ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Бәйдібек ауданына іс-сапармен келді. Іс-сапар барысында 2016 жылы пайдалануға берілген Жамбыл елді мекеніндегі «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның теңгеріміндегі «Жамбыл суқоймасында» болды. Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудандағы сала басшылары мен су мамандарының суқоймасының жұмысы жөнінде ақпаратын тыңдап, аталған нысандағы туындап отырған мәселелерді талқылады. Суқойманы тиімді пайдалану мәселесі жан-жақты зерттеліп, нәтижесі бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді.
Ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды ресурстың бірі – ағын су. Себебі, су болмаса, бір шаршы метр жерге де егін егіп, өнім ала алмайсыз. Сондықтан да қай мемлекетті алып қарасаңыз да ең алдымен осы пір мәселенің оңтайлы шешілуіне аса мән береді. Өз кезегінде, біздің елдің Үкіметі де бұл тұрғыдан қол қусырып отырған жоқ. Тиісінше, бұл саладағы жұмыстар ауыл шаруашылығына бейім Түркістан өңірі үшін де ерекше маңызды болып саналады. Негізі, бұл саладағы жұмыстардың қарқын алуына 2020 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтергені түрткі болғандай.
«Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!. Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?», – деп сұраған Мемлекет басшысы сол кездегі еліміздің бас экологы Мағзұм Мырзағалиевтен.
Өз кезегінде сол уақыттағы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Су саласынан көріп отырған негзігі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған қарай біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сынды бірқатар шараны қабылдауымзы керек. Цифрландыруды да белсенді енгізгеніміз жөн. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісеміз», – деп, Президентке он негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін баяндаған.
Кейіннен сол экс-министр бағдарлама жайында түсінік жасап, Қазақстанда гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құрылатынын мәлімдеген болатын. Ол өз сөзінде су саласының өзекті мәселелері ретінде мынандай жайттарды айтқан: ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысырапсыз пайдалануы; сапалы судың тапшылығы; тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі; білікті кадрлардың жетіспеушілігі; көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері. Ал, бұл проблемаларды шешу үшін «Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын» әзірлеу қажет болатын. Оның айтуынша, бағдарлама жобасының мақсаты – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен елдің экономикасына жеткілікті су көлемімен қамтамасыз ету, су саласындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау еді.
«Біз бағдарламаның негізгі 10 бағытын анықтадық.
Бірінші – халықаралық ынтымақтастық. Көршілес елдерден келетін негізгі су көздері Жайық, Ертіс, Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендері болып табылғандықтан, келесідей шараларды іске асыру қажет деп есептейміз: шекаралас елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін жетілдіру; келіссөздер ұстанымын күшейту мақсатында кәсіби келіссөздер топтарын қалыптастыру.
Екінші – құқықтық базаны жаңғырту. Осы бағыт аясында су қауіпсіздік стратегиясы мен заң жобаларын әзірлеу, су ресурстар комитетіне салалық тарифтік реттеуші функциясын беру, және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен су ресурстар бағдарламасын үйлестіру ұсынылады.
Үшінші – институционалдық реформалау. Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны АҚ ретінде жасақталады. Гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құру көзделген.
Төртінші – су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру және қайта жаңғырту. Бұл ретте қолданыстағы республикалық меншіктегі 182, ал коммуналдық меншіктегі 300 гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту кажет. Жаңа 26 гидротехникалық құрылымдарды салу елдің экономикасы үшін қосымша жерүсті су қорларын жинақтауға мүмкіндік береді.
Бесінші – су нарығын құру бойынша озық халықаралық тәжірибені зерттеу. Көптеген мемлекеттер сумен жабдықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуды қаржыландыру сияқты бірқатар мәселелерді су нарығының тетіктерін енгізу арқылы шешіп отыр. Мысалы, Австралия, Франция сынды мемлекеттерде бұл тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Осы тәжірибені қолдану бізге де мүмкін болып отыр.
Алтыншы – цифрландыру, «Smart Water» жобасы, суды үнемдеу. Су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасы мен автоматтандырылған геоақпараттық жүйені енгізу арқылы біз суды үнемдеу саясатын жүргізіп, пайдалану шығындарын төмендетіп және тұтынылатын судың сапасы мен мөлшерін нақты есептей аламыз«, – деді ол.
