“Халықаралық нашақорлықпен және есірткі бизнесінің айналымына қарсы күрес күніне” орай іс-шаралар аудандар мен қалаларда жалғасын тауып жатыр. Бүгін Ордабасы Аудандық Мәдениет Үйінде “Салауатты өмір салты” алкоголдік ішімдіктер мен есірткіні қолдануға теріс көқарас қалыптастыруға арналған іс шаралар аясында “Салауатты болашақ” тақырыбында тәрбиелік маңызы бар, салауатты өмір салтын ұстану мен жаман жолдан жиренуге арналған бейнефильмдер медицина саласы мамандары, аудан тұрғындар мен жастар орталығының жастарының назарына ұсынылды. Нашақорлық – қоғам дерті. Әр күніңіз шуақты, қуанышпен атып, отбасыңызда бақыт болсын десеңіз Жаман әдеттен жиреніңіз!
Нашақорлық – барлық қылмыс пен қатыгездіктің, мейірімсіздік пен дінсіздіктің негізі. Еліміздің экономикасы артқан сайын, есірткімен күрес қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл дертке шалдыққандардың басым көпшілігі жастар. Яғни, нашақорлардың 60 пайызын бірнеше рет көзге түскен жастар құрайды. Ал, жасырын түрде есірткі қолданып жүрген жастар қаншама? Осы қасіреттен талай жастар жас ғұмырларын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірлерімен мезгілсіз қоштасуда. Қазіргі таңда нашақорлар тек олардың ата-аналары мен туысқандарына ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып, асқынып барады. Әлемде химия ғылымының ашылуымен қатар пайда болған кокаин, героин, ЛСД, амфетамин, первитин, МДМА, крэк, экстази түйіршігі, гашиш, апиын деген есірткі түрлері бар екені мәлім. Әсіресе, 120-дан астам ел марихуананың атын аспандатып-ақ тұр. Басқасын айтпағанның өзінде, ТМД-ның лаңкестікке қарсы күрес орталығы таратқан 2004 жылғы мәліметте: «Ауғанстан үкіметінің халыққа апиын көкнәрін өсіруге тыйым салуы сәтсіздікпен аяқталды…» деп басталған жолдар бар. Өйткені онда, керісінше, есірткі өндіру мүмкіндігі күрт артып, 5,9 мың тонна апиын жиналған. Жергілікті мамандар сол жылы 490 тонна героин да алғанын алға тартқан еді. Енді ауғандық алыпсатарлар апиын көкнәрінің аталған көрсеткіштен де көп өнімін тұтас құрлыққа таратады деп болжануда. Әбден ықтимал. Соған қарсы күреске дайын болуымыз керек. Бүгінде есірткіні сырттан тасып, оны ел ішінде өндіру мақсатында Қазақстанның өзі көшбасшы елге айналып шыға келгендей. Әсіресе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруі тыйылар емес. Сөйтіп, көп тосқауылға тап бола қоймағандар есірткінің халықаралық заңсыз айналымына тез сіңісті болып шыға келді. Аталған өңірлерде сора көбірек болса (жалғыз Шудың өзіндегі қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы – 140 мың гектар), Орталық және Солтүстік Қазақстан аймақтарында героинге деген сұраныс артып тұр.
