Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасына сәйкес, жастардың санасына отансүйгіштік сезімді сіңіре отырып, оларды идеологиялық бағытта тәрбиелеу бойынша жұмыстар атқару қолға алынған болатын. Анығын айтқанда, жеткіншектерді еліміздің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеуге, патриоттыққа баулуға басымдық берілді. Сондықтан ауыл округтердегі барлық мәдениет ошақтарында, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда отансүйгіштік мазмұндағы киноларды көрсету күн тәртібіне қойылды. Осыған орай, 25 қазан – «Республика күні» қарсаңында, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қарабұлақ ауылындағы мәдениет үйінде отандық танымдық кинофильм жұртшылыққа жол тартты.
Ұстаздар қауымы мен оқушылар және ауыл тұрғындарының назарына ұсынылған киноның мән-мазмұны айтарлықтай маңызға ие екені анық. Қысқаша түйініне тоқталсақ, жас буынды ата-анаға, ұстазға, Отанға, туған елге, жерге құрмет көрсетуге жетелейтін түрлі тақырыптар қамтылды. Олардың бойына отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталды.
Бұдан бөлек, танымдық кинофильмде бүгінгі таңда қоғам қасіретіне айналған нашақорлық, сыбайлас жемқорлық, оқушылар арасындағы ойынқұмарлық секілді көкейкесті мәселелер де кеңінен көрініс тапты.
Айта кетейік, бұл бағыттағы кинотуындыларды тұрғындарға көрсету жұмыстары қазан айының 14-18 күндері аралығында басқа ауылдық округтерде де жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 15 наурызында өткен Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деп айтып өткен болатын.
«Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның (құндылықтардың – ред.) бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек», – деді Президент.
Ал «Адал азамат» деген кім? «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді Президент. Маңызды идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттар, бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. «Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұтас түркінің темірқазығы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының “…Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады” деген жақсы сөзі менің жадымда жатталып қалыпты. Әрине, “Адал азамат” ұғымы қазақта бұрыннан бар, бірақ Президент оны қайта жаңғыртып, өлшемін дөп басып сипаттап, тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. “Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай “Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі” деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды”,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Сол арқылы Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Президент бұл сөзі арқылы ұлттық білім беру саласына жаңа міндет қойып отыр. Білім беру жүйесі бүгін өзгеріс үстінде. Егер кеше мектеп бітіруші түлектерге қажеттілік, олардың дайындық сапасын анықтаушы мемлекет тарапынан болса, бүгін олардың білім сапасына, жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарға деген сұраныс ата-ана, кәсіби қоғам, әлеуметтік орта, мемлекет тарапынан айқындалып отыр. Бірақ ешкім біздің мектеп бітіруші түлектерге ертең өмір және еңбек жолында қандай талап қойылатынын анықтай алмайды. Сондықтан мектеп бітіруші түлектеріміз өмір белестеріне көтеріле білу үшін, өмір соқпақтарынан өз жолын таба алуы үшін мектептен алған білімі мен біліктілігін, дағдысын әр түрлі тәсілдермен, әр түрлі жағдайларда пайдалана білуі қажет. Бұрын адам белгілі бір қызметке немесе нақты бір жұмыс орнына дайындалған болса, бүгінгі азаматтардың ертеңі жаппай белгісіздік. Сондықтан бүгін мектеп жаңа белгісіздік міндеттер алдында деп ойлаймын. Мұның тиімді шешімдері адамның өзіндік қабілетін, өзіндік ресурстарын, мүмкіндіктерін пайдалана білуінде. Біз бұған қаншалықты дайынбыз?
