Бүгін аудан әкімі Арман Қарсыбаев Шардара қаласындағы Асемай, Болашақ, шағын аудандарында салынып жатқан 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары және аз қамтылған көпбалалы отбасылары үшін салынуда. Арман Романұлы тұрғын үйлердің құрылысын аралап, мамандарға сапасы мен жұмыс қарқынын қадағалауды тапсырды.
Айта кетсек, тұрғын үйлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» №736 қаулысына сәйкес, бағдарламасымен жүзеге асуда. Тұрғын үй құрылысын биыл қазан айында аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, аудан басшысы Шардара қаласы, Шардара-Жетісай бағытына кіші сәулеттік абаттандыру құрылысымен танысты. Ондағы сәулеттік жобаларды қарап, идеяларды талқылады.
«Тұрғын үй кезегіндегі тұрғындарды баспанамен қамту үшін барынша әрекет жасауымыз қажет. Мыңдаған тұрғын үй салуға бюджет қаражаты жетпейді, бірақ үздіксіз сала берсек, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтып, қуаныш сыйлаймыз. Сол үшін барынша қарқынды жұмыс істеуіміз керек. Сонымен қатар, ауданға кіреберіс жерлерін және қала іштерін абаттандырып, келушілер мен аудан тұрғындарының көрікті мекенде жүруіне жағдай жасау басты міндеттеріміздің бірі»- деді Арман Романұлы.