Түркістан облысына қарасты Кентау қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Е.Тасполатов 2018 жылдың 10 ай көлемінде атқарған жедел-қызметтік жұмыстары туралы халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өткен жиынға қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев, Түркістан облысы полиция департаменті ӘПБ-нің полиция полковнигі Ғ.Исимов және ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, полиция бөлімінің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары қатысты.
2018 жылдың 10 ай көлемінде Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде орын алған жалпы құқық бұзушылықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға төмендеген.
Жалпы қаладағы криминогенді жағдай қалыпты. Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықты анықтау мақсатында Кентау қалалық полиция бөлімі қызметкерлерімен профилактикалық тұрғыда «Қаңғыбас», «Жасөспірім», «Жол қауіпсіздігі», «Автобус», «Қару», «Соғым», «Пәтер», «Арқан», «Қарақшылық» атты іс-шаралар өткізілген. Нәтижесінде Кентау қаласы және оған қарасты елді мекендерде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 15,3 пайызға азайған.
Байылдыр ауылы бойынша жайылымда жүретін 3 үйір жылқы малына JPS құрылғысы орнатылған. Алдағы уақытта қосымша тағы 1 үйір жылқыға спутник арқылы бақыланбақ.