Биыл Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету қарқынды жүріп жатыр. Жоба бойынша 2,5 пайызбен 57 азамат жеңілдетілген несие алған.
Ақбастау, Алғабас, Көктерек ауылдық округіндегі 57 азаматтың жылқы, мүйізді ірі қара, уақ малдарды бордақылау, сауынды сиыр алу, ауыл шаруашылық кооперативін техникамен жабдықтау бойынша жобалары қаржыландырылып, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Несие алғандардың ішінде алғашқы болып жұмысын бастағандардың бірі Ақбастау ауылының тұрғыны Тамара Дәуешова. Ол 2,5 пайызбен 6 млн теңге несие алған. Аталған сомаға Алматы облысынан 18 бас жылқы сатып әкелген. Қазіргі таңда алған жылқыларын тұрғын үйінің ауласындағы қорада ұстап, бордақылаумен айналысуда. Таңнан кешке дейін күтіп-баптау, уақытылы жем-шөптері мен суын беру жұмыстарын жолдасы екеуі атқарады.
Алдағы жоспарымен бөліскен Тамара Дәуешова жылқы басын көбейтіп, қосымша ауылдың 5 азаматын жұмыспен қамтымақ.