Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауыл округінің тұрғыны Айғаным Қабылбекова «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында кәсіп бастаған. Көпбалалы ана бағдарлама арқылы 7 млн теңге несие алып, наубайхана ашқан. Бұл қаражатқа кәсіпкер өндіріске қажетті заттар сатып алған. Бүгінде ол күніне 400 дана нан пісіріп, ауыл тұрғындарын қамтып отыр. Бір нанның бағасы 130 теңге көлемінде. «Пилоттық жоба аясында несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Алған қаржыға екі газ плитасын, арнайы қондырғылар мен тоңазытқыш сатып алдық. Күнделікті өнімдеріміз ауыл-аймақ пен балабақшалардан артылмайды. Одан бөлек, арнайы тойға да тапсырыс аламыз. Кейде көршілес ауыл тұрғындарына да тапсырыс береді»,- дейді кәсіпкер.
Өткен айда Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде ауылға баса көңіл аударылатынын жеткізді. «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады” – деді Президент.
Дәл осындай мақсатта бүгінде ауылды жердің шаруашылығын дамыту үшін «AMANAT» партиясының бастамасымен әзірленген «Ауыл аманаты» жобасы өзінің жұмысын бастап та кетті. Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Аталған бастама «AMANAT» партиясының үйлестіруімен жүзеге асырылады. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агро бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі. Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды. Өз кезегінде, кооперативтер малдарды азықтандыру және басқа шығындарды азайтуға көмектеседі.
Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру 2023 жылы басталады. Шағын кредиттер ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен кепілдікті нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады. Осылайша «AMANAT» партиясы аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау танытып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Ауқымды ақпараттық марафон 40 күнге жалғасты. Сарапшылар 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Ақпараттық науқан аясында Қазақстанның 17 облысындағы 179 ауданның 394 ауылы мен ауылдық округінен 250 мың адам қамтылды.
«Ауыл аманаты» жобасының бағдарламасы 2023 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды, бірақ қазірдің өзінде 8-800-080-4441 нөмірін теру арқылы call-орталыққа хабарласуға мүмкіндік бар. Жобаның әлеуметтік желіде таратқан хабарламасына сәйкес, ақпараттық марафонның басты мақсаты – мейлінше көп адамға «Ауыл аманаты» жобасы туралы толыққанды түсіндіру. «Кездесулер барысында тренерлер жобаны жүзеге асыру кезінде қандай жетістіктерге қол жеткізу көзделгенін айтып өтті. Мәселен, жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Сол межеге жетудің бір тетігі – ауыл бизнесін дамыту. Негізгі мақсат – жергілікті жердің ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескеру. Яғни, жоба барысында ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы салаларын ғана дамыту мақсат емес. «Ауыл аманаты» кез-келген бастаманы қолдауға дайын. Шағын бизнес бастап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жұмыссыздық санын төмендетсе, көздеген мақсатқа жеткені», – делінген «Ауыл АМАНАТЫ» жобасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Жобаның мобильді тобы алдымен Маңғыстау облысына аяқ басты. «Ауыл аманаты» жобасының сарапшыларымен бірге «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев те болды.
Оның айтуынша, облысқа бөлінген бюджеттік несие көлеміне және скрининг нәтижесінде алынған ауылдарды несиелендіру қажеттілігіне қарай облыс әкімдіктері алдағы қаржы жылында жобаға қатысатын ауылдық округтерді анықтайды.
Бүгінгі таңда еліміздің бірнеше өңірінде, оның ішінде Түркістан өңірінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жобаны Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді деп іске қосқан болатын. Сондықтан оны Түркістан қаласының тұрғындары да білгені абзал. Жалпы, әдепкіде бұл жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 52,4 млрд. теңге бөлініп, 11 мыңнан астам шағын несие беріледі деп көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерде скрининг жүргізген. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңселер де ашылған болатын. Жоба талаптарына сәйкес, шағын несие беру мерзімі 5 жылды құраса, мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жылдық кезең көзделген. Максималды сома – 2,5-8 мың АЕК аралығында болса, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5 пайыздан аспайды.
Бағдарлама ережелеріне сәйкес, бұл несиені ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер; ЖК ретінде тіркеусіз тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар (оның ішінде әрекетсіз ЖК); отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар; ЖК-да өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сату немесе айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықтың мүшелері; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады деп хабарланған.
– Бұл біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% – ға төмендеді. AMANAT партиясы мен үкіметтің міндеті – “Ауыл аманаты” жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды, – деген жоба жайлы айтқан «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын тілге тиек еткен болатын. Тиісінше, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн. теңге бөлу көзделген. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Ерлан Қошановтың ізін ала Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталатынын айтты.
