Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркиялық кәсіпкер әрі инвестор Искендер Капланмен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
– Қазақстан, әсіресе, Түркістан облысы үшін Түркия Республикасының орны айрықша. Біз – бауырлас елдерміз. Түрік бауырлар үшін де Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауидің маңызды екенін білеміз. Біз Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер тұрақты жүруде, жобалар жүзеге асуда. Түркиямен де іскерлік байланысты нығайтып, сіздердің өндірістік мүмкіндіктеріңізді, тәжірибелеріңізді қолданғымыз келеді. Инвестициялық бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркістанның өз өнімдерін, өз брендтерін қалыптастыруға күш саламыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жобаны жүзеге асыратын орынды әзірлеп, инфрақұрылымын реттеуді тапсырды.
«Milat Hali» – халықаралық деңгейде танымал ірі компания. Кілем өндірісінде экспорттық әлеуеті жоғары. Компанияның басқарма төрағасы Искендер Каплан Түркістанда жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
– Тарихи Түркістанға келгеніме қуаныштымын. Бұл шаһар мені тартып тұрады. Түркістанның Түркі әлемінде орны ерекше. Біздің компания кілем және кілем бұйымдары өндірісінде халықаралық деңгейде мойындалған. Әлемнің көптеген еліне тауар экспорттаймыз. Түркістанда да заманауи кілем фабрикасын ашуға дайынбыз. Жұмысты тез бастап кетуге ниеттіміз, – деді ол.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің делегациясы Түркия елінде болып, инвесторлармен келіссөздер, меморандумдар жасаған болатын. Келіссөздер жемісін беруде. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.