Әлгі ауғандарды ауызға алмағанның өзінде, есірткі сатумен айналысатындар өзге елдерде аз емес. Мұны да қаперде ұстағанымыз жөн. Сөз басындағы СПИД мәселесіне қайта оралсақ, дәл осы көршілес мемлекеттерге Дүниежүзілік банк 25 миллион доллар аударған. СПИД-ке қарсы күрес әрекетіне! Ал шын мәнінде ол қаражаттың алақанға қонған шыбындай бір мысқалы да байқалмаған. Ақшаны ауаға шашу оңай, әрине. Одан да, тікелей сол СПИД-ке апаратын бірден-бір тура жол – есірткі бизнесіне нақты тосқауыл қоя алсақ игі. Қарсы күрес қарымы бізде әлі де болса әлсіз деңгейде сияқты сезіледі. Мәселен, елімізде «Нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты үйлестіру жөніндегі комиссия» 11 отырыс өткізді. «Астана – есірткісіз қала!» өңірлік бағдарламасы аясында қаншама жиын, басқосулардың басын қайырып тастадық. Президенттің бұйрығымен «2006-2014 жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі сатумен күресу стратегиясы» да бекітілді. Осындай қаптаған көзалдар атаулар мен цифрлы есеп берулерді қанағат тұтумен ғана жүрміз әлі! Олай болмаса, әлемдегі нашақорлықты кәсіп көзіне тұрақты айналдырып алған елдер бізге есірткі тасымалдаушы емес, оны тұтынушы мемлекет ретінде қараушы ма еді?! «Тұтынушы» демекші, еліміздегі нашақорлардың жартысынан көбі 18-19 жастағылар екен. Есірткімен есіріп, 2008 жылы 473 адам өмірімен қоштасса, 2009 жылы қазақстандық 400-дей жас қыршынынан қиылған. «55 мың нашақорымыз бар» деген көрсеткіш соңғы 10 жыл ішінде 2 есеге артқан сорақылық болып шықты. Тіркелмегені қаншама?! Марк Твен айтқан ғой, «өмірде өтіріктің үш түрі бар: жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» деп. Демек, ресми мәліметтердің дені дүрбінің екінші жағы сияқты, көз алдыңа үлкенді кішірейтіп көлбеңдете қояды. Мысалы, әлгіндей жиынқұмарлар әртүрлі деректерді көлбеңдетіп, әркімнің өз бетінше сандырақтап отырғандай болатындығы сондықтан. Мәліметке көп сүйене берудің де қажеті шамалы. Бұнымен «күрес – нәтижесіз» деген кесімді пікірге маталып қалмағанымызды да ескерте кетейік. ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті өз кезегінде аянып қалып отырған жоқ. Тәубе етерлігі, жыл басынан бері (2016) еліміздің тәртіп сақшылары 1 мың 618 есірткі қылмысын тіркеп, 1,6 тонна есірткі тәркіледі. Оның 61 келіден астамы – героин. Нақтылай кетсек, Астана қалалық ІІД Есірткі саудасымен күрес басқармасы 117 қылмысты анықтады. Қала бойынша 16 есірткі сатумен айналысатын нүкте анықталып, күдіктілер ұсталған. Бұл жолғы айналымнан 104 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп отыр. Ал Алматыда 140 келі дейін қолға түсті. Қалған дерек – өзге аймақтарға тиесілі. Сондай-ақ, сала мамандары 2015 жылдың соңғы 4 айында 94 тонна есірткі заттарын тәркілегендерін алға тартты. Немене, сонда бұл пәле кәдімгі кесірткенің құйрығы тәрізді болғаны ма, үзіп тастаған сайын артығымен қайта шыға беретін?! Енді бағасына мән берейік: бір стақанға сыйғызып сататын 35 грамм марихуана дегеніңіз 7-10 мың теңге аралығында бағаланатын көрінеді. Ал 1,5 келі героин 3 мыңнан аса адамды азғындап, елден ерек есіртіп жіберуге жетіп жатыр. Қандай сорты екені мамандарға ғана мәлім, әйтеуір, сол героинның 1 келісі 5 миллион теңге тұрады. Жалпы алғанда, наркобарондарға әр сатылым сайын тіркеуде тұрған есірткімен есі кеткендерден 300 миллион теңгедей табыс түсетін болып шықты. «Тіркелмегені қаншама?!» дейміз-ау тағы да. Несіне жетісіп мәз боламыз, соңғы 15 жыл ішінде нашақорлыққа шалдыққан жасөспірімдердің саны 20 есеге өсіпті. Негізінен Азиядан Ресейге өтетін есірткі транзитінің белсенді және тұрақты бағыттары Орталық және Батыс Қазақстан өңірі болып табылатындығын ескерген жөн.
Еліміз өзінің географиялық орналасуына байланысты есірткі қозғалысының Орталық және Орталық-Батыс Азиядан Еуропа мемлекеттеріне қолайлы транзиттік жол ретінде есірткі бизнесінің халықаралық құрылымдарының назарын аудармай қоймайды. Мәселен, есірткіні Ресейден Еуропаға қарай тарту үшін еліміздің ірі қалаларында аялдау базалары құрылып, онда тауарды жасырудың күрделі механизмдері ойластырылған. Сондықтан да есірткі мафиясының ғаламдық мақсаттарына бір ғана ішкі күштермен қарсы тұру жеткіліксіз. Ол үшін ҚР ҰҚК мен ТМД, АҚШ, Қытай, Германия, Ұлыбритания мемлекеттері арнайы қызметтерінің ақпараттық іс-қимылы кеңейіп, біріккен жедел жұмыстары жандана түсуі керек. Міне, ағайын! Кезінде іргедегі індет ақырын жылжып, ақыры келіп, есігімізден бесігімізге сығалайды деп кім ойлаған?! Енді оған қарсы күресудің жолдарын күнде айтып әбігерміз. Бір ерекшелеп айтарлығы, ел ішіндегі есірткі айналымына қарсы күреске қосқан біздің ақпараттық ағымның үлесі ұшан-теңіз. Ықпалы да зор. ҚР ІІМ қолдауымен жарық көріп келе жатқан есірткі саудасы мен нашақорлықтың алдын алу, оларға қарсы майдан ашу туралы үндеу дерліктей арнайы журналдар да жеткілікті.
Жасыратыны жоқ, нашақорлыққа көбінесе жастар шалдығады, алайда бүгінгі күні ересектер арасында да ескірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне сенгіш келеді. Өздері жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне үлкен адамның ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жан дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Нәтижесінде есірткіге организмнің тәуелділігі қалыптасады. Нашақорлықты алдын-алудың ең тиімді жолы – отбасындағы тәрбие құндылығын арттыру. Отбасының іргесі берік болса, балалар мен жасөспірімдердің сыртқы ортаға алаңдаушылығы азаяды.Жүйелі емдеу шараларын жүргізу арқылы медициналық жолмен нашақорлыққа салынған науқасты толық емдеуге болады. Ол үшін науқастың жазылуға деген үлкен сенімі болуы тиіс. Ал, психолог мамандар науқастың ішкі күйімен жұмыс жүргізеді. Сондықтан, медициналық жолмен қатар науқасқа рухани қолдау беру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Нашақорлықпен айналысатын адамдар мәжбүрлеп, кейде бақыланбайтын, өздерінің таңдаған препараттарына тәуелді. Әдетте, оларды пайдалану нәтижесінде теріс салдарға тап болғанына қарамастан, есірткі іздеуге және пайдалануға тырысады. Қазақстанда 300 мың нашақор ресми тіркелген. Бүгінде нашақорлық мәселесі еліміздің қауіпсіздігі мен ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұр. Көптеген дамыған елде құқықтық, медициналық, әлеуметтік, есірткіге тәуелділікке қарсы оңалтуды қамтамасыз ету және есірткіге қарсы күресті насихаттау жүйесі бар. Қазақстанда, өкінішке қарай, мұндай жүйенің жағдайы мәз емес. Қазір есірткіге тәуелділіктің өсуі, есірткі шегіп алып қылмыс жасаудың көбеюі алаңдатарлық мәселе болып отыр. Нашақорлық – адам өмірін жалмайтын қауіпті дерт. Онымен күресте барлығымыз бірге күш біріктіруіміз керек. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен көбірек уақыт өткізуге тырысыңыздар. Олардың қызығушылықтарымен санасып, үнемі тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысыңыздар. Себебі, өз отбасынан жылулық таппаған бала, сыртқы ортаның ықпалына тез бейімделгіш келеді.Жасөспірім шақ – адам өміріндегі ең маңызды шақ. Бұл кезеңді өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға, тұлғалық қалыптасуға арнау қажет. Салауатты сана қалыптасқан кезде ғана осындай дерттен сақтана алатынымыз анық.Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Ата-аналар және сіздер мен біздер, әрбір Қазақстан азаматы біріге күресуіміз керек.