Ұлт ұлттық мектепте қалыптасады десек, онда оның бүгіні мен ертеңін сөз қылмас үшін кешегі жай-күйіне тоқтала кеткенді орынды деп есептеймін. Қазақ мектебінің ғасырдан астам тарихы бар десек, оның 70 жылға жуығы қазақ мектебі де, тәуелсіздік алғаннан бергі 33 жылдан астамы ұлттық мектептің үлесінде. Қазақ мектептері кеңестік білім беру жүйесінің негізінде жұмыс жасады. Оқу-әдістемелік материалдар балаларға білім мен тәрбие беруде психологиялық-педагогикалық мақсаттарға жетуге бағытталды. Олар өзара байланысқан, бірыңғайланған, дәстүрлі баспа, электрондық оқу және әдістемелік материалдар жиынтығымен жүргізілді. Оқу-әдістемелік материалдар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделді. Соған сәйкес ғылыми-тәжірибелік тұрғыда жүйелі материалдардан құралды. Оқушылардың білім, дағды, шеберліктерін шығармашыл және белсенді түрде қалыптастыруды қамтамасыз ететін. Сондай-ақ оқу процесінің тәжірибелік әдіснамасын әзірлеу мұғалімдердің қарауына берілді. Ұстаздар қауымы бұл міндеттерді абыроймен орындады. Олардың әзірлеген оқу-әдістемелік құралдары мазмұны жүйелі, ойға қонымды, берер нәтижесі жоғары болды. Материалдар көркем безендірумен, ақпараттың толықтығымен, жоғары сапасымен, көрнекілігімен ерекшеленді. Оқушының оқу әрекеті олардың жаңа білім, білік пен дағдыны меңгеруге немесе ескіні өзгерту процесіне, қойылған оқу міндеттерін шешуге бағытталады. Оқу әрекетін үздіксіз орындау оның субъектілерінде, теориялық ойлау мен сананың қарқынды дамуына мүмкіндік туғызды. Оқу әрекетін кез келген басқа әрекет түрлері (ойын, еңбек т.б) құрамында кездесетін оқу, меңгеру процестерімен теңдестіруге келмейді. Өйткені ол саналы түрде білім мен әрекет тәсілдерін меңгеруге бағытталған, әрі екі жақты әлеуметтік қызмет атқарды. Бір жағынан адамның психикалық дамуының құралымен шарты бола отырып, оның білімді меңгеруін,сонымен бірге арнайы қабілеттерінің дамуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан – жеткіншек ұрпақтың қоғамдық қатынастар жүйесіне енуінің негізгі құралының бірі болды. Мектеп бітіруші түлектердің сапасы өте жоғары болды, соның арқасында болашақтағы мақсаттарын айқындауда саналылық танытты.
Мектептегі оқу-тәрбие процесінің негізгі бағыттарының бірі– оқушыларды еңбекке баулу және оларға берілетін еңбек тәрбиесі болатын. Бастауыш сыныптардағы қол еңбегі кабинетіндегі ұлдар қатты қағазбен және металмен жұмыс жасаса, қыздар қызмет көрсету сыныбында тігін машиналарымен, матамен, яғни ісмерлікпен айналысып, еңбек адамдарына тән еңбекқорлық, іскерлік, әділдік, кішіпейілділік сияқты ізгі қасиеттерді бойларына сіңіретін. Жоғары сыныптарда ауыл шаруашылығы машиналарымен танысып, мектептің “автодром”, “трактородромдарында” практикалық сабақтар өткізетін еді. Қызығушылық артып, механизатор мамандығының алғашқы дағдыларын игеретін.
Патриоттық тәрбиенің негізі жоғары сыныптардағы алғашқы әскери даярлық пәнінде қалыптасты. Мектепте арнайы кабинет бөлініп жабдықталса, аулада саптық дайындықтан өтудің барлық талаптарына сай келетін алаңдар жабдықталды. Сабаққа оқушылар арнайы киіммен қатысып, бағдарламалық материалдарды танып-білуге үлкен қызығушылық танытты. Білім берудің негізгі құралы – оқулық. Оқулық теориясы педагогиканың, психологияның, базалық ғылымның, өнердің, кітаптанудың тоғысында дамуда. Қызметтері:
ақпараттық және өзгертушілік (қолжетімділік принципі негізінде әлеуметтік тәжірибенің негіздерін беру);
жүйелеушілік (оқу материалын баяндаудың логикалық және дидактикалық жүйелілігін қамсыздандыру);
бекіту мен өзін-өзі бақылау;
өз бетімен білім алу;
бірігушілік (әр түрлі дереккөздердің үзік ақпараттарын біріктіру);
тәрбиелеушілік және дамытушылық;
үйлестірушілік (барлық басқа оқу құралдарын оқулық айналасына біріктіру, олардың өзара әрекеттестігі);
оқытуды даралау мен саралау.
Оқулық оқу процесінің талаптарына және нақты пәннің бекітілген бағдарламасының мазмұнына жауап беруі керек. Оқулық:
құрылымымен (курстың бағдарламасына сәйкес онда бөлімдер,тақырыптар, параграфтарға бөлінеді); білім көлемімен (оқулықта фактілердің бейнелену, ұғымдардың, заңдардың, теориялардың мазмұнын анықтаудың толықтығы дәрежесімен); үйренушілерде жалпы оқу және арнайы іскерліктер мен дағдылардың қалыптасу сипатымен (оқулықта жалпы оқу және арнайы іскерліктерді қалыптастыру үшін қажет тапсырмалар жүйесін қарастыруы керек); себеп-салдарлық байланыстарды белгілейтін тапсырмаларымен;
егер ол оқу бағдарламасымен қарастырылған болса, практикалық жұмыстар бейнеленетін тапсырмаларымен; ұғымдарды, заңдарды, теорияларды, бағдарламаның жекелеген сұрақтары мен тұтас бөлімдерін анықтайтын сипатымен (оқулық пән бойынша қабылданған білім тұжырымдамасына, пәнді оқыту әдістемесінің талаптарына сәйкес болуы керек) бағдарламаға сәйкес болуы керек. Сонымен қатар оқулықтың құрылымы, мазмұны, алғы сөз, кіріспе, құрылымдық компоненттеріне қойылатын талаптарға сай келуі тиіс.