– Іс-шаралар кешенінің бірінші бағыты – «Өнім өндіру көлемін ұлғайту». Бұл бағыт өндірушілер арасында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей сатып алудан форвардтық шарттар жасасуға көшу жолымен тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі шараларды қамтиды. Сондай-ақ, биыл 17 мың жеңілдетілген шағын несие беруге, 18 мың жұмыс орнын құруға бағытталған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталады, – деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, ел аумағында жаңа сүт-тауарлы фермаларды ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту үшін 24 жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландырып, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі қолданылатынын жеткізген. Оның айтуынша, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс материалдарын, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша импортты алмастыратын жобаларды іске асыру қарқын алады. Одан бөлек, 2023 жылы 19 құс етін өндіру жобасы және 17 ет өнімдерін өңдеу жобасын іске асыру жұмыстары басталады. Осылайша, бұл бастамалар 249 мың тонна құс етін және 32 мың тонна ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік беретіні мәлім болған.
Ал, «Ауыл аманаты» жобасын Түркістан облысында іске асыру жайлы сөз қозғалғанда бағдарламаға 16 аудандағы 32 ауылдық округ тұрғындары қатыса алады делінген еді. Өз кезегінде, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков өңірдегі 2750 адамның несие алуға мүмкіндігі бар екенін мәлім еткен.
– Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын» – деген ол өз сөзінде. Оған қоса, жобадағы шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керектігін және міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт екенін, сонымен бірге, егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың мүлігі жарамды болатынын хабарлаған.
Ал, экс-ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса, Үкімет отырысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 100 млрд. теңге жұмсалатынын мәлімдеді.
– «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру басталады. Биылға 100 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ауыл халқына 2,5 пайызбен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Шағын несиелеуден басқа агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін кеңейту жоспарланып отыр. Осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлінді. Оның есебінен жылдық 2,5 пайызбен тауарлық-сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады, – деген ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, келешекте құс етін мен балық өндіру, қарқынды суару, сақтау қуаттылықтарын енгізу бойынша инвестициялық жобалар пулын арттыру жоспарланғанын жеткізген. Ол айтқан ақпаратқа сүйенсек, 2024-2025 жылдарға арналған қаржыландыруға қосымша қажеттілік 300 млрд. теңгені құрапты. Тиісінше, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесі 2026 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 900 инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен кешенді түрде шешілмек. Сондай-ақ, Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Amanat» партиясының атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында «Ауыл аманаты» жобасына жеті жылда 1 трлн. теңге бөлінетінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде құны 536 млрд. теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылып жатыр екен. Ал, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі биыл 140 млрд. теңгеге дейін көбейтілген. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру көлемі 145 млрд. теңгеге жетсе, егіс жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 419 мың тонна, егін жинауға қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Оған қоса, Премьер-Министр биыл мемлекет меншігіне қосымша 5 млн. гектар ауылшаруашылық жерлері қайтарылатынын айтқан.
– Ауылдық аумақтардағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Соның шеңберінде микрокредит беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн. теңге қарастырылады, – деген Әлихан Смайылов өз сөзінде.
Осы орайда «Шағын несие кімдерге беріледі?» деген сауалға да жауап беріп кетейік. Бұл туралы «Елімізде шаруаларды қолдауға арналған қандай қаржы бағдарламалары бар?» деген сұраққа жауап берген экс-ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтып берген болатын.
– Биыл ауыл шарушылығын қолдауға бөлінген 450 млрд. теңгеден бөлек, қосымша ірі жобаларды қолдауға бағытталып 100 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 65 сүт фермасын құру бар. Қолдау аясында фермерлердің 2,5% кредитті 10 жылға алу мүмкіндігі бар. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» атты шағын несие бағдарламасы іске қосылған. Оған да 100 млрд теңге бөлінді. Мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, – деген ол өз сөзінде.
Сөйтіп, ауыл шаруашылығы – экономиканың локомотиві екінін айтқан экс-вице-министр: «ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы өндірушілер мен шаруалардың заман сұранысына бейімделіп, оған сай жұмыс істей алуына байланысты. Ол дегеніміз – цифрландыру, заманауи технологияға көшу және трансформация. Біздің министрлік бизнес ортамен бірлесіп жұмыс істегісі келеді. Сол сияқты отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекелестігін арттыру бағытында бірлесіп әрекет етуге дайынбыз», – деген.
Жалпы, «Ауыл аманаты» – ауылдарды сақтап, ондағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Тіпті, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына да ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары екен. Бұрын-соңды іске асырылмаған бұл тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту болып саналады. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігері, табыс табуға деген қызығушылығы арта түспек. Аталған жобаның шартына қысқаша тоқталсақ: несие ірі қара малдың аналығына бес бастан, қой аналығына он бастан және биелерге бес бастан бастап беріледі. Азаматтар несие түріне қол жеткізу үшін: біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді; екінші қадам – жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды; үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.
Бұл тұрғыда алынған малдың 7 жылдан аспайтын мерзімге берілетінін атап өту қажет. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50 пайыздан аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі – несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады. Тиісінше, барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі. Осы ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға бөлінетінін айту қажет. Бұл тұрғыда өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Одан бөлек, несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Тағы бір айта кетерлігі – «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Енді «Ауыл аманаты бағдарламасының өңірімізде іске асырылуына ойысайық. Бір қуантарлық жағдай – Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайып жатыр екен. Кеңінен тоқталар болсақ, бүгінде Түркістан облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі, яғни атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны бойынша оңтүстік аймақтар, оның ішінде Жетісай мен Мақтаарал аудандары көш бастап тұр екен. Сондықтан, халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша осы аумақтарға басымдық берілген. Себебі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бөлінетін мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектер әлеуметтік ахуал мәселесін толық шеше алмайды. Яғни, адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні белгілі. Демек, өңір халқы үшін «Ауыл аманаты» жобасының берері көп деген сөз. Мәселен, осы жоба арқылы несие алып, іс бастаған Медеу Орынқожаев есімді азамат құрылысқа қажетті заттар өндірісіне ден қойыпты. Жоба құны – 7,5 млн. теңге екен. Кәсіп ашып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан бұл отбасы енді мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді 14 отбасын жұмыспен қамтып отыр.
Өз кезегінде, аталған аудандарға іссапармен барған өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы тұрғындарға осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету қажет екенін айтып, жауапты басшыларға осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырған еді. Толықтыра кетсек, бұл іссапар шеңберінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданында ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен қолдану, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жандандыру және өзге де мәселелер бойынша шаруалармен кеңесіп, пікір алмасқан болатын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су көздерін үнемдеу мәселесін көтерді. Бұл – біздің өңір үшін аса маңызды. Сондықтан суды үнемдейтін әдістерге басымдық берген жөн. Ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып қана қоймай, оны терең өңдеуге көшу керек. Ауыл тұрғындары, жастары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс істесе болады. Оған толық мүмкіндік бар, – деген Дархан Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру маңызды екенін атап өткен.
Сондай-ақ, іссапар барысында «Тұрсынбек ата» шаруа қожалығында болды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асырған шаруа қожалығында алдымен 10 гектар жерден 350 тонна қырыққабат алынса, екінші өнім ретінде «маш» дақылы егілген екен. Айта кету керек, бүгінде жоба арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген аудан шаруалары мақтаның орнына жүгері, маш егуді қолға алып жатыр екен. Мақта шаруашылығының да қарқыны жаман емес. Мәселен, облыс әкімі «Керімхан» шаруа қожалығында мақта теріміне қатысып, мақташылармен кездесті. Шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Құрбановтың айтуынша, 180 гектарға мақта егілсе, 40 гектарға бақша дақылы, 47 гектарға жоңышқа және 33 гектарға дәндік жүгері егілген. Мақтаның жаңа сұрыптары алынып, өнімділік арта түскен. Мақтаға сұранысты арттыру үшін сапасын көтеруге күш салынған.
Жалпы, биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін қосымша жұмыстар нәтижесінде 16 ауданнан 64 ауылдық округ таңдалып алынып, бүгінге дейін 75 кооператив құрылыпты. Бизнес-жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджеттен жалпы 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Тиісінше, жоба аясындағы жұмыстар басталғаннан бері «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ға «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс көлемінде құны 17,9 млрд. теңгені құрайтын 3409 жоба бойынша өтініш түскен. Оның ішінде 3 018 жобаны уәкілетті орган қарап, жалпы құны 14,2 млрд. теңгені құрайтын 2437 жоба мақұлданған. Өз кезегінде, құны 10,3 млрд. теңгені құрайтын 1 797 жоба қаржыландырылыпты. Алдағы уақытта аталған жобаны іске асыру нәтижесінде 3 220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге артады деп күтілуде.