Жетінші бағыт – су ресурстарын экологиялық тұрғыдан оңтайлы пайдалану. Бұл үшін заманауи технологиялар негізінде суды үнемдеудің жан-жақты саясатын енгізу, су мәселесіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы мен хабардар болуы, тасқын суды басқару жүйесін құру секілді қадамдар жасалуы қажет. Сегізінші бағыт – су саласының мамандарын даярлау және ғылыми тәжірибиені сүйемелдеу. Осы бағыт бойынша еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру стандарттарын қайта қарауды, су секторының мамандарын даярлайтын профильді жоғары оқу орнын құру, әлемнің озық оқу орындарына халықаралық гранттар бөлу, ғылым жағынан қамтамасыз ету ұсынылады.
Тоғызыншы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Су саласындағы инфрақұрылымның инвестициалық тартымдылығын арттыру, су шаруашылығы нысандарын салу, қайта жаңғырту және жетілдіру жұмысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жан-жақты енгізу керек.
Оныншы – еліміздегі су тапшылығы бар аумақтарға басқа өңірлерден суды тарту үшін ұлттық маңызды су жобаларын іске асыру мүмкіндігін зерттеу қажет», – деген бағдарлама туралы айтқан экс-министр.
Содан соң, Сенат депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі «Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын әзірлеу басталғанын мәлім етті.
«Жалпы Парламенттік тыңдаудың ұсынымдарымен Үкімет еліміздің су қауіпсіздігін сақтау бойынша қойылған міндеттерге байланысты жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мембағдарлама) жобасын әзірлеу басталды. Елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудің негізгі жолдарынан басқа мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс аясында «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» заңды әзірлеу қажеттігі қаралатын болады. Оны реттеу мәні гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне барлық қатысушылардың функцияларын және олардың жауапкершілік шараларын нақты ажырату болуы мүмкін», – деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Су кодексінің 13-бабының 4-тармақшасына сәйкес, бұлақтар жер асты су нысандарына жатқызылған. Бұл олардың құрылысы мен қалыптасуының ерекшеліктерімен байланысты. Бұлақтар жер қойнауындағы атмосфералық судың есебінен құрылады. Сондықтан олардың сандық және сапалық сипаттамаларын анықтау үшін гидрологиялық зерттеу жүргізу қажет.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2019-2021 жылдары іске асыру мерзімімен су ресурстарының аудиті бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Осы жұмыс аясында көшпелі далалық зерттеулер жүргізужоспарланған. Олардың қорытындысы бойынша өзендер, оның ішінде олардың қалыптасу аймағындағы бұлақтарға қатысты ақпараттың айтарлықтай көлемін жинау және жүйелендіру жоспарлануда. Бұдан әрі жиналған ақпаратты өңдегеннен кейін нақты су нысандары, оның ішінде бұлақтар бойынша қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде шешімдер қабылданады. Сондай-ақ олардың қорытындысы бойынша қажетті заңнамалық реттеу мүмкіндігі қаралады», – деді ол.
Ал, 2020 жылдың соңында ғалымдардың елдегі 17,9 млн гектар алқаптың топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізгендігі және еліміздегі егіс алқаптарының 1 пайызында ғана қарашірік мөлшері жоғары екендігі айтылды. Бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық агрохимиялық қызмет» ғылыми-әдістемелік орталығы осындай қорытындыға келген екен. Айта кетсек, 17,9 млн. гектар алқап – елдегі жалпы егіс алқабының 69,3 пайызына тең екен. Сәйкесінше, осыншама алқаптың 76 пайызында қарашірік мөлшері төмен екені анықталған көрінеді. Әсіресе суармалы егіншілікке қолайлы саналатын оңтүстік өңірлерде қарашірік аз болып шыққан. Ал гумус мөлшері орташа алқаптардың үлесі –23 пайыз ғана болған.
«Совет заманында жер түгелдей мемлекеттің меншігінде болғандықтан, егіс алқаптарын эррозиядан сақтауға да мемлекет жауапты болатын. Тек жоспарлы түрде тыңайтқыш сеуіп қана қоймай, әр облыс пен ауданның, ауыл мен кеңшардың егіс рационын бақылауда ұстайтын. Ал қазір шаруа қожалықтары мен ірі жер иелері де бизнес өкілі болғандықтан, аумақтық инспекциялар мен агрономдар диқанның ішкі шаруасына бұрынғыдай килігіп, айтқанымен жүргізе алмайды. Сондықтан жерді тиімді пайдалану жөнінде кеңес беріп, насихат айтумен ғана шектеледі. Есесіне жерін күтіп ұстайтын шаруаларды қаржылай ынталандыру жүйесі бар. Қазіргі уақытта танаптардың өнімділік деңгейін арттыру мақсатында мемлекет минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялап отыр. Субсидия мөлшері тыңайтқыштардың шыққан еліне қарамастан нарықтағы ең төменгі бағасының жартысына тең. Тыңайтқышқа берілетін субсидиялар сомасы жыл сайын ұлғаюда. 2019 жылы ғылыми қажеттіліктің 18%-і енгізілді. Тыңайтылған алқап жалпы егіс алқабының 25-30%-ін құрайды», – деді Агротехнологиялар мен аргрохимия басқармасының мамандары бұл жағдайға байланысты.
Сондай-ақ, мамандар аграрлық салада алға озып кеткен елдер бұл тұста дәстүрлі дақылдардың орнын рапс, соя сияқты шығынын еселеп ақтайтын дақылдармен алмастыру тенденциясы біртіндеп бізге де еніп жатқанын жеткізді. Бұл тұрғыда бірыңғай бидай ғана егілетін телімдер мен күріш, мақта сияқты суды көп шығындайтын дақылдардың алқаптарын қысқартып, егістікті әртараптандыруға күш салынған. Тиісінше, ол үшін көкөніс-бақша, жемшөп, майлы дақылдардың алқабы кеңейтілген.
Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер аясында біздің даламыздың бір шетіндегі топырағы екінші шетіндегі топырақтан мүлде өзгеше екені дәлелденген. Бұл рейтингтен солтүстік өңірлердегі диқандар топырақтың құнарына сенсе, оңтүстік өңірлер суға сенетінін көруге болады. Топырақ құнарын сақтау үшін ұдайы субсидия бөлініп отырса, суармалы алқаптардың әлеуетін барынша пайдалану үшін мемлекеттік бағадарламалар қолға алынып келеді. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 610 мың гектар алқапта суару жүйелерін қалпына келтіру көзделген. Осы меже бойынша 2017-2019 жылдары 146 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген екен. Сурамалы егіске жарамды жердің қалған бөлігі су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдараламасы аясында игерілуі тиіс.
Сонымен қатар, бірер жыл бұрын Қазақстанның банктері ауылшаруашылық жобаларын қаржыландыруға құлықсыз екендігі жиі сөз болатын. Десе де, Отандық банктердің кежегесі кейін тартқанмен, халықаралық қаржы институттары сурмалы жерге салынған әр доллар ертең еселеп қайтатынын жақсы түсінетін. Мәселен, бұл тұрғыда Ислам даму банкі Түркістан және Алматы облыстарындағы 136,4 мың гектар жерде суармалы жүйелерді қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар арасында 48,3 млрд. теңге бөлуге уағдаласқан болатын.
Содан соң, Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыбы қаралып, бұл салаға жауапты ведомстволар негізгі мәселелер мен алдағы жоспарларға қатысты егжей-тегжейлі мәлімет берді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі соңғы жылдары өзен ағынының нақты ресурстары жылына 90-100 текше шақырымды құрағанын жеткізді. Оның 51-ге жуық текше шақырымы – жергілікті ағын, ал қалғаны Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Сол кездегі мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97 пайызы оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі болған.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-Министр Қазақстанда су тұтынудың 65 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі екенін айтып: «Агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Елдегі жер бетіндегі судың жартысына жуығы (44,9 км³) көршілес елдер аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген. Биылғы желтоқсан айында Жайық және Ертіс өзендері экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау шаралары да көзделген», – деді.
Сол себепті, суды тиімді пайдаланудың маңызды мәселелері қарастырылған. Бұл ретте Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленген. Құжат су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыруды көздейді. Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Осы орайда Үкімет басшысы өзен суларын үнемді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Тапсырмаға сәйкес, әкімдер гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Магистральдық арналарға қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізуді және суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, Түркістан облысында іске асырылған магистральдық арнаны цифрландыру бойынша қанатқақты жобаны су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына тарату керек болады. Сумен қамтамасыз етілудің төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету керек.