Кеңестік дәуірдегі қазақ мектебіндегі оқулықтардың сапасы оған қойылатын жоғарыдағы талаптарға толық сай келетін еді. Қазақ мектептеріндегі тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі білім беру процесінің жайы мен нәтижелілігін өзара салыстырар болсақ, тиімділіктің кеңестік дәуірде жоғары болғанын көреміз. Бұл менің пікірім. Білім сапасын арттырып, жоғары нәтижеге жету үшін:
білім беру стандарттарының халықаралық талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету;
педагог кадрлардың құзырлылығы мен олардың кәсіби даярлығының деңгейін көтеру;
оқулық – дараланған қызметті басқару құралы;
оқу-тәрбие үрдісін технологияландыру;
нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесіне көшу;
өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік, патриоттық, еңбек және эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу керек.
Бүгінгі бәсеке заманындағы білімге келер болсақ, Президенттің “Адал азамат” ұғымы Абайдың “Толық адам” ілімінің стратегиялық жалғасы іспетті. Сондықтан “Толық адам” мен “Адал азамат” идеясын біртұтастықта қарастыру қажет деп санаймын. Өйткені Толық адам дегеніміз – Адал адам, Адал адам дегеніміз – ол Толық адам. Осы ретте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанынан құрылған “Абай академиясын” дер кезінде қолға алынған дұрыс шешім деп есептеймін. “Абайтану” идеясын іске асыру қай кезеңде болмасын ел азаматтарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Оны жүзеге асыру үшін:
ата-анасын қадірлейтін, елін, жерін, Отанын сүйетін перзент тәрбиелеу;
қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын білетін, түсінетін, оны дамытатын ұрпақ қалыптастыру; толерантты, халықтар достығын қастерлейтін, ел бірлігін сақтайтын ұл-қыз өсіру; дені сау, жан дүниесі бай, еңбекқор жасты жетілдіруіміз қажет.
Айта кетерлік, Қызылорда облысы Шиелі ауданында №181 қазақ орта мектебі республикада алғаш рет инновациялық оқу орны болып құрылған болатын. Білім ордасында “Абайтану” курсы жүргізіліп, бастауыш сыныптарда 100 өлеңнен жаттау тапсырылды. Сол оқушылар 6 сыныпқа барғанда ең үздігі 150 өлең жаттап, республикалық “Абай байқаулары” сайысына қатысып, жүлделі орынды иеленді. “Абайтану” курсынан өткен оқушылардың бәрі мектепті үздік бітіріп, 2-і “Алтын белгі” иегері атанып, жоғары оқу орындарын тамамдап, республиканың түкпір-түкпірінде еселеп еңбек етуде.
Мен ардагер-ұстаз ретінде тағы бір ұсынысымды білдіргім келеді. Ол облыс орталықтарындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің орнына Абай атындағы мектептерді ашу, сол арқылы қазақ тілінің мәртебесін әлем тілдері қатарына шығаруға жұмыс жасау керек. Орта білім беруді жақсартамыз десек, Еуропаға емес, керісінше Азия елдерінде тұрақты нәтижеге қол жеткізіп жүрген Қытай, Жапонияның ұлттық білім беру жүйелеріне бағдарлану қажет. Соңғы жылдары жоғары сынып оқушыларының физика-математика пәндеріне қызығушылығы артқанын байқаймыз. Соған сәйкес мамандықтар бойынша кәсіби бағдар ұстану ұлғайды. Осы ретте облыс орталықтарынан Асқар Жұмаділдаев және Темірғали Көкетаев атындағы физика–математика мектептері ашылса жөн болар еді. Әлем таныған ғұлама ғалымдардың әлеуетін пайдаланып, озық ойларын, жаңашыл идеяларын, ғылымдағы жетістіктерін мектеп тәжірибесіне енгізсек, осы бағыттағы білім беру саласы айтарлықтай оң нәтиже көрсетер еді деген ойдамыз. Отаншылдық -бала кезден.