Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылдық кітапханасында Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Өнерге құмар, өлеңге әуес-Бейімбет» атты тақырыпта әдеби кеш болып өтті. Мақсаты: Шығарманы меңгерте отырып, Б.Майлин туралы білімдерін тереңдету. Шығармадағы кейіпкерлерді талдай білуге төселдіру, түйінді ой айта білуге, өзіндік пікір қалыптастыруға жетелеу. Ынтасын, ізденушілік белсенділігін дамыту. Айналадағы адамдарды сыйлай білуге, өзінің пікірімен санаса білуге, шығармашылық ізденіске, елінің адал азаматы болуға тәрбиелеу
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш» – сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты; «Жаңаша оқы және жаз» құралын және Ғабит Мүсіреповпен және А. Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды. Туып-өскен жері — қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айрылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады.Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. 1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» журналдарына жазып тұрады. Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім.Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп, Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды . 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты(1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді. 1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
Бейімбет Майлин поэзия, проза мен драма саласында бірдей өнімді еңбек етті. Жазушы Сәбит Мұқанов та Майлиннің бірнеше шығарманы қатар жаза алатынын ерекше атап өткен. Ол бір драманы жазып жатса, қолы босағанда бастап кеткен романын да жалғастыра беретін. Арасында әңгімелерін жазып тұрды. Өзі істеген газеттерге мақалаларын да басып отырды. Ал поэзиялық шығармаларында жазушы “Мырқымбай” деген кейіпкері арқылы сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Майлиннің “Байдың қызы”, “Рәзия қызы”, “Қашқын келіншек”, “Зайкүл”, “Маржан”, “Өтірікке бәйге”, “Хан күйеуі”, “Кемпірдің ертегісі”, “Бөліс”, “Мырқымбай” поэмалары өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілеріне айналды. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алды.
Бейімбет Майлин – 15-ке тарта повесть, “Азамат Азаматович” атты роман жазған қаламгер. Ал “Қызыл жалау” мен “Қоңсылар” атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. “Амангелді” атты қазақтың алғашқы фильміне сценарий жазғандардың бірі. Бірақ оның аты-жөнін фильмнің титрінен алып тастады. Осыдан 130 жыл бұрын есімі қазақ әдебиеті тарихының алтын беттерінде мәңгілік қалатын жазушы дүниеге келді. Бейімбет Майлин – тек жазушы ғана емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның еңбегін ұрпақтарымызға даналық, өнеге ретінде ұлықтап, қазақ елі үшін жасалған құрбанын бағалайық. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды.