Шаян ауылындағы спорт кешенінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол-честный путь» эстафеталық марафоны аясында және Бәйдібек ауданының 90 жылдығына байланысты «Бәйдібек барысы» қазақ күресінен 2002-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Турнирге аудан әкімі Б.Танагөзов қатысып, палуандарымызға сәттілік тіледі. Сонымен қатар аудан басшысы ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына тарту ретінде бүгінгі республикалық турнирдің бас жүлдесіне автокөлік тігіп, демеушілік жасап отырған жерлесіміз, спорт жанашыры, Шымкент қалалық қазақ күресі федерациясының президенті, “Асқар тау” шаруа қожалығының төрағасы Кенехан Асқар Оразханұлына туған жерлестері атынан алғысын білдірді.
Келесі сөз сөйлеген турнирдің бас демушісі А.Кенехан спортшыларымызға сәттілік тілеп, аудан әкімінің орынбасары Б.Жанғазиевті және бірқатар азаматтарды Шымкент қалалық «Қазақ күресі» федерациясы қоғамдық бірлестігінің шешімімен қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін «Намыс найзагері» медалімен марапаттады.
Төл күресімізден өткен додаға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикалары және Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстары мен Тараз, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Сайрам, Созақ, Қазығұрт, Шардара, Төлеби, Бәйдібек аудандарынан барлығы 40 палуандар келіп күш сынасқан болатын. 40 палуанның ішінен 80 кг салмақта белдескен Бәйдібектік Қазыбек Рахышов бас жүлде автокөлікті иеленсе, екінші орынды иеленген Бәйдібектік Жарқамырза Шүкірбеков, үшінші орынды иеленген Шымкенттік Бақберген Тұрсын арнайы дипломдармен және медальдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы турнирге қатысқан 40 палуанға қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқан Мұңайтпасұлының суреті бейнеленген «Бал Текстиль» фабрикасының кілемшелері тарту етілді.