«Сонымен қатар, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш, жоспардан артық егілген. Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс. Ауыл шаруашылығы, Экология, Сауда министрліктері ішкі қажеттіліктер мен егіс алаңының құрылымын әртараптандыру бойынша міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасына енгізілуі керек. Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес алдағы 20-30 жылда Орталық Азия елдерінде су тапшылығы өседі. Сондықтан су ресурстарын барлық мемлекеттердің мүдделерін ескеріп, тиімді пайдалану мәселесінің маңызы артып отыр. Осыған орай Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көрші мемлекеттердің салалық ведомстволарымен шекарааралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын. Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктері әкімдіктермен бірге су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, сонымен қатар су үнемдеу технологиялары мен суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу бойынша жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырсын», – деген Премьер-Министр.
Ал, 2021 жылы Мәжілістің жалпы отырысында сол кездегі депутат Зүлфия Сүлейменова су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Үкімет басшысының атына сауал жолдап: «Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – елдің ұлттық қауіпсіздігінің стратегиялық міндеті. Мұны Мемлекет басшысы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өтті. Осы салада қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елдегі су проблемасы жыл сайын күрделене түсуде. Өзендердің ағысы қысқаруы және көлдердің құрғауы, тұщы судың ұзақ мерзімді қорлары – мұздықтар мен тоңның еруі, жер асты бассейндердің қарқынды ластануы байқалады. Бұл мәселелер су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобамен қамтылуға тиіс екені сөзсіз», – деген еді.
Осы орайда ол өзінің жүйелі шешімін таппаған сектордың негізгі проблемаларына тоқталды. «Біріншіден, су ресурстарын басқарудың мемлекеттік жүйесінің бытыраңқылығы мен фрагментациялануы сақталуда. Бүгінде су мәселесімен 8 министрлік, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялары айналысады. Осылайша, су саясатын жүзеге асыруға 172 құрылымдық бөлімше мен ұйым тартылған. Бұл ретте оны үйлестіру жоқ. Суды басқарудың қалыптасқан күрделі жүйесі мемлекеттік аппаратты проблемалардың себептерін шешуге емес, салдарларын жоюға назар аударуға мәжбүр етеді. Мұндай жағдай азық-түлік қауіпсіздігінің төмендеуіне, жанжалдарға және халықтың көші-қонына әкелуі мүмкін. Екіншіден, бүгінде салада су мамандарының тапшылығы байқалуда. Мысалы, депутаттармен трансшекаралық су бөлу мәселелері бойынша шектес мемлекеттермен келіссөз позициямызды нығайту туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Алайда, мәселе су дипломатиясы саласындағы келіссөз жүргізуші мамандардың тапшылығына тіреліп отыр. Білім мен тәжірибе жинақталған бірнеше ғылыми институттар материалдық-техникалық қамтамасыз етудің проблемаларын бастан кешіруде. Мәселен, су саласындағы жабық сипаттағы жобаларды жүзеге асыратын және Қытаймен су жөніндегі келіссөздерді сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін жалғыз География және су қауіпсіздігі институты бірнеше жылдан бері өзінің жеке ғимараты мәселесін шеше алмай келеді», – деді Зүлфия Сүлейменова. Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда баяндалғанның негізінде саланың өзекті мәселелерін дайындалып жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында шешуді қарастыру маңызды.
Сондай-ақ, сол жылы Роман Скляр Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобада су қорын қорғау жөніндегі іс-шаралар ретінде өздігінен ағып жатқан иесіз гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөніндегі жұмыстарды көздеу жоспарланғанын айтып, ұлттық жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 66 193,0 мың теңгеге 151 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 2021 жылға қосымша бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, аталған шығыстар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапқан. Осылайша, 2021-2025 жылдар кезеңінде жер асты суларының табиғи ресурстарының ысырабын, жер қойнауы мен қоршаған ортаның ластануын болдырмау мақсатында 600-ден астам иесіз, өздігінен төгілетін, жоғары дебитті ұңғымалар мен радионуклидтері жоғары ұңғымаларды жою жоспарланған.
Сонымен бірге, 2022 жылы Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбағанын мәлім етіп: «Қазіргі уақытта жаңа Су кодексін әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Онда елдің су ресурстары әлеуетін сақтау үшін оны ластанудан және сарқылудан қорғау негізгі нормалармен айқындалатын болады. Бұл ретте жаңа кодексте су ресурстарын, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды басқаруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты құқықтық қатынастарды жеке нормативтік-құқықтық актіге бөліп шектеу жоспарлануда», – деді.
