы тәрбиесi» деген пән оқытылады. Ал «Қарияларға құрмет» деп аталатын сабақ барысында балалар ақсақалдармен жүздесiп, шаруасына қолғабыс тигiзедi. Егiстiкте орақ орып, келсаппен күрiш түюге де бастауыштан баулиды.Оқушылар адамды құрметтеуге, табиғатты аялауға, ортаға зиян келтіретін әрекеттен аулақ болуға тәрбиеленеді. Өзін-өзі ұстай білу, қанағатшылдық, қоғам үшін еңбек ету – басты тәрбие бағыты. Бәрінен маңыздысы – ана тілі. Бірінші сыныптан бастап кокуго (мемлекеттік тіл) пәні міндетті түрде оқытылады. Жапон тілі – барлық пәннің алдында тұрған ең маңызды сабақ. Жапонияда мемлекеттік тіл пәнінің маңызы зор. Кокуго – баланың ана тіліне сүйіспеншілігін оятумен қатар, ежелгі жапон тілінің ерекшелігін санасына бекітетін оқу жүйесіндегі басты ілім. Ағылшын тілі орта мектепте оқытылады. Бірақ баланың ұлттық жазу, оқу тілін классикалық деңгейде біліп шығуы бәрінен маңызды саналады. Барлық пән тек мемлекеттік тілде оқытылады. Бастауыш мектептегі ең көп сағат саны да кокуго пәніне бөлінген. Кітапқа сүйіспеншілік бала бойына балабақшадан сіңеді. Бастауыш мектепте оқушылардың кітапқұмарлығын арттыратын түрлі шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек жапон баласы аптасына кем дегенде бір рет мектеп кітапханасына барып, кітап оқуға міндетті. Сондай-ақ аптасына бірнеше мәрте өтетін сыныптағы он минуттық кітап оқу шарасына оқушылар түгел қатысады.
Білім министрлігінің ұсынысы бойынша әр мектеп оқулық таңдау мен білім беру бағытына өзі жауапты. Мектеп формасын да әр мектеп оқушылардың қалауын ескере отырып, өзі таңдайды. Орта мектепте мемлекеттік тіл, информатика, Жапония тарихы, дүниежүзі тарихы, денешынықтыру, музыка, ағылшын тілі, жаратылыстану пәндері оқытылады. Үш жылдық жоғары мектепте оқушылар көне және қазіргі жапон тілі, Жапония тарихы, география, дүниежүзі тарихы сияқты гуманитарлық пәндер, әлеуметтану, этика, саясаттану, экономика тәрізді қоғамдық ғылымдар, өнер, дене шынықтыру, ағылшын тілі, информатика бойынша білім алады. Бұдан бөлек оқушыға белгілі бір кәсіп бойынша курстар таңдауға ерік берілген. Бастауыш мектепте сабақ 45 минутқа созылады, күніне төрт сабақтан аспайды. Орта мектепте сабақ 50 минутқа созылады. Сабақтар арасындағы үзіліс 5-10 минут, түс кезінде ас ішуге арналған бір сағат бар. Жоғары мектепте оқушылар сабақтан кейін түрлі үйірмелерге қатысатындықтан, бар уақыты мектепте өтеді. Мектеп формасына қатысты барлығына ортақ талап бар. Балалар мектепке бірдей сөмке ұстайды. Қыз баланың сабаққа бетін, тырнағын, шашын бояп келуі, шашын жайып жүруі, денесіне тату таңбасын бейнелеуі, келте көйлек киюіне тыйым салынған. Қыздарға шаш бұйралауға да рұқсат жоқ. Оқушыларға ақ, қара, қою көк түсті шұлық киюге болады. Басқа түсті шұлық киюге тыйым салынған. Мектеп ауласында тыйым салынған әрекеттің бірі – бозбала мен бойжеткеннің оңаша кездесуі. Жалпы, жапон қоғамында ұл мен қыздың мектепте оқып жүріп, махаббат оқиғаларын бастан кешіруі жат үрдіс. Оқушы білім алу жолында бөтен нәрсеге алаңдамауы керек. Жапон оқушылары әлемдегі бос уақыты жоқ еңбексүйгіш балалардың санатына жатады. Оқу жылы үш семестрден тұрады: бірінші семестр сәуір айынан шілдеге дейін, екіншісі қыркүйекке дейін созылса, үшінші семестр қаңтар мен наурыз аралығын құрайды. Жапон балалары демалыс дегенді білмейді. Мектепке деген құрметі соншалық, каникул кезінде де үйірмелерге үзбей барады. Жазғы демалыс кезінде балалар мектеп үйірмелерінде жыл бойы жинаған білімін іс жүзінде шыңдайды. Балалар каникул уақытын да емтиханға дайындалумен өткізеді.