Елімізде де, бүкіл әлемде де алаңдаушылық тудыратын өзекті мәселелердің бірі – нашақорлықтың таралуы. Бұл құбылыс жеке адамның ғана емес, жалпы ұлттың денсаулығына қауіп төндіреді. Нашақорлық – есірткіге немесе психотроптық затқа тәуелділіктен туындаған ауру. Есірткіні қолдану нәтижесінде психикалық және физикалық тәуелділік қалыптасады. Тәуелділіктің қалыптасу жылдамдығы және оның ауырлығы әр түрлі болуы мүмкін. Яғни жасына, қолдану жиілігіне, ағзаның ерекшеліктеріне әсер етеді. Психикалық тәуелділіктің жағдайы адамның есірткінің көмегімен ішкі тепе-теңдікке қол жеткізгісі келетіндігінде және есірткінің әсерін қайта-қайта сезінуге тырысатындығында көрінеді. Есірткіні сатумен айналысу – қылмыс. Есірткі заттарын қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Нашақорлық өте қорқынышты ауру. Себебі есірткіге әуес адам келесі дозаға ақша іздеп, ұрлыққа, алдауға баруы мүмкін. Осындай қысқа сәт үшін ол саналы түрде, өзін өмірдің барлық қуаныштарынан айырады. Есірткі сатушылар өз «тұтынушыларына», яғни жасөспірім немесе мектеп оқушыларының компаниясына «инеге отырғызу» үшін әдейі бірінші дозаны аз мөлшерде сатып немесе тегін беруі мүмкін. Тіпті есірткінің алғашқы дозасы өлімге әкелуі ықтимал.Қазіргі таңда жасөспірімдердің осы дертке көп ұшырасып жатқаны белгілі. Жасөспірімдік шақ алкогольді де, басқа да психоактивті заттарды, соның ішінде есірткіні де теріс пайдалану қаупін тудыратын бірқатар биологиялық және психологиялық ерекшеліктермен сипатталады. Есірткіге тәуелділікті емдеу қиын. Бұл жастағы балалар көңіл-күйі өзгермелі, өзін тәуелсіз сезінгісі келеді және әрқашан емге қарсы тұрады. Жасөспірімдерде психоактивті заттарды тұтыну кезінде мінез-құлық пен жағдайдың себепсіз өзгерістері байқалады. Жасөспірімдегі нашақорлықтың көріністері әртүрлі болуы мүмкін, ол есірткі заттарының түріне байланысты. Дегенмен ата-аналар баланың есірткі қабылдайтынын түсінетін жалпы белгілер бар. Біріншіден, оның мінез-құлқы өзгеріп, оқуға деген қызығушылығын жоғалтады. Сыныптастары мен достарынан алыстап, өтірік айта бастайды. Жаңа «достарымен» көп уақыт өткізіп, агрессивті, ашуланшақ болатыны анық. Ол ата-анасынан аулақ жүреді, ұзын жеңді киім киеді, ал үйден ақша мен құнды заттар жоғалып кетуі мүмкін. Өзгеріс тек мінезде емес, сыртқы түрде де пайда болады. Терісі бозғылт сұрға айналып, киімі мен шашы ұқыпсыз болып, аяқ-қолы ісінеді. Есірткінің жасөспірімнің денесіне әсері ересек адамға қарағанда бірнеше есе күшті. Ең алдымен, ми зардап шегеді. Уақыт өте келе интеллектуалды қабілетін жоғалтып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Есірткіні үнемі қабылдау ағзаның созылмалы улануына себеп. Иммунитет төмендеп, өсу мен даму баяулайды, орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Сондықтан саулыққа салғырт қарамай, зиянды әрекеттен аулақ болған абзал.
Жақында кәмелетке толмағандар арасында есірткінің күрт өсуі байқалды. Мұның себептері жеткілікті: жасөспірімдер мен жастардың есірткінің денсаулыққа, әлеуметтенуге зиянды әсері туралы хабардарлығының төмендігі; сонымен қатар заңсыз синтетикалық құралдардың болуы; сұраныс. Жасөспірімдер арасында вейп деп аталатын электронды темекілер өте танымал. Вейпинг-жастар арасындағы жаңа ағым, темекі шегушілер топтарға бірігіп, күн сайын жетілдірілетін жаңа дизайн мен жаңа хош иісті қасиеттерге ие болатын әртүрлі бу құрылғыларын сатып алады. Электрондық темекі шегу кезінде ағзаға канцерогендерге жататын көптеген зиянды заттар енеді, олар қатерлі ісік ауруларының пайда болуына ықпал етеді, жалпы денсаулыққа зиянды әсер етеді. Психикалық денсаулық орталығының директоры Рахменшеев Сапар Құттыбайұлының айтуынша, есірткі нарығында жыл сайын дерлік жаңа сорттар пайда болады. Қазіргі заманғы есірткі заттар салыстырмалы түрде арзан, оларды Интернет арқылы оңай сатып алуға болады. Синтетикалық препараттар — бұл жаңа психоактивті заттар. Бүгінгі таңда ең көп таралған жаңа психоактивті заттар «Скорость», «Мефедрон». «Скорость» деген есірткінің ең қорқынышты салдары – бұл зат психозды тудырып психикаға қатты әсер етеді. Бұл бұзылыстың белгілері әдеттегі шизофренияға қатты ұқсайды және көбінесе ұзақ уақыт қолданғаннан кейін дамиды. Мефедрон — заңмен шектелмеген шегуге арналған тұз ретінде пайда болған синтетикалық препарат, бірақ кейін бұл затты қолдануға тыйым салынды. Мефедронды нашақорлар өз ортасында «Меф» деген жаргон сөзімен атайды. «Мефті» 2-3 ай бойы тұрақты қолданғанда денеге қайтымсыз зақым келеді. Нашақор денсаулығы күрт нашарлайды (ішкі органдар ауруыдамиды), бірақ сонымен бірге жеке тұлғаның деградациясына әкелетін психикалық жағдайына да зақым келеді. Кез-келген түрдегі химиялық препарат денеде ұзақ уақыт сақталады. Бұл жағдайда олардың кейбіреулері тіндерде жиналып, абстинентті синдром және жаңа дозаға деген ұмтылысты күшейтеді. Қабылдау тәжірибесі неғұрлым көп болса, улы ыдырау өнімдері соғұрлым ұзақ сақталады. Синтетикалық препараттарды қолдану физиологиялық және психологиялық денсаулықты бұзады. Синтезделген заттар тәуелділікті тезірек тудырады-кейбіреулеріне тек бір доза жеткілікті. Бірде-бір препарат оң әсер етпейді, синтетикалық сорттар екі есе қауіпті. Олардың химиялық құрамы көбінесе белгісіз, сондықтан артық дозалану және улану қаупі артады. Есірткіні қолданатын адамның белгілері:o көңіл-күйдің күрт өзгеруі, агрессивтілік, тез ашуланшақ. тәбеттің толық жоғалуы, үнемі шөлдеу. тарылған немесе кеңейтілген көз қарашығы. ыстықта жабық киім, қара көзілдірік кию. o сұрғылт реңді құрғақ тері, жаралар, дақтар және безеулер пайда болады. жұмысқа, оқуға немесе хоббиге деген қызығушылықты жоғалту. денеден және киімнен жағымсыз химиялық иіс. қоқыс жәшігінде біртүрлі діңгектердің, сөмкелердің, дәрі-дәрмектердің қаптамаларының пайда болуы.Егер адам есірткі қолданады деген күдік болса, мамандарға (Жастар денсаулық орталықтарына, наркологқа) жүгіну керек.