Одан бөлек, Үкімет басшысы айтқандай, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар пакеті әзірленген. Оған трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер процесінде Қазақстанның позициясын күшейту, уәкілетті органның, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері кіреді. «Қазіргі уақытта оны Үкімет пен Президент Әкімшілігі қарайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбағанын атап өтеміз», – деді ол туралы Әлихан Смайылов.
Ал, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтып, бұл жоспар жүзеге асырылды. Бұл туралы ел Президенті: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған», – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты. «Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ендігі кезекте, бүкіл ел бұл министрліктен мардымды істер күтіп отыр. Өз кезегінде, Жаңа ведомство сәтті қадамдар жасап, бүкіл халықтың көңілінен шығады деп үміттенеміз.
Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасады. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
«Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» және «ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасы салынып, жылына 31 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды. Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалары мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.
– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ, әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын-ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей етіп жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Амангелдіұлы жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.
Жиында су нысандарының құрылысы бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің есептері тыңдалды.
Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде.
Олар – «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы. Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан- жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі пайда болды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан, қала аумақтарындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі су ресурсын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ», — деп біздің көршілес елдердің өзендеріне тәуелді екенімізді жасырмай айтты. Мәселен, Оңтүстік өңірлер түгелдей Қырғызстаннан келетін ағын суға тәуелді болып отырмыз. Биылғы жылы Жамбыл облысының қызылшашылары Қырғызстандағы судың аздығынан өте қатты қиындық көрді. Бұған Түркістан облысының диқандарын да қосуға болады. Қазіргі таңда Мақтарал, Шардара, Жетісай аудандарының диқандары да Өзбекстанның суына тәуелді. Сондықтан, біз алдағы жылдары көршілеріміздің қас-қабағына қарамастан өзіміздің ішкі ресурстарымызды барынша тиімді пайдалануды жүзеге асыруымыз керек.
«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 15 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», — дейді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл шаруашылық егістік жері көлемін ұлғайту мақсатында Түркістан облысы аумағында тоғыз су қоймасын салу жоспарланып отыр. «Қазсушар» РМК-ның ТФ Түркістан өндірістік бөлімшесінің қарауындағы «Сасық бұлақ», «Шерт», «Ақтөбе» су қоймаларының мүмкіндігін сараптаудан өткіздік. «Сасық бұлақ» су қоймасының салынғанына сексен жылдан асқан екен. «Сасық бұлақ» су қоймасы 1942-ші жылы пайдалануға берілген. Жер көлемі-120 гектар, сыйымдылығы-4.36 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі-4,21 млн.м³ болса, су қоймада қалатын су көлемі-0,149 млн.м³ құрап отыр. Ол жалпы көлемі 913 гектар жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 370 гектар болса, шартты түрде суармалы болып саналатыны 543 гектар. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер электр және қол күшімен ашылып-жабылады. «Сасық бұлақ» су қоймасында тәулік бойы күзет қызметкерлері арқылы қадағалануда. Стратегиялық нысан болғандықтан бейне бақылау енгізілген, дабыл қаққыш қондырғысы орнатылған. Қойма байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Су қоймасының төменгі жағында Үлгілі елді мекені орналасқан. «Сасық бұлақ» су қоймасына 2014 жылы 307,112 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Шерт» су қоймасының ғасырлық ғұмыры бар деуге болады. «Шерт» су қоймасы 1927-ші жылы құрылып, пайдалануға берілген. Көлемі-95 гектар, сыйымдылығы-2.30 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі-2,29 млн.м³ болса, су қоймада қалатын су көлемі-0,008 млн.м³ құрайды. Су қашыртқысы бар, су шығару қабілеті-5,0 м³/сек. 620 гектар жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 146 гектар болса, шартты түрде суармалы болып саналатыны 474 гектар. Су қоймасы байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер электр және қол күшімен ашылып-жабылады.
