Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында жайылым мәселесі ерекше тәсілмен шешіле бастады. Жергілікті әкімдік пен аудандық прокуратура тарапынан жүргізілген жүйелі түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жерді пайдаланушылар мен ауыл тұрғындары игі бастаманы жүзеге асырып жатыр.
Өзгелерге үлгі болар бастама арқылы аудандағы 11 ауылдық округтегі 51 елді мекенге жақын орналасқан қажетті жайылым жер картасы әзірленді. Осы картаға енгізілген 310 жер пайдаланушы заңды тұлға анықталды. Табыс табуды ғана емес, татулық пен халықтың жайылым жерге қатысты мұқтаждығын шешуге атсалысқан жер иелері әр ауыл аумағы бойынша жасалған картаға енген жайылым алқаптарды ел игілігі үшін беруге келісті. Атап айтқанда, Алғабас ауыл округінен Әлібек Шірікбаев – 139 га, Білісбек Қасымбеков – 79 га, Көктерек ауыл округінен Диханбай Дүйсенбек – 195 га жайылым жерді ел игілігі үшін аудандық жер қорына қайтарды (барлығы 413 га). Ал Боралдай ауыл округінде фермерлер одағының төрағасы, «Дихан-А» ӨК директоры Мырзабек Аребаев, «Жаныс» ӨК директоры Садық Әлжанов, «Төменгі Боралдай» ӨК директоры Сейіл Қасымбетов ауыл маңынан 7 шақырымға дейінгі аймақта жатқан жерді елге табыстады. Сонымен қатар 2022 жылдың 11 ақпанында аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлескен жиынында өзге де азаматтар өздеріне тиесілі жерді халықтың пайдалануына қарсы еместігін, құжаттарын рәсімдеп, тұрғындарға пайдалануға тапсыратыны туралы айтып өтті.
Елді мекенге жақын тұста мал жайылымы үшін қайтарылып жатқан жер телімдерін жинақтап, оларды сол елді мекеннің ортақ жайылым жеріне бекіту үшін аудан әкімдігінде тиісті қаулы жобасы әзірленді.
Елімізде жылдар бойы шешімін таппай отырған өзекті және негізгі сұрақтардың бірі – елді мекендерде жайылым жер тапшылығы. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Қазақстан Республикасы Президенті мен Бас прокуроры тарапынан тапсырмалар берілген. Бәйдібек ауданында осы бағытта нақты жұмыс бар. Бұл бастама арқылы жергілікті тұрғындардың бойына сенім ұялатып, ел бірлігі нығая түсті.
Түркістан облысында жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы тапсырмасының орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Жаңа форматта өткен отырыста баяндалған тақырыпқа қатысты шешілмеген мәселелер бөлек қаралды. Яғни әрбір баяндамаға қатысты облыс әкімі аппараты тарапынан сараптама жасалып, кемшіліктер сараланады. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан.
– Жайылым жер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру керек. Бұл – ел үшін аса маңызды. Бірнеше аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді қайтару жұмыстарында кемшілік анықталып отыр. Бекітілген жер телімдеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жайылым жерлерді конкурс арқылы беру барысында ең бірінші кезекте елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету ескерілуі қажет. Бұл күнделікті жұмыс болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал басын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды.
Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында.
Облыс әкімі көптің көкейіндегі мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
«Қолжетімді жайылым» жобасы аясында облыс әкімдігі облыстық прокуратура мен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыс тобы құрамы бекітілді. Жұмыс тобы тарапынан ауылдардағы нақты мал басына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Зерделеу жұмыстарының барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» (ИСЖ) базасындағы жұртшылықтың нақты мал басымен ауылдық округ әкімдерінің статистикалық басқармаға ұсынған ақпаратында айырмашылықтар анықталуда.
– Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының іс-шаралар жоспарына сәйкес, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе 2023 жылға 330,0 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген, – деді Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына космомониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4543 жер пайдаланушының 560,6 мың гектар жерді мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталған.
«Қазір ауылдық елді мекендердің ең өзекті мәселесінің бірі – олардың айналасындағы жайылым тапшылығына байланысты. Статистикалық мәліметке сәйкес, ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66 пайызы өндіріледі. Мал басының 60 пайызы осында. Өздеріңізге белгілі, ауылдағы ағайынның күнкөрісі де осы малға байланысты. Өкінішке қарай, бұл орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, ешқандай технологиялық процестерге тартылмай отыр. Мамандардың есебі бойынша, егер біз тек қана мал азығының сапасын көтерсек, елді мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігі кем дегенде 30 пайызға ұлғаяды. Жұмыс тобының мамандары бұл мәселеге байланысты көптеген ұсыныстар енгізді. Ең негізгісі – ауыл шаруашылығында пайдаланбай жатқан жерлерді елді мекендерге қайтару», – деді А. Күрішбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында.
ҚР АШМ мәліметі бойынша, ауылдық мекендердің малына 29 млн гектар жайылым жетіспейді. Ал ұйымдастырылған шаруашылықтарда 33 млн гектар жайылым игерілмей жатыр.«Оған қоса, комиссияның өткен отырысында орман қорларында ерекше қорғалатын аймақтар шегінде 10 млн гектар жердің тиімсіз пайдаланып жатқанын айтқанбыз. Бірақ бұл мәселеде жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға ешқандай қысым, яғни жердің экспроприациясы болмауы керек. Оларға орнына басқа жайылымды жерлер беріп, жұмсаған шығынын өтеп беруіміз қажет. Сонымен қатар, ауылдардың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету өте маңызды. Біз ауылдарды қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін кооперативтер құрып, жаңа фермерлік шаруашылықтарды ұйымдастыруымыз керек. Жұмыс тобында жайылым туралы заңды күшейту, қосалқы шаруашылық туралы арнайы заң қабылдау ұсыныстары айтылды», – дейді Ақылбек Күрішбаев.Қорытындылай келе, спикер мемлекеттің бұл мәселені қысқа мерзімде шешуге барлық мүмкіндігі бар екенін айтты.
«185 млн гектар жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы ел бола отырып, ауылдық жердегі малды аш құрсақта қалдыру – кешірілмейтін әрекет. Аталған мәселені шешуде барлық деңгейдегі әкімдерге саяси ерік пен табандылық керек. Тіпті, бұл жұмыс әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі көрсеткіші болуы керек деп санаймыз. Осы іске мемлекеттік аса маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз, өйткені сол ауылдарда тұратын көпшілігі – өзіміздің қазағымыз», – деді жұмыс тобының басшысы.
Еліміздегі жайылымның жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 70 пайызын немесе 187 млн гектар аумақты алып жатыр. Бiр малдың басына шаққанда 20 гектардан келеді. Iс жүзiнде бүгінде жайылымдық жердің 43 пайызы немесе 80 млн гектары ғана пайдаланылады. Яғни мал басына шаққанда орташа есеппен 2-3 гектардан аспайды. Ал норма бойынша 5 гектардан аз болмауы тиiс. Осының салдарынан 27 млн гектар жайылымдық жер бүлініп, жарамсыз болып қалды. Мұндай жағдай, біріншіден, 100 млн гектар жайылымдық алқаптың осы күнге дейiн айналымға енбей отырғандығынан туындады. Әрі төрт түлiк малдың басым көпшiлiгi немесе 70 пайызы ауыл маңына жақын жерде шоғырланған. Енді осыған шалғайдағы жайылымды суландыру мәселесiн қосыңыз. Ұсақ және қосалқы шаруашылықтарда мал көп. Ал олардың малды шалғайдағы жерге жаюға мүмкiндiгi жоқ. Бұдан бөлек, ауылдық округтердiң қарауындағы кейбiр жайылым заң жүзiнде реттелмегендiктен, толық айналымға енгiзiлмей келедi. Осыған байланысты жайылым жерлерді ұтымды пайдалану мәселесін шешуге бағытталған заң керек болды. Заң өте күрделі. Сондықтан оның жобасы төрт жыл бойы әзірленді. Оны талқылауға жайылым жерді пайдаланушылар, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылды.
Заң жобасы жайылым ресурстарын реттеуге, жоспарлауға, ұйымдастыруға және басқаруға бағытталған. Ол ауылдың айналасындағы, шалғайдағы жайылымды тиiмдi пайдалануға жол ашады. Бүгiнгi күнi ауылдағы мал оның айналасында жайылады. Ал осы жерлерді ауыстыру жұмысы жүргізілмейді. Мал жыл сайын бiр жерде жайыла бергеннен кейiн ол тозып кетпей ме? Ал мына заңда белгіленгендей, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, мемлекеттiк органдар, жайылым пайдаланушылар бірлесе отырып, аумақтағы бар жайылымды пайдалану жоспарын әзірлейді. Осылайша, мәселен, биыл мал жайылған жердің құнарлылығын қалпына келтіру үшiн келесi жылы бұл мақсатқа бос тұрған басқа жер пайдаланылады. Сондай-ақ жоспар арқылы жайылымның көлемi, оның өнiмдiлiгi, бағылатын малдың саны, бос жатқан жер мен мал басы тығыз шоғырланған аумақтар анықталады. Заң жобасында жайылымдық инфрақұрылым объектiлерiн айқындайтын және шалғайдағы жерді ұтымды пайдалануды реттейтiн арнайы баптар да қарастырылған. Жайылымды беру тәртiбi, оны пайдаланушылардың құқығы мен мiндетi айқындалды.
аң жобасын қабылдау жайылым жерлердің қайта жандануына және елімізде мал шаруашылығы өнімдерінің мол болуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру үрдісін тездетеді. Қысқасы, мал шаруашылығын дамыту бойынша алдыңғы шептегi мәселені шешедi. Ал заңның әрi қарай жұмыс iстеуi өзiмiзге байланысты. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ықпал етпек. Өйткені бұл жергілікті маңызы бар проблеманы шешуге әрі оларды талқылауға азаматтарды тартуға мүмкіндік береді.