Отырар ауданының 150-ге жуық өнерпаздары түркі дүниесінің алтын бесігі – рухани астанаға өнер сәлемімен келді, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Облыс орталығындағы мерекелік шарада отырарлық қолөнер шеберлері төл өнерімізден шеберлік сабақтарын көрсетіп, көрмеге қойылған 200-ден аса туындыларын таныстырды. Оның ішінде суретші Әділхан Мәліктің Отырар жайлы 30 тарихи туындысы мен белгілі гобеленші Бақыт Амангелдиевтің 20-ға жуық жұмыстары, қолөнер шебері Жанұзақ Ерімбетовтің саз балшықтан жасаған құмыралары, ақ жаулықты әжелердің құрақ көрпешелері мен жастықтары сынды түрлі оюлы бұйымдар да бар. Сонымен қатар, ауданның бурасан, апайтөс балуандары күш сынасып, арқан тарту, ләңгі тебу, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырды.
Түркістан аспанын әуелеген әнмен көмкерген концерттік бағдарламаны ҚР мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева «Отырардағы той» әнімен ашса, белгілі әнші-сазгер Берік Сексенбекұлы өз шығармашылығынан «Түркістаным», «Шәуілдір кеші» сынды әндерді орындады.
Дәстүрлі әншілердің ән шеруі, халық аспаптар оркестрінің орындауындағы тамылжыған күйлер, аудан өнерпаздарының әндері мен мың бұралған билері мерекелік кешті жандандырса, түркістандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған мерекелік-сазды бағдарлама жастардың әуезді кешімен жалғасты.