Қазіргі таңда Түркістан өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері арқылы су қоймасы кезекшілікпен күзетіледі. Бейне бақылау енгізілген. Су қойманың төменгі жағында елді мекен жоқ. Шерт су қоймасына 2014 жылы 272,130 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе су қоймасы 1988-ші жылы пайдалануға берілген, жер көлемі — 130 га, сыйымдылығы — 6,11 млн.м³. Пайдаланатын су көлемі — 5,87 млн.м³, су қоймада қалатын су көлемі — 0,23 млн.м³, 880 га жерді суаруға арналған. Оның ішінде тұрақты суарылатыны 235 га, шартты түрде суармалы болып саналатыны 645 гектар. Су қоймасы байланыс және электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Су қоймада дабыл қаққыш қондырғысы орнатылған. Бас құрылымынан су босатылатын шлюздер қол күшімен ашылып-жабылады. Түркістан өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері арқылы кезекшілікпен күзетіледі. Су қойманың төменгі жағында Абай елді мекені орналасқан. Ақтөбе су қоймасына 2009-2010-шы жылдары Республикалық бюджеттен 169 миллион теңгеге қойманың астынан шығып жатқан ыза суды (фильтрация) азайту үшін, су қойманың алдыңғы жағалауындағы төменгі ұлтанына 8-10 метр тереңдікте саз топырақ төселіп және су қашыртқысына қайта қалпына келтіру жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, қазіргі таңға су қоймадан шығатын ыза су (фильтрация) азаймай тұр. Жөндеуден кейін ыза су азайып, қазір қайта көбеюде. Мұны су мамандарымен ақылдаса отырып, су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі байқалып тұр. Мемлекет басшысының «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», — деуінің өзі бұл саладағы тәртіпсіздіктердің белең алып отырғандығын көрсетеді.
Қазақта «Тарта жесең тай қалады» деген тәмсіл бар. Өзіміздегі көктемгі тасқын кезіндегі қанша ағын сулар далаға кетіп жатыр. Оның сыртында жер асты суларын барынша тиімді пайдаланудың озық технологиялары өндіріске енгізілмеген. Қазіргі таңда дамыған елдердің барлығы да сапалы ауыз суды пайдалануды барынша реттеп, тарифтік ақысын жоғары қойып отыр. Еліміздің көп өңірлерінде су өлшегіш құралдары санда бар да, сапада жоқ. Себебі, арзанқол су есептегіш құралдары тез істен шығады. Су саласындағы күрделеніп кеткен ахуалды жедел қалпына келтіру мақсатында Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігін құрып, ол іске кірісіп те кетті.
Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК-ның ТФ Түркістан өндірістік бөлімшесі Ескі Иқан ауыл округіндегі «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының 2-кезеңі аясында енген ішкі суландыру жүйесінің 18- канал және 190- 3-4-ші санаттағы каналдар,18 коллектор желісі,72 тік дренажды ұнғымаларды бүгінгі таңда Бүкіләлемдік даму банкісінің қаржыландыруы есебінен Ариана ЖШС Иран мемлекетінің құрылыс фирмасы бетондау,техникалық тазалау,ТДҰ-ларын бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол арқылы ішкі суландыру жүйелері жаңа технологиялық үдеріске көшіріліп, су өлшеуіш құрал-жабдықтар орнатылып, суды барынша үнемді пайдалануға қол жеткізе аламыз.
«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.
Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын, — деп түйіндеді Президент.
Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовті қабылдады. Кездесу барысында Президент су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Орталық Азия елдерімен өзара іс-әрекетті жолға қою маңызды екенін атап өтті. Министрлікке су шаруашылығы инфрақұрылымдарын кең көлемде жаңғырту, суды есептеу және бөлу жүйесін цифрландыру міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімсіз пайдалануға және гидротехникалық нысандар-дың әбден тозуына қатысты мәселе-лерді шешу үшін жаңа Су кодексін уақтылы қабылдау қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру және министрлікке қарасты ұйымдарды трансформациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Мемлекет басшысының елімізді сапалы ауыз сумен және диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету жөніндегі салиқалы саясаты мен батыл қадамдары сала мамандары мен егіншілердің екінші тынысын ашуға ықпал етіп, жаңа істерге серпін береді.
Суды ысырап етпей пайдалану – егін шаруашылығындағы басты ұстаным болу керек. Қазір, тек жекелеген елдер ғана емес, әлем құрғақшылықтан зардап шегу қарсаңында тұр. Су – өмір, су болса жер болады, жер болса ел болады. Сондықтан, суды үнемдеу тарифін енгізудің уақыты келіп-ақ қалған. Қазір ауыл шаруашылығындағы ағын су тапшылығынжою үшін Үкіметтік және жергілікті деңгейде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы істің бірі ретінде ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстары, «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен арнайы барып танысқанын айтуға болады.
Жалпы, ағын суды ысырап етуге жол бермеу және су беру тәртібін реттеп отыру үшін, Түркістан облысында алғаш рет тариф бектілді. Талапқа сәйкес, 1000 метр куб ағын су үшін 328,6 теңг төлеу керек. Судың да сұрауы бар деген осы болса керек, әйтпесе, тегін келіп жатқан суды үнемдеу қиын, ал, арнайы ақша шығындаған соң, шаруалар де ағын суды тек қажеттілікке сәйкес пайдаланады.
Қазір құрылғанына көп өте қоймаған Түркістан облысының даму бағыты көпшіліктің көз алдында деуге болады. Су жүйесін реттеу мақсатында бірнеше су қоймасы мен магистралды каналдары республикалық меншіктен облыстық меншікке өтті. Бұған дейін де 6 су қоймасы облысқа өтсе, соған жалғас былтыр Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдарынан су алатын аудандардағы 751 шақырымдық 161 канал облыстық меншікке өтті. Бұдан бөлек, облыстың 2024 жылға дейінгі даму жоспары бойынша Түркістан өңіріне қосымша 200 млн.м3 ағын су жеткізілмек. Бұл қалай іске асады?
Ең алдымен Түркістан магистралды каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл күрделі жөндеуден кейін 60 миллион метр куб су үнемделеді деп күтілуде. «Кеңсай – осқорған – 2» су қоймасы жобасы арқасында 34 млн метр куб ағын су келеді. Сонымен қатат, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша салынған бөгет 34 шақырымға ұзартылып, бөгетте қазір 250 млн метр куб су жинақталып тұр. Осының арқасында, облыстың экологиялық жағдайы да жақсара түседі деген сенім бар. Қазірдің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болғанын байқалады.
«Кешенді жоспарға сәйкес, «Түркістан магистралды каналының» құрылысын ағымдағы жылы аяқтау үшін, Республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажет. «Арыс-Түркістан магистральдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы құрылысының алғашқы кезеңін бастауға Республикалық бюджеттен 2021 жылға қосымша қаржы бөлуді ұсынамыз. Ағын су шығынын азайту және маусымдық суару кезеңінде қосымша су жеткізу мақсатында, жаңадан Бөген өзенінің бойынан «Сарқырама» су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба толық іске асқан жағдайда, вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн метр куб су тасталатын болады», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.
Облыстық әкімдік берген есепке сүйенсек, соңғы екі жыл ішінде 243 шақырымды құрайтын 61 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті және 42 дана тік ұңғымалар қалпына келтірілген. Осы жұмыстардың арқасында 44,3 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Каналдардың жөнделуі арақсында 53 млн метр куб су үнемделіпті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, мәселен биыл 361 шақырым су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын өндіруші, жеткізуші кәсіпорындар басшыларымен, тауар өндірушілермен кездесті. Олардың заманауи технологияларды ендіру бойынша ұсыныстарын тыңдады.
Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан өңірінде жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну. Оған мемлекеттің субсидиясы қарастырылған. Озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрған диқандарға да қолдау бар. Заманауи қондырғылар АҚШ, Израиль, Еуропа, Қытай, БАӘ мен Қытай елдерінде жасалады. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіп-орындарды ашу жөніндегі жобалар жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 960 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыттың 1-кезеңі іске қосылды.
Сонымен қатар «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 млрд. теңгені құрайтын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесін 80 пайызға ұлғайту негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба дайын.
Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару әдісі – халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізіп отыр. Оның заманауи түрлерін ұялы телефонға жүктеп алып, үйде отырып та басқаруға болады.
– Біз, облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытты қолдауға барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану – маңызды міндеттің бірі. Алғашқы кезекте біз суармалы алқаптарды қамтамасыз етуіміз керек. Аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сондай-ақ, бұл жұмыстардың барысында отандық өндірушілерге басымдық беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі тиісті мамандарңа су үнемдеу технологияларын ендіру жобаларына қажетті жеңілдетілген несие, субсидия көлемдерін есептеп облыстық, республикалық бюджетке ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын су үнемдеу технологияларына бағдарлауды пысықтауды жүктеді. Ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Түркістан облысында көптеген шаруа қожалықтары осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп. Атап айтқанда, тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды және мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді.
Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және малазықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 га аумаққа құны 32 млрд. теңгені құрайтын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда.
Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың га тамшылатып, 10,3 мың га жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайғалы отырған машина стансасының тиімді тұстары көп. Ол техникалық қызмет көрсетуде қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әрі қауіпсіз. Энергия көзі ретінде дизель генераторы қолданылады. Ең бастысы, экономикалық жағынан тиімді. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады.