Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Президенті Б.Абдрасилов, «Сырдария» университетінің ректоры С.Дайырбеков, сондай-ақ департамент қызметкерлері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.
Кездесуде сөз алған Департамент басшысы Ғ.Тұрсынбаев еліміздің кемел болашағы жастармен байланысты екенін Елбасы ескеріп, «2019 жыл – Жастар жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етті.
Мемлекеттік қызмет мектебінің мақсаты – мемлекеттік қызметке ең мықты, білімді, білікті, патриоттық сезімі жоғары жастарды тарта отырып, Агенттіктің тарапынан заң аясында қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттік қызметке орналастыруға ықпал жасау.
Университет Президенті Болатбек Серікбайұлы Агенттік тарапынан студенттерді қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, оқу орны тарапынан аталған мектепке ең лайықты студенттер іріктелгенін